Асқар елді ақпараттандыра алды ма?

Асқар елді ақпараттандыра алды ма?

 

Не бітірді?

Кейбір сарапшылар оның елге қызметін бағалағанда сонау 2001 жылдан бастауды ұсынады. Өйткені А.Жұмағалиев сол жылғы қаңтарда Көлік және коммуникациялар министрлігінің Байланыс саласын­дағы мемқадағалау басқармасының бастығы болып мемлекеттік қыз­метке алғаш аяқ басты. Содан бері Үкіметтегі әртүрлі лауазымда бай­ланыс, коммуникация, цифр­лан­дыру және инновацияға жауап беріп келді. Ол цифрлы даму процестеріне 20 жылдай жетекшілік етті. Рес­публикада 3G және 4G буынын­дағы ұялы байланыстың енгізілуінің басы-қасында жүрді. Автокөлік иелеріне ғана қызмет көрсететін мамандандырылған ХҚКО-ларды ашты. Цифрлы құжаттардың қа­ғаздағы нұсқасымен бірдей қол­данылуын заң жүзінде бекітуге қол жеткізді. Еліміз бойынша 20 мың шақырымдай оптикалық-талшықты кабель тартылып, біраз ауылға ин­тернет қосылды. Қазақстан ана­логтік телевизиядан цифрлы теле­визияға көшті. Мәселен, 2003 жылы билік жүйесінде Ақпараттандыру және байланыс агенттігі құрылғанда, Асқар Жұмағалиев алдымен со­ның төрағасының орынбасары ре­тінде шақырылды. Ізінше, 2006 жылдың 27 қаңтарында агенттіктің тіз­гінін өз қолына алды. Бұған дейін Қазақстан «Қазақтелекомға» тәуелді болатын: Кеңес кезінен бері телефон желісі мемлекеттің меншігі мен монополиясы сана­латын. А.Жұмағалиев тұсында теле­ком­муникация нарығы либералданды. Қарапайым тілмен айтсақ, қалаара­лық және халықаралық байланыс желісінде жекеменшік операторлар пайда болды, тарифтер төмендеді. Елбасының бастамасымен, А.Жұмағалиевтің іске асыруымен 2006 жылы елімізде электронды үкімет порталы іске қосылды. Бұл мемлекеттік басқару ісіндегі ірі оқиға еді. Бір қызығы, сол кездегі Премьер-Министр Даниал Ахметовке болашағына алаңдаған министрлерге журналистердің көзінше басу айтып, «е-Үкімет шын Үкіметті толық ауыстырмайтынын» түсіндіруге тура келді. 2006 жылғы 9 қазанда «Қазақ­телеком» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен Асқар Қуанышұлы басқарма төрағасы болып сайланды. Ұлттық компаниядағы жоғары жа­лақылы жұмысы кезінде ол бай­ланыстың NGN және CDMA жаңа технологияларын енгізуге күш салды. Интернет телевизияның ID-TV, ID-Phone қызметтері іске қосылды. Сол кездегі еліміз үшін ең өзекті мәселенің бірі шешімін тап­ты: Кеңес Одағы аяғына жет­кіз­бей тастап кеткен ауылды теле­фон­дандыру ақыры аяқталды. «Қа­зақтелеком» кеңсесінде «клиент­терге кедергісіз қызмет көрсету» қағидаты енгізілді. Үлгілі тәжірибе кейін ХҚКО-ларды кең ауқымды жаңғырту кезінде негізге алынды. Асқар Жұмағалиевтің БАҚ дамуына сіңірген еңбегі де бар. Тұңғыш Президенттің Жарлығымен 2010 жылғы 12 наурызда ол Бай­ланыс және ақпарат министрі болып Үкіметке оралды. Аталған қызметте Қазақстанда 3G, сондай-ақ Отау ТВ цифрлы спутниктік телевизияны қолданысқа берген министр ретінде есте қалды. Оның қорғауымен 2012 жылғы 18 қаңтарда «Телерадио хабарларын тарату туралы» жаңа заң қабылданды. Тележурналистика ордасына айналған, озық техни­камен жарақталған «Қазмедиа орталығы» бой көтерді. Бүлдіршін­дерге арналған қазақтілді тұңғыш «Балапан» және тек жаңалықтарға ғана маманданған 24.kz алғашқы ақ­параттық арналары өмірге жолдама алды. Халыққа қызмет көрсе­ту орта­лықтары кең ауқым­ды жаң­ғыртудан және автоматтандырудан өтті. 2012 жылғы 21 қаңтарда Пре­зидент Жарлығымен Асқар Жұмағалиев Көлік және ком­му­ни­кация министрі болып тағайын­далды. Елде 4G іске қосылды. Электронды үкіметті дамыту жөнін­дегі БҰҰ рейтингінде Қазақстан 2010 жылғы 46-орыннан 2014 жылы 28-ге дейін көтерілді. Ол басқарған кезде республикада «темір тұлпар» иелеріне ғана ар­налған ХҚКО-лар – «автоцондар» пайда болды. Оған дейін машинаны есепке қою немесе шығару, жүр­гізу­ші куәлігін алу бір азап еді. Көлік­терге қатысты құжаттарды беру ісін автоматтандыру, ол құжаттарды интернет арқылы беру, құжаттарды қабылдауды ІІМ-нен алып қойып, арнайы ХҚКО қызметкерлеріне тапсыру секілді қырық атқа жүк бо­ларлық шаруалар қазір де жалғасуда.

Не бітіре алмады?

Ақпараттық ғасырда цифрлы өркениет көшінің басына шыға алған мемлекеттер ғана ілгері кет­пек. Керісінше, бұл істе «кенже қалғандар» өркендеу даңғылының жиегінде шаң жұтып қала бер­мек. Осыны жақсы түсінген ел басшылығы жеке Цифрлық ми­нистр­лік құрды және оның тізгінін А.Жұмағалиевке берді. Жалпы, Қазақстанның цифрлану қар­қыны керемет болатын. Еліміз тіпті жаһандық озық отыздыққа еркін кіріп жүрді. Алайда кейінгі 2 жылда оның екпіні бәсеңсігендей. Салдарынан, қашықтан қызмет көр­сетудің қадірін асырған пандемия заманына республика «мұздай қаруланбаған», толыққанды дайын емес күйде енді. Бірінші түйткіл – «Электронды үкімет». eGov порталы адамдардың көп жүгінуін көтере алмай, жиі істен шыға бастады. Бұған қоса, ТЖ режимі кезеңінде мемлекеттің көмегіне зәру азаматтар және аз қамтылған отбасылар дер кезінде 42 500 теңге әлеуметтік төлемін ала алмады, АӘК рәсімдеу қиын­дады. 1414 бірыңғай байланыс ор­талығынан еш көмек болмады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 42,5 мың теңге көмекті беру үшін жеке портал құруға тура келді. Оның үстіне ағымдағы жыл басталғанда барлық мемлекеттік қызметтердің тек 82%-ы ғана ав­томаттандырылғаны анықталды. Қалалардың өзінде азаматтар интернет арқылы жаңа көлігін тір­кеуге қоя алмады, жүргізуші куәлігін рәсімдеу мұңға айналды. Екінші түйткіл – интернеттің нашарлығы. 2020 жылғы 3 сәуірде Білім және ғылым министрлігі онлайн сабақ болмайтынын, отан­дық интернет алдын ала сынаққа шыдамағанын мәлімдеді. – Еліміздегі интернет 2,5 мил­лион оқушының онлайн жүйе арқылы оқуына еш бейімделмегенін көрсетті. Бұлай сапалы білім алу мүмкін емес. Сондықтан оқытуды дамыған елдердегідей онлайн-стриминг арқылы өткізудің қажеті жоқ деген шешім қабылдадық. Онлайн сабақтар болмайды. Білім беруді амалсыз, онлайн сабаққа есептелмеген бағдарламалар көмегі­мен ұйымдастырамыз, – деп аһ ұра хабарлады БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов. Оның ақыры телесабақтарға және мұғалімдердің WhatsApp мессенджерімен, кей жерде тіпті Қазпоштамен тапсырма жолдауына соқтырды. Үшінші түйткіл – ауылға ин­тернеттің жетпеуі. Бірнеше мың ауыл карантин және дағдарыс ке­зеңінде мемлекеттік қызметті онлайн алу мүмкіндігінен қағылды. Төл қолданбалы зерттеулер орталы­ғының директоры Рақым Ошақбаев ауылдарды цифрландыру, оларға кеңжолақты интернеттің қолжетімді болуы – «Цифрлы Қазақстан» мем­бағдарламасының басты бір игілігі болуы тиіс еді дейді. Бағдарламаны аталған министрлік жүзеге асырғаны мәлім. – Ұшқыр интернет 50 адамнан көп тұрғыны бар бүкіл ауылға жетуі тиіс болатын. Мәлімделген жос­пар­лардың бәрі бірдей іске асырылмады. Тапсырмалар да толық көлемде орындалмады. Рас, елді мекендердің біразына интернет жүргізілді, оны да айту керек. Үлкен іс тындырылды. «Соңғы миля» деп аталатын проб­лема сақталуда, яғ­ни тартылған оптикалық-талшық­ты магистральдан әрі қарай елді мекендерге және үйді-үйге ин­тернет тарату жағы ақсап жатыр. Бұл жұмысты жалғастырып, соңына дейін жеткізу керек, – деді Р.Ошақбаев. Биылғы 4 наурызда Ақор­дада «Цифрлы Қазақстан» мем­бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізген ел Президенті озық, заманауи технологияларды енгізу бойынша Цифрлық даму министрлігіне жүктелген міндеттің іске аспағанын мәлім етті. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, өзара келісім және үйлесімділік жоқ. Сал­дарынан, цифрландыру түрлі ведомствода жүйесіз жүруде. Қ.Тоқаевтың байламынша, коррупцияға барынша бейім салаларда цифрландыру өте баяу жүргізілуде. Оның қатарына жер телім­дерін беру, табиғи монополия­лардың қызметтеріне қосылу, қо­ғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салалар жатады. 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қала мен ауыл тұрғындары арасында цифрландыру алшақтықтың әрі қарай сақталғанын сынға алды. Оның бағалауынша, бұл жай ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекен­ді сапалы интернетпен қамту туралы тап­сырма берді. Сонда ғана халқы­мыз­дың 99,3 пайызы интернетке және оның игіліктеріне қол жет­кізеді.  

Қорғаныс өнеркәсібімен қош айтысты

Қазақстанда армия үшін әскери техника жасау ісіне 2016 жылдан бері Цифрлық даму министрлігі жауапты болды. Сарапшылар бұл саланың ведомствода босағадан сығалаған жетімнің күйін кешкеніне назар аудартады. Қазақстанда ұзақ жылдар бойы отандық әскери-өнеркәсіптік кешен (ӘӨК) құру бағытында табыссыз талпыныстар тоқтаусыз жасалады. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстанда ӘӨК-ті қалпына келтіруге қатысты еш үміт қалмады деп қынжылады. – Оны Цифрлық министрліктің құрамына қосудың да мәні шамалы болатын. Қорғаныс өнеркәсібі секторында Үкімет 1992 жылы «КЭМПО» корпорациясын құрды. Түк шықпады. Оның орнына «Қорғау» ұлттық акционерлік компаниясы пайда болды, артынан таратылды. 2003 жылы «Қазақстан Инжиниринг» АҚ ашылды. Қор­ғаныс министрлігі нәтиже шығара алмағасын, Цифрлық министрлікке берілді. Билік мүмкін болар ком­бинациялардың барлығын пай­даланды. Алайда қорғаныс өнер­кәсібі болған жоқ, болатын түрі де көрінбейді, – дейді ол. Әділін айту керек, Қазақстанда әскерге қажетті оптикалық ас­паптар, байланыс құралдары, бірлі-жарым әскери техника түрі құрастырылады. Елімізде дрон шығаратын, патрон жасайтын отандық кәсіп­орындар пайда болатыны бірер жыл бұрын жария етілді. Әйтсе де, алғашқы үлгісі паш етілгенімен, бұл өнімдер кең өнеркәсіптік өндіріске шыға алмаған. Өткен айда Қорғаныс ми­нистрлігі «Кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштер мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын қоғамдық талқылауға шығарды. Оған сәйкес, ведомство қару-жарақ пен әскери техниканы шетелден өз бетінше және «бір көзден» импорттауға ниетін мәлім етті. «Қару-жарақ, әскери техника, оларға техникалық қызмет көр­сету, жөндеу және жаңғырту – қызметтердің ерекше түрі. Қарулы Күштер қару-жарақ пен әскери техниканың нақты үлгілерін сатып алады, бұл ретте көбіне нарықта бәсекелі орта жоқ: тауар өндіруші өз саласында монополист болуы мүмкін. Нәтижесінде, қазіргі уа­қытта шетелдік өндірушілер күрделі рәсімдерге (заңды тұлғаны тіркеу, мемсатып алу сайтына кіру үшін ақы төлеу, шарттардың орындалуына кепіл енгізу қажет) байланысты өнім жеткізу бойынша қазақстандық электронды конкурстарға қатыс­пайды» деп түсіндіреді Қорғаныс министрлігі. Бүгінде Қазақстан инжиниринг екі зауытын сатуға мәжбүр. Fitch агенттігі оның рейтингін «BB+»-тан «C»-ға дейін төмендетіп тас­тады: америкалық сарапшылар компанияның өтімділік бойынша позициясы нашарлағанын, боры­шын төлемей жатқанын (өтеу мер­зімі өтіп кеткен 18 миллиард тең­ге қарызы бар), мемлекеттің беретін капиталына тәуелді екенін атап өтті. 2019 жылғы 12 шілдеде Үкі­мет қау­лысымен Қазақстан инжи­ниринг­тің мемлекеттік пакеті Цифрлық даму министрлігінен алы­­нып, Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігіне берілді.  

Елдос СЕНБАЙ