Жастар саны біраз азаяды
Жастар саны біраз азаяды
217
оқылды

Қазақстанда 2021 жылы бұрын-соңды болмаған антирекорд орнатылмақ: жастардың саны шамамен миллионға азайғалы тұр. Осының салдарынан еңбек нарығына жаңадан қосылатын білікті жұмыс күшінің ағыны да Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі межеге дейін құлдырайды.

Франция императоры, заманауи фран­цуз мемлекетінің негізін қалаушы Наполеон Бонапарттың: «Төл армиясын асырағысы келмейтін халық жуық арада бөтеннің әскерін асырауға мәжбүр бо­ла­ды» деген белгілі нақылына салсақ, ұлт­тық білікті кадрларын даярлап, ілгері­лет­пеген ел жатжұрттық жұмысшыларды асы­рауға мәжбүр болады.

Өзге елдерден жұмыс күшінің қаптап жет­кізілуі қандай залал-зардапқа соқты­ра­тынын бір білсе, қазақ біледі. Басқаны айт­пағанда, ХХ ғасырдағы кеңес өкі­ме­тінің индустрияландыру, тың көтеру жә­не басқа да науқандары барысында Қа­зақстанға негізінен, РСФСР, Украина, Белоруссия, Молда­вия­дан мамандар мен жұмыс­шы­лардың миллиондап әкелуі салдарынан тұрғылықты қазақ ұлты өз жерінде азшылыққа айналды. Егер ХІХ ғасырда, 1897 жылы Қазақстандағы қа­зақ­тардың үлесі 85%-дан асса, 1962 жылы қазақтар республика халқының үштен біріне де жетпей қалды (29%). Соның ке­сірінен мыңжылдықтар бойы елге ұстын болған қазақ тіліне, ұлттық әлеу­мет­тік-мәдени институттарға, ұлы­сы­мыздың бүкіл тіршілік жүйесіне қатер төнді. 700-ден астам мектеп қазақша оқы­туын тоқтатып, толығымен орысшаға кө­шірілді. Қалалардың көбінде жалғыз ға­на қазақ мектебі қалды.

Келімсек жұмысшылардың қаптауы Қа­зақстандағы қылмыс­тық жағдайды на­шарлатты. Мәселен, астанадағы Мем­ле­кеттік архивте сақталған құжат­тарда, атап айтқанда, құқық қорғау органдары­ның «Қылмыс­пен және қоғамдық тәр­тіпті бұзушылармен күрестегі мили­ция органдары жұмысының жай-күйі тура­лы» есептерінде өткен ғасырдың орта­сын­да еліміздегі тың көтеру жүргізілген ау­дандарда адам өлтіру, адам зорлау, қа­рақ­шылық, тонау, ұр­лау секілді ауыр қыл­мыс­тар­дың еселеп саны артқаны ай­тылады.

Сарапшылардың пайым­да­уын­­ша, өз елінде орын таппай, шетелге жұмыс іздеп шығушылар қатарында қолын қыл­мыс­пен арамдап, жазадан қашқандар да аз кездеспейді. Қаны қарайған қаскөйлер өздерінің бет-жүзін ешкім танымайтын ортада жасыруға тырысады. Оның үстіне жергілікті кадрлар орнына мигранттар­дың көбеюі, яғни ұлты мен тілі ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік деңгейі, білімі, мәдениеті, болмыс-менталитеті әртүрлі адам­дардың бір жерде шоғырлануы ақыр соңында әрқилы тосын оқиғалардың, түсінбеушілік пен қақтығыс­тар­дың, дау-жанжалдар мен еңбек шиеленістерінің туын­дауына соқтырады.

– Кейінгі уақытта экономист ғалымдар елдің бәсекеге қабі­леттілігін бағалау кезінде жер, еңбек, капитал секілді дәстүрлі өндіріс факторларын басшы­лыққа алудан аулақтауда. Себебі, ХХІ ғасырда мемлекеттің эко­номикалық әлеуетін және оның жылдам өзгеріп жатқан ахуалға тез бейімделе білу қабілетін адам капиталы, оның сапасы, еңбек ресурстарының белсенділігі, білім беру және кадр даярлау жүйелерінің ұтымдылығы ай­қындайды. Өнеркәсіптік өнді­рістің жаңғыруы, жаңа техно­логиялардың дамуы жұмыс кү­шінің сапасына деген талаптарды да арттырады. Сондықтан озық дамыған елдерде экономикалық белсенді халық құрылымында білікті жұмысшылар үлесі өте жоғары, – дейді белгілі эконо­мист, сарапшы маман Зәуре Чуланова.

Бұл ретте Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау минис­трлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (ЕРДО) сарап­шыларының болжамына жү­гінсек, таяу жылдары Қазақ­стан­ның еңбек нарығына жоғары білімі бар жастардың келуі ең төмен деңгейге дейін құлағалы тұр.

– 2021 жылдан бастап, 2023 жылға дейінгі кезеңде еңбек на­рығына 22 жастағы білікті жұмыс күшінің қосылуы тәуел­сіздік жылдарындағы ең төменгі дең­гейге дейін құлдырайды. Бұған 1997-2002 жылдар аралы­ғында елімізде бала туу көрсет­кішінің аз болуы ықпал етпек. Өйткені 1990 жылдардың со­ңындағы ­қо­лайсыз экономи­калық жағ­дай­ларға байланысты рес­публика хал­қының саны ай­тар­лықтай қыс­қарды. Мә­селен, егер 1992 жыл­дың басын­да Қа­зақ­станда 16 миллион 452 мың адам тұрса, ал 2002 жыл­дың ба­сында елде небары 14 мил­лион 851 мың адам ғана қалды. Бұған эми­грация елеулі әсер етті: 1992-2002 жылдар аралығында рес­публикадан тыс жерлерге ша­мамен 2,8 миллион адам көшіп кетті. Осы жылдары Қазақстанға 747 мыңдай адам ғана шетелден көшіп келген. Тиісінше, сол он­жыл­дықта 2 миллион адамнан аса­­тын көлемде теріс сальдо қа­лып­тасты, – деп хабарлады ЕРДО.

Жергілікті жұмыс күшінің артуына отбасылар санының көбеюі қуатты қолдау болар еді. Өйткені отау құрғандар басым көпшілігінде сәби сүюге ұмты­лады. Алайда Қазақстанда құ­рылған жаңа «шаңырақтардың» күйреуі, ажырасулар санының ұлғаюы сыртында, кейбір жыл­дары жаңа некелер саны да күрт кеміп отырған.

Нақтылай кетсек, мысалға, 1999 жылы некелердің саны ел та­рихындағы минимумға – 85,9 мың рәсімге дейін қыс­қар­ды. Бұл онжылдықтың басына қарағанда екі есе аз: 1991 жылы 165,5 мың қазақстандық некеге отырған.

Мұның сыртында 1998 жыл­ға қарай Қазақстанда бала туу көрсеткіші 1 мың адамға шақ­қанда 15 нәрестеден де аз межеге дейін түсіп кетті және бұл нәубет 2002 жылға дейін сақталды. Са­лыстыру үшін келтірсек, бұл азат­тыққа қол жеткізген 1991 жылғы деңгейден 30%-ға төмен.

Осылайша, жаңа туған нә­рестелердің саны 1991 жылы 353 мыңды құраса, 1998-2002 жылдар аралығында бұл көрсет­кіш 217-227 мың бөбектен ас­пады. Демек, 90-жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиын­дықтар мен күйзелістер от­басыларға, тұтастай алғанда, демографияға соққы болды.

Тәуелсіздік алғалы бергі ке­зеңде Қазақстан бала туу сала­сындағы ең жоғары көрсеткішке тек 2016 жылы қол жеткізді. Сол жылы елімізде алғаш рет 401 мың перзент дүние есігін аш­қан. 2017 жылы АХАТ бө­лім­дері дүние келген 390 262 сә­биді тіркеуге алды. Был­тырғы 2018 жылы қазақстан­дықтар қатары 397 799 бө­бекпен толықты.

2019 жылғы 12 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 235 643 перзент өмірге келген.

Әйткенмен, үш-төрт жылғы өрлеу ұзақ жыл бойы қордалан­ған демографиялық пробле­ма­лар­ды шешіп тастай алмайды. Соның кесірінен мемлекетімізде жастар саны азаюда. Статис­ти­калық ақпаратқа сәйкес, 2013 жы­лы жастарға жататын қазақ­стан­дықтардың орташа жылдық саны 4 миллион 113 мың адамды құрады. Бірақ 2018 жылға қарай бұл сан 3 миллион 612 мың адам­ға дейін немесе 12%-ға қысқарды. Және бұл теріс үрдіс ары қарай өрбіп, антирекордқа жеткізбек.

– Болашақтағы жастар санын болжамдау үшін біз туу мен өлім-жітім 2018 жылғы деңгейде қа­латын жағдайдың моделін жаса­дық. Бұл ретте миграциялық ке­­лу мен кету көлемі бойынша соң­­ғы 5 жылғы орташа мән алын­ды. Осы негізде модельдеу нәти­желері көрсеткендей, 2022 жыл­ға дейін жастар санының ке­муі жалғасып, олар 3 миллион 432 мың адамға дейін қысқара­ды. Содан кейін 2038 жылы 5,1 миллион адамға дейін 15 жыл­дық өсу циклі басталады, – дейді ЕРДО Еңбек ресурстарын бол­жау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Әйткенмен, оның дерегінше, 2023 жылға қарай жастардың саны қалпына келе бастаға­ны­мен, негізгі өсім жасы кіші са­наттар есебінен қамтамасыз етіледі. Ендеше, жұмыс қолы күрт артпайды.

Мәселен, егер 2013 жылы 15-20 жастағылар тобының үле­сі 1 миллион 551 мың адам бол­са, 2018 жылы ол – 1 миллион 348 мың адамға кеміген (жалпы санның 37%-ы). 2023 жылға қа­рай бұл топтағылар 1 миллион 638 мың адамды немесе жас­тар­дың жалпы санының (3 миллион 468 мыңның) 47%-ын құрайды.

Бұл жерде 15-20 жастағы­лар­дың басым көпшілігі мектепте, колледжде, ЖОО-да оқуына және әскерде борышын өтеуіне байланысты жұмыс жасамауы мүмкін екенін ескерген жөн. Олай болса, олардың орны шетел­дік келімсек еңбек­кер-­лер­мен толтыра тұрылуы ықти­мал.

Д.Шумеков техникалық немесе кәсіптік білім алған жағ­дайда жас азаматтардың еңбек нарығына шығуының ең төменгі жасы 18 жасты (7 жаста 1 сы­нып­қа барады + 9 сынып + 2 жыл колледжде), ал орта мектепті жә­не бакалавриат бағдарлама­сын аяқтаған жағдайда – 22 жас­ты (7 жаста 1 сыныпқа барады + 11 сынып + 4 жыл бакалавриат) құрайтынын атап өтті.

– Егер жастардың еңбек на­рығына қосылуын есептеудің осы әдістемесіне сүйенсек, онда 22 жастағы жастар саны бірнеше жылдар бойы үздіксіз қысқар­ғаннан кейін тек 2023 жылға қарай ғана қалпына келе бас­тайды. Мәселен, егер 2013 жы­лы осы санаттағы қазақ­стан­дықтар саны 318,5 мың адамды құраса, 2018 жылы 250 мың адам­ға дейін азайды. Ал 2021-2023 жыл­дары ең төменгі деңгейге жетеді: не­бә­рі 217-218 мыңдай адамды ға­на құрайтын болады. Тек 2026 жыл­ға қарай 22 жастағы аза­мат­тар саны 2013 жылғы көрсеткішке жақындайды, – дейді ЕРДО Еңбек ресурстарын болжау де­пар­таментінің директоры.