Бюджет кірісін қалай арттырамыз?
Бюджет кірісін қалай арттырамыз?
Иә, енді бұрынғыдай бюд­жет­тің кі­ріс бөлігінің 70 пайызын құ­райтын са­лық түсімдеріне иек арта алмаймыз. Се­бебі жыл басынан бері өткен бес айда мем­ле­кеттік бюд­жетімізге түсетін салық 9,7 пайыз­ға азайды. Себебі түрлі са­лықтық жеңіл­діктер жасалды, сәй­кесінше түсім де тө­мендейді. Тө­мендеп те жатыр. Мысалы, кор­­поративті салықтар (-3,3%), қо­сыл­ған құн салығы (-12,4%), мү­лік салығы (-11,8%), кедендік тө­лемдер (-43,1%) мен табиғи және бас­қа ресурстарды пай­­даланғаны үшін түсетін түсімдер (-8,0%) азай­ған. Ал 2019 жылдың бес айын­­да са­лық түсімі 15,9 пайызға өс­кен бо­ла­тын. Осының өзі ой­лан­дыруы керек. Бір қызығы, осы­ған қарамастан, бізді бюд­­­жет­ке түсетін салық азайғанымен, кіріс 11,4 пайызға көбейді деп жұбат­пақ бола­тындар бар. Бұл өсім Ұлт­тық қордан бюджетке берілген трансферттердің 64,1 пайызға ұлғаюымен байланысты екенін біл­­мейді деп ойлай ма екен? Ал Ұлт­тық қордың түпсіз емес екенін әл­гінде айттық.  

Дағдарыста салық мөлшерін өсіру инфляцияны күшейтеді

Бәлкім, бізге бюджет қаржысын жұм­саумен қатар, бюджет кірісін ұлғайтудың басқа да тетігін ойластыру керек шығар? Се­­бебі бюджет кірісін арттырудың клас­си­калық үлгісі (салық түсімдері) корона­дағ­дарыс аяқталғанға дейін тиімді бола қой­майды. Салық көлемін арттыру тура­лы да атай көрмеңіз. Экономистер бұл ұсы­ныс­ты мүлдем қолдамайды. GSB UIB бизнесті талдау орта­лығының сарапшысы Мақсат Халықтың пікірінше, бюджет кірісін ұлғайту үшін салықты кө­теру­дің еш қажеті жоқ. Әсіресе, дағдарыс уа­қытында ешкім олай жасамайды. Экономист Олжас Төлеуов те әріпте­сі­нің пікірін қолдайды. Ол егер корпора­тив­ті салықтар мен ҚҚС түсетін кірістердің тө­мен­деу тенденциясы жалғаса берсе, мем­лекеттік бюджет жыл соңында шама­мен 1,2 трлн теңге жоғалтатынымызды ай­та­ды. «Біздің есептеулерге сәйкес, корпо­ра­тивті салық пен ҚҚС мөлшерлемесін арт­тыру арқылы осындай шығынның орнын тол­тыруға тырысу үшін оларды қазіргі дең­гейден, кем дегенде, 3-5 пайыздық тар­­маққа көбейту керек. Сонымен бірге, мөл­шерлемелердің мұндай күрт және нақ­ты өсуі түпкілікті мақсатқа – барлық салық түсімдерін теңестіруге қол жеткізеді деген бір­жақты тұжырым жоқ. Себебі корпора­тивті салықтар мен ҚҚС Қазақстанның мем­лекеттік бюджетіне түсетін салық тү­сімдерінің жартысын ғана қамтамасыз ете­ді, сондықтан қалған кірістерге қатысты мә­селе сол күйі шешілмей қалады», – дей­ді ол. Оның пікірінше, салық мөлшерле­ме­лерінің көтерілуі инфляцияның өсуіне не­гіз болады, бұл халықтың тұтыну қабіле­тінің сандық және сапалық деңгейіне, қыс­қасы, олардың әл-ауқатына кері әсер етеді. «Қазіргі жағдайда, салық базасы қыс­қар­ған кезде, яғни компанияларда одан да көп салық төлеуге мүмкіндік болмай тұр­ған кезде, салық ставкаларының жоғары­лауы салықтың жиналуына кедергі болады. Сонымен бірге Лаффер қисығы теориясы бойынша, салық ставкасының өсуі эко­но­микалық немесе институционалдық ал­ғы­шарттарды нашарлатып, салық түсім­дері­нің төмендеуіне әкеледі, өйткені эко­но­микалық агенттер көлеңкеге кете бастай­ды, табысын жасыруға мәжбүр болады. Сөздің түйіні салық ставкаларын арттыру экономикамыз үшін зиянды болады», – дейді ол.  

Көлеңкелі экономикада 21 трлн теңге жатыр

Қалай десек те, мемлекеттік бюджетіміз де мұнай бағасына тікелей бағынышты. Мұнай-газ саласындағы компанияларда табыс болмаса, мемлекетке салықты қай­дан төлейді? Бұл тиісінше мемлекеттің кі­ріс бөлігін ойсыратып жібереді. Әрине, Ұлттық экономика министрлігі республикалық бюджетті қайта қарағанда мұнай бағасының баррелін 20 доллар деп есептеді. Ал қазір баға 40 доллардың маңайын­да. Демек, ірі көлемдегі кірістен айырылмасақ та, белгілі бір дәрежеде кірістен айырылатынымыз анық. Оған еліміздің ОПЕК+ келісімі аясында жалпы мұнай өндіру көлемін қысқартып отыруы да әсер етеді. Мұнай өндіру қысқарса, оны сатудан түсетін табыс та, мемлекетке кіре­тін салық та азаяды. bydjet Осындай уақытта мемлекеттік бюджет­тің кірісін қалай арттыруға болады? Мақ­сат Халық бірінші кезекте мемлекеттің тиім­сіз шығындарын тоқтатуға болады дей­ді. Мысалы, концерттер мен форумдар өт­кізуге жоспарланған шығындарды қыс­қар­тып, жеңіл рельсті көлік құрылысы сияқ­ты ірі жобаларды да тоқтата тұруға бо­лады. Президент те бюджет тұрақтылығын қам­тамасыз ету, ең бірінші, тиімсіз шы­ғын­дарды қысқартудан басталуы керегін айтқаны есте. «2021 жылға арналған бюд­жет шығындарын оңтайландыру жұ­мыс­тары басталды. Осы мақсатта 1,6 трлн тең­гені қысқарту жоспарланып отыр», – деді Мемлекет басшысы. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жуырда өткен Үкімет отырысында 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру ке­зінде мемлекеттік органдар мен квази­мемлекеттік сектордың шығыстары оң­тай­ландырылатынын жеткізді. Демек, ма­ғынасыз шығындарды қысқарту бастал­ды деуге болады Сонымен бірге, экономикадағы көлең­келі сектордың үлесін азайту да маңызды қадам болмақ. «Бұл жерде бюджет шығыстарының жұмсалуын цифрлық бағытқа ауыстыру ерекше рөл атқарады. Сонда мемлекеттік бюджет қаржысы кімге, қалай бөлініп жатқаны ашық болады. Бұл қаржы жым­қырғысы келетіндердің жолын бөгейді. Себебі біз бұған дейін ІЖӨ-дегі көлеңкелі сектордың үлесі 26 пайыз деп келдік. Ал был­тыр бұл көрсеткіш 30 пайызға жеткен. Қазақстанның ІЖӨ көлемі 70 трлн теңгені құрайды десек, оның 30 пайызы – 21 трлн тең­ге. Үкімет осы қаражаттың ең болма­ған­да жартысын ашық айналымға шығара алса, бюджет кірісі артады» – дейді эконо­мист. Оның пікірінше, жалпыға міндетті дек­ларацияны қабылдауды жеделдету қа­жет. Себебі дәл осы қадам да экономика­ның ашықтығын қамтамасыз етеді.  

Экономика  халықтың төлем қабілетіне тәуелді

Сәуір мен мамыр айларында коро­на­дағ­дарыс салдарынан жұмыссыз қалған 4,5 млн адамға 42 500 теңге көлемінде қар­жы­лай қолдау көрсетіліп, әлеуметтік сақ­тан­дыру қорынан 400 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Дәл осы қолдау қаржы шілде айында да төленетін болды. Бұл ха­лықтың төлем қабілетін сақтау амалы еке­ні белгілі. Мақсат Халықтың пікірінше, бұл жолы Үкімет 42 500 теңгені нағыз лайық­тыларға беруді ойластырып отыр­ған­дықтан, осы бағытта жұмсалатын қар­жы ары кетсе 150 млрд теңге болуы мүмкін. «Бұл да аз қаржы емес, оған бүгінге дейін жұмсалған 6 трлн теңгені қоссақ, мұ­ның барлығы мемлекеттік бюджетке ауыртпашылық алып келеді. Сондықтан халықтың төлем қабілетін түсіріп ал­мауы­мыз керек. Егер халықта қаражат болмаса, ком­панияларда қандай мықты маркетинг жүйесі болса да халық ол тауарларды сатып алмайды, себебі қолында қаражат жоқ. Сондықтан мемлекет тарапынан негізінен осындай қаржылай қолдаулар қажет», – дейді. Оның есебінше, халықтың төлем қабілетін сақтау үшін ең төменгі жалақы көлемі 70 мың теңге болуы керек. Сон­дықтан Үкімет ең төменгі жалақы көлемін 70 мың теңге деп бекітсе дейді. Себебі халықтың қолында қаржы болса, шағын бизнестің тауарын сатып алады, қызметін пайдаланады, бұдан бизнес те табысқа кене­леді. Сөйтіп, бизнес иелері жұмыс­шы­ларын қысқартпайды, жалақысын тө­мен­детпейді. Осы тұста Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің мына де­регін әдейі келтіріп отырмыз: осы жыл­дың бірінші жартыжылдығында жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 8%-ға өскен. Тоқыма бұйымдарының өн­дірісінде – 8,4%, былғары өнімдері – 6,6% және киім өндірісінде 2,1% өсім тіркелді. Са­ла­дағы оң нәтиже мақта талшығы, дайын тоқыма бұйымдары, сыртқы киім, бас киім, шұлық бұйымдары мен аяқкиім өндірісінің ұлғаюы есебінен болған. Міне, осы бұйымдарды сатып алу үшін халықтың төлем қабілеті болуы керек. Халықтың тө­лем қабілетінде инфрақұрылымды жо­балар да рөл атқарады. Жол салу, электр же­лілерін тарту, көпір салу – осындай жо­балар, негізінде халықты жұмыспен қам­туға көмегін тигізеді. Әрине, көп сарап­шылар бұл уақытша жұмыс деген сын ай­тады. Ал Мақсат Халық дағдарысты ең­серіп алғанша, уақытша болса да, жұмыс орындарын көбірек ашу керек. Дағдарысты еңсергеннен кейін, жұмысшылар эконо­ми­каның басқа секторына ауыса алады.     Түйін:

Сарапшылар сөзі мен қалыптасқан жағдайды бағамдай келе, дәл қазіргі уақытта бізге бюджет қаржысын тиімді жұмсаудың маңызды екенін түсіндік. Дағдарысты ең­серу­ге жұмсалған қаржы тиімді жұмсалып, жо­балар нәтиже берсе, бюджет кірісі өз-өзін­ен көбейе бермек. Ол үшін қоғамдық ба­қылаудың белсенділігі де маңызды.

 

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ