Расул Жұмалы, саясаттанушы: Қырғыз еліндегі жағдай шиеленісіп тұр
Расул Жұмалы, саясаттанушы: Қырғыз еліндегі жағдай шиеленісіп тұр
157
оқылды

Қырғыз елінің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 26 тамызға дейін уақытша ұстау мекемесіне жіберілді. Мамыр айында Қырғыз Республикасының қазіргі президенті Соронбай Жээнбеков бұрынғы президенттерге қарсы қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік беретін заңға қол қойған болатын. Артынша Атамбаевқа жемқорлық бабы бойынша айып тағылып, тергеуге шақырылды. Өзіне тағылған айыптаулардың «саяси астары бар» деген Атамбаев өзін «тергеуден кейін түрмеге жабады» деп күдіктеніп, полиция шақыртуын елеусіз қалдырды. 7 тамызда Қырғыздың күш құрылымдары Атамбаевтың Қой-Таштағы үйіне арнайы операция жүргізіп, экс-президентті қорғаған жақтастары мен арнайы жасақ арасында қақтығыс болған еді. Қантөгіске ұласқан оқиғадан кейін құқық қорғау органдары Қырғыздың бұрынғы президентін ұстап әкетті. Көрші мемлекетте болған ішкі шиеленістің себебі мен салдарын білу үшін саясаттанушы Расул Жұмалының пікірін сұрадық.

– Қырғыз еліндегі бұрынғы президент пен қазіргі билік ара­сындағы тартыс неден басталды?

– Алмазбек Атамбаевқа жем­қор­лық жасау, өз қызметін асыра пайда­лану, заңсыз баю сияқты айыптар тағылған. Атамбаев айып­таулардан жалтаруға ты­рысып, заң­бұзушылық пен жан­жалға жол берді. Менің ойымша, бұл – Атамбаев пен Жээн­бековтің арасындағы ғана те­кетірес емес. Соңғы оқиғалар Қыр­ғыз же­рін­де қалыптасқан қоғам­дық-cаяси жү­йе­нің толық орнықпағанын, орта­лық биліктің әлсіздігі сал­дары­нан ел тізгіні түрлі кландық, кри­ми­налдық топтар­дың қо­лында кеткенін дәлел­деді. Соңғы 15-20 жылда бол­ған екі ре­во­люцияға қарамастан, Қыр­ғыз­дағы жағдайдың әлі де шие­ле­ніскен күйде екені, мемлекеттік басқару жү­йесінің осалдығы елдің әлеуметтік-эконо­микалық, қаржы­лық жағда­йы­на кері әсер етіп отыр­ғаны айқын көрінді.

Осыдан екі жыл бұрын Атам­баев қазіргі президент Жээн­бе­ковті би­лікке алып келіп, се­ріктесі ретінде үлкен қолдау көр­сетті. Сол кезде екі тұлғаның өза­ра уағдаласқанын бі­леміз. Ке­лісілген мәселелер қата­рын­да Атамбаевтың жеке басы мен от­б­асының қауіпсіздігіне қол сұқ­пау туралы да айтылған болуы керек. Бірақ Жээнбековтің уәде­сін толық орындамағанына куә болдық. Та­рихта мұндай екеуара келіссөз­дердің мысалы көп.

90-жылдардың аяғында Ель­цин биліктен кетерде өзінің ми­расқоры Путиннен де осыған ұқсас уәделер алған. Путин уәде­сінде тұрды, ал Жээнбеков айт­қанын орындамады. Оған Атам­баевтың артық әрекеттерге ба­руы, қатқыл мәлімдемелер жаса­уы да әсер етсе керек. Одан бө­лек, Қыр­ғыз Республикасы – ен­ді парла­мент­тік демократиялық мемлекет. Демек биліктің бәрі Жээнбековтің қолында шоғыр­ланған деуге болмайды. Пар­ла­менттік-президенттік жүйедегі мемлекетте Жээнбеков уәдесін орын­дағысы келсе де, ойында­ғысын жүзеге асыруға қауқары жетпеген бо­луы мүмкін. Үлкен саясатта «Мәң­гі­лік дос жоқ, тек мүдде ғана мәңгі­лік» деген сөз бар. Соңғы оқиғалар соның рас­тығын дәлелдеді.

– Көрші елдегі жағдай ары қарай қалай өрбуі мүмкін?

– 90-жылдардың басынан бері қырғыздар оңтүстік пен солтүстік болып екіге бөлініп келген. Бұл бө­лініс жылдан-жылға күшейіп бара­ды. Кезінде Ақаевты (солтүстік өкі­лі) қара­лап, сынағандар негізінен оң­түс­тіктен шыққандар болды. Оның орнына келген Бакиевке кері­сінше солтүстіктің көңілі тол­мады. Атамбаев – солтүс­тіктің өкілі. Оның жақтастарын құрай­тын өркениетті оппо­зиция, дін өкілдері мен крими­налдық топ­тар өздерінің Қыр­ғыз еліндегі активтерінің сақ­талуын Атам­баевпен байла­ныстырады. Өйт­кені жаңа билік әдетте өз жа­қын­дарының құ­зыретін ке­ңейтіп, қар­сылас­тарын түрмеге жауып, эконо­микалық актив­терінен айыруға ты­рысады. Атам­баевтың жақ­таста­рының ішінде өте ық­палды, салыс­тыр­малы түрде бай топтар бар. Күні кеше олар Атамбаевтың үйін қор­ғаудан бөлек, Бішкектің ор­талығында наразылық ұйым­дас­тырып, тұ­рақсыздық туғызуға ты­рыс­ты. Әзірге Қырғыз билігі мұндай әрекеттерді дер кезінде тоқ­татты. Бірақ алдағы уақытта мә­селені бақылауда ұстауға би­ліктің шамасы жете ме, жоқ па, бұл – даулы мәселе. Қауіп­сіздік қызметінің Атамбаевтың рези­денциясына жасаған ал­ғашқы шабуылының тойтарысқа ұшы­рап, сәтсіз аяқталуы да орталық биліктің қауқарына күмәнді күшейтеді. Бұған дейінгі сай­лауларда Жээн­бековтің қар­сыласы болған Мамырбек Ба­банов жақында шетелден қайт­қалы жатыр. Оның да өз ойла­ғаны бар. Сон­дықтан екі тұл­ғаның арасында­ғы алауыз­дық­тың астарында осын­дай клан­дық, қаржылық мүдделердің болуы жағдайдың әлдеқайда күрделі екенін көрсетеді.

Кез келген тұрақсыздық мем­лекет үшін өте қауіпті. 2005 және 2010 жылғы оқиғалар кезінде қан­төгіс те, заңбұзу­шы­лық та болды. Оқи­ғаның соңы Қырғыздың оңтүс­тігіндегі өзбек пен қырғыз арасын­дағы ұлта­ралық қақтығысқа ұласа жаз­дады.

– Атамбаевтың қолдаушы­лары көп пе?

– Атамбаевтың жақтастары көп емес. Бұрын Қырғызда бол­ған билік ауысымы кезінде қар­жы бөлу, медиа­қолдау көрсету, саяси технологтар беру арқылы ел ісіне араласуға ты­рысатын Ресей бұл жолы белсенділік та­нытып отыр­ған жоқ. Путин өт­кенде Мәскеуге барып, қолдауға зә­рулігін біл­дірген Атамбаевпен кез­десуден соң, Жээнбековті қол­дай­тынын кесіп айтты. Кеше ғана Қырғыз елінде болған Ре­сейдің премьер-министрі Дмит­рий Медве­дев те осы пікірге қо­сылды. Қазақ­стан да «Көрші елдің ішкі мәселе­сі­не аралас­паймыз» деген сыңай танытты. Сондықтан сыртқы әлемде Атамбаевты қолдайтын күштер жоқ­тың қасы. Менің ойымша, өте ық­пал­ды саясат­кердің өзіне сыртқы қолдау керек. Онсыз мүмкіндігі шек­теулі болады. Ал Атамбаев қазір сол шектеулі күйде қалып отыр.

– Қырғызстандағы тұрақ­сыз­дық Орталық Азияға қалай әсер етуі мүмкін?

– Кез келген тұрақсыздық мем­лекет үшін өте қауіпті. 2005 және 2010 жылғы оқиғалар кезінде қан­төгіс те, заңбұзу­шы­лық та болды. Оқи­ғаның соңы Қырғыздың оңтүс­тігіндегі өзбек пен қырғыз арасын­дағы ұлта­ралық қақтығысқа ұласа жаз­дады. Экономикаға зор нұқсан келді. Рас, елдегі тұрақсыздық көрші мемлекеттерге де көп қиындық әке­леді. Жағдай бақы­лаудан шығып кетсе, Қырғыз елінің ішінде құрыл­ған қыл­мыстық топтардың жүген­сіздігі шекара асады. Контрабанда мен заңсыз миграция басталады. Сон­дықтан 2005 жылғы оқиғалар ке­зінде Қазақстан көршісіне мә­мі­ле­герлік арқылы қолдау көр­сетуге ты­рысты. Шекараны ба­рынша күшейт­ті. Қазір жағ­дай­дың қалай аяқталары белгісіз.

Сұхбаттасқан
Динара ТІЛЕУБЕК