20 шілде күні Біріккен Араб Әмірліктері 1,3 тонналық спутникті аспанға аттандырды. Ол Марс атмосферасы мен климатын зерттеу керек. Планета улы газға толы. Әрине, аппаратты таза араби өнім деп айту қиындау. Себебі зымыран АҚШ-тікі, ал спутник Жапониядан ұшты. Алайда жобаны жүзеге асырған, қаржыландырған дубайлықтар. Hope, яғни үміт деп аталған спутник 500 млн шақырымды басып өтіп, Қызыл планетаға 2021 жылы ақпан айында жетіп баруы тиіс. Жоспар осындай. Әрине, Дубай АҚШ, Қытай, не Ресей емес. Технологиялық әлеуеті шектеулі. Бірақ Hope-ны ұшыруға дубайлық инженерлер 6 жылын жұмсаған. АҚШ мамандары қолдау көрсеткен екен. Дубай дайын ақшаға дайын технологияларды сатып алуына болар еді. Алайда олар АҚШ университеттерімен әріптестік орнатып, өзінің ғарыш аппаратын жасақтап шығаруды жөн көрген. Әрине, алда әлі 7 ай мерзім бар. Сондықтан арабтар спутник істен шығып, жарты жолда қалуы мүмкін деген тәуекелді де жоққа шығармайды.
Білетіндер бұл істің басы-қасында 33 жасар елдің Дамыған ғылым және технология министрі Сара Әміри жүр дейді. Жобада істейтін қызметкерлердің 34 пайызы әйелдер екен. Жалпы, бұл Дубай үшін тек ғылыми ғана емес, кезекті имидждік жоба болуы ғажап емес. Әмірлік басшылығы жоғары технология саласында ірі жетістіктерге жетіп, араб аймағындағы үздік жастарды өзіне тартуды көздегендей. Басқаша айтса, Дубайды арабтың Силикон алқабы ету мақсаты тұруы да мүмкін.
Ал Марсқа аттану кезегі енді Қытайға келіп тұр. Олар жақында Хайнань аралындағы ғарыш айлағына «Чанчжэн-5» зымыранын жеткізген. Бұған дейін сол жерге «Тяньуэнь-1» спутнигі әкелінген еді. Қытайдың жоспары бойынша, зымыран спутник алып көкке 23 шілде мен 5 тамыз аралығында ұшуы тиіс. Ал спутник өз кезегінде Марсқа 7 айда жетуі мүмкін. Дубайлықтар ұшырған Hope-мен бір уақытта баратын секілді. Егер араб зонды атмосфера мен климатты зерттесе, қытайлық аппарат Марс орбитасын айналып, сонда қонып, планета қыртысында қозғалуы тиіс. Осы арқылы олар атмосфераны, рельефті, географиялық, магниттік өрістің ерекшеліктерін зерттеуді көздеп отыр. Зерттеу жұмыстары сәтті өтсе, Марс пен Күн жүйесінің пайда болуы, эволюциясы жайында құнды ақпарат алуға мүмкіндік туады. Ал негізгі мақсат – «Марста өмір белгілері бар ма, келешекте қоршаған орта адамдар өміре сүре алатындай өзгеруі мүмкін бе?» деген сұрақтарға жауап табу. Аталған миссиядан-ақ Қытайдың көздегені ұзақмерзімді стратегия екенін түсіну қиын емес.
«Тяньуэнь-1» (Tianwen-1) – Марсты зерттеуге арналған Қытай бағдарламасы. Оның миссиясы жоғарыда айтылды. Қызыл планетаны зерттеуді Қытай 2009 жылы Ресеймен бірге бастады. Алайда 2012 жылы планетааралық Фобос-Грунт аппараты Жер орбитасынан шыға алмай, сәтсіздікке ұшыраған соң қытайлықтар өз ғарыш бағдарламасын жасауға кірісті. Қазіргі жоспар бойынша, парашютпен Марсқа қонған аппарат топырақ құрамын да зерттеуі тиіс. Жалпы, Қытай ғарыш технологиясында Ресейді басып озып, АҚШ-тың көшбасшылығына таласа бастағандай.