Демалуға барамын деп демі үзілді
Демалуға барамын деп демі үзілді
255
оқылды
Әу баста шипажайға жолдама ақпан айында алынған. Жоспар бойынша наурыздың 19-на баруы керек еді. Елде ТЖ жарияланып, кейінге шегеріледі. Жаз кезінде оңтүстік өңірлерде күн ыстық болады. Әрі пандемия кезі екенін ескеріп, жолдамадан бас тартатынын айтып, кәсіподаққа хабарласады. Ол жерден «Бармасаңыз – ерік өзіңізде, бірақ ақшаңыз қайтарылмайды» деген жауап алады. Үш баласының аузынан жырып берген ақшасы желге кетпесін деп, ақыры баруға шешім қабылдайды. Осылайша, 7 маусымда жолға шығып, 9-на түнгі сағат 2-де шипажайға жетеді. Таңғы астан соң парафин, полимаг-2, вибромассаж, минералды ванна сынды бірнеше процедура қабылдаған. Сол келген күні-ақ туыстарына бұл жердің көңілінен шығып жатпағанын, белі мен бүйрек тұсы ауырып тұрғанын, терлеп жатқанын айтқан. Марқұмның сіңлісі Анар Бөлекбаеваның айтуынша, қан қысымы төмен адамға қабылдауға тыйым салынған процедуралардың бір күнде бірден жасалуы жағдайын ауырлатқан. «Еш анализ алмай, бір күнде алты сеанс тағайындалған. Бар болғаны ақылы процедуралар жүргізіп, ақшасын алғысы келген. Ертеңіне түстен кейін хабарласқанымда, ауырып жатса да, таңертеңнен бері ешқандай медициналық көмек көрсетілмегенін айтты. Санаторий дәрігері бір рет валериан беріп, жатқызған. Сағат үш жарымдарда Арыстағы ауруханаға дәрігер мен сантехник апарады. Кейін білгеніміздей, әпкем өзі жүре алмағандықтан, оны көтеру үшін ер адам жіберген екен. Ауруханадан шипажайға әкелген кезде жүре алмай, әжетхана есігіне басын соғыпты. Содан түнгі бір шамасында өзіне көмек керегін айтып, тезірек келуімді сұрады. Келген соң бейнебақылауды қарауымды өтінді. Кейін бейнебақылауды сұрағанымызда, жоқ екенін айтты. Соңғы рет тіл­дескеніміз сол болды» деп көзіне жас алды Анар Зейнолдақызы. Арыс шипажайының дирек­торы Тағай Керімбайұлына хабар­ласқанымызда, «барлық жағдайын жасадық» деп жауап берді. «Біздің шипажайда болғаны рас. Бірақ ауруханада қайтыс болды. Туыстарының сөзі өтірік. Айқай шығарып, тереземізді сындырды, полиция бригадасы үш рет келді. Былтырдан кейін бәрін қалыпқа келтіріп, 1-2 қабатта адам қабылдап жатырмыз. 3-4 қабаттарда аздап бітіретін жұмыстар бар. Карантинге байланысты жөндеу жұмысын бітіре алмай, тоқтатып қойдық. Жанында болғандардың бәрі марқұмның кел­генде-ақ ауырып тұрғанын айтып отыр. Медициналық картасы болмаған. Негізі олай қабылдамау керек еді. Екінші күні қан қысымы түсіп кеткесін ауруханаға апардық», – дейді ол. Бүгінде шипажайдың заңды түрде жұмыс істеп жатқанын, рұқсаты барын айтты. «Өзім түсірген видеода бәрі анық көрініп тұр: есігі жоқ бөлмелер бар, іші өте лас, жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бірден екінші қабатқа көтерілгенімде бір-екі адам бөлмесінен шыққанын көрдім. Кейін мән-жайды білу үшін сол жерде болғандармен сөйлескім келіп, бөлмелердің есігін қақтым. Ешбірі ашпады. Дұрысы, ашқызбай қойды. Өйткені басында әпкемнің жанында болған әріптестеріне қоңырау шалып, төменге түсуін сұрағанымда «қазір түсеміз» деген. Бірақ түскен жоқ. Ертеңіне WhatsApp-қа «бәрі жақсы, лимузинмен күтіп алды, керемет» деген жауаптары келді. Бәрінің бірдей мәтінді оқып тұрғанын бірден білуге болады. Өтірік сөздері үшін өздері жауап бере жатар. Шынында, шипажайдың қандай екені өзім түсірген бейнежазбада кө­рініп тұр», – дейді марқұмның сіңлісі. Адам өліміне байланысты қыл­мыстық іс қозғалған. Шипажайдың санитария талаптарына қатысты сұра­нысқа әлі жауап келмеген. Мәйіт­ке жүргізілген медициналық сарап­тама нәтижесінде жүрекке оттегі жетіс­пеуінен қайтыс болғаны анықталған. Анар Бөлекбаеваның сөзіне сүйенсек, әпкесінің медициналық картасын шипажайдағылар жоғалтып тастаған. Егер іс дұрыс жүргізілсе, бәрін дәлелдей алатынына сенімді. Шынар Зейнолдақызының еңбек демалысының ақысы дер кезінде түспей, қарыз алған. Еңбек демалысына берілетін ақы марқұм қайтыс болған соң бес күннен кейін түскен. «Оның өзінде айғайласып жүріп алдық. Кәсіподақ мұғалімдердің құқығын қорғаймыз дейді. Бірақ өзім де мұғаліммін, де­малысқа шыққанымызға 51 күн болса да, сауықтыру ақысын әлі алмадық. Сонда біздің құқық қай жерде қорғалып отыр? Меніңше, кәсіподақ мұғалімдерді шипажайға жіберерде ол жер туралы анықтап сұрауы керек», – дейді Анар Зейнолдақызы. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы баспасөз қызметі жолдамалардың берілу тәртібі мен қаражаттың қайтарылуына қатысты ресми жауап берді. «Сауық­тыруға арналған жолдамаларды әр өңірдің білім кәсіподағы жоспарлы түрде сауықтыру орындарымен ке­лісім жасай отырып, тәртібі мен шарттарын белгілеп таратады. Әр білім беру ұйымдарында кәсіподақ комитетінің отырысында ұстаздардың арыздары бойынша жолдамалар бөлінеді. Жеңілдік мөлшері әр өңірдің қаражат қорына қарай айқындалады, жеңілдік 30%-дан басталады. Сонымен қатар көпбалалы, сондай-ақ кәсіби жетістіктерге жеткен кәсіподақ мүше­леріне сауықтыруға арналған жол­дамаларды тегін беру мүмкіндіктері қарас­тырылған. Шипажайды таңдау — кәсіподақ мүшесінің еркінде, демалыс уақытын да педагогтер өзі белгілейді. Форс-мажор жағдайда кәсіподақ пен шипажай арасында жасалған келісімде тәртібі мен шарттары белгіленеді. Кәсіподақ мүшесі шипажайға барудан бас тартса, ақшасы қайтарылады. Үкіметтің қаулысы бойынша 1 мау­сымнан елімізде шипажай, қонақ үй, жағажайлар жұмыстарын бастаған. Кәсіподақ мүшелері осыдан кейін шипажайларға жіберіле бастады. Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай нашарлап, қайтадан карантин режимі енгізілуіне байланысты көптеген кәсіподақ ұйымдары шипажайлармен хабарласып, жолдамалардың мерзім­дерін кейінге шегерді. Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Шынар Зейнолдақызының қазасынан кейін кәсіподақ тарапынан жан-жақты көмек көрсетілген. «Өкінішке қарай, Арыс шипажайында қайғылы жағдай орын алды. Осыдан кейін облыстық, аудандың кәсіподақ ұйымдарымен байланысып, мән-жайды анықтадық. Марқұм сол шипажайға демалуға барғанда денсаулығы на­шарлап, ауруханаға жеткізіліпті. Жа­нында демалушы ұстаздардың сөзіне сәйкес, жол бойы басы ауырған. Шипажай дәрігерлері де жан-жақты көмек көрсетілді деп анықтама ұсынды. Соған қарамастан, марқұм ауруханада көз жұмды. Қайғылы жағдайға бай­ланысты марқұмның отбасына көңіл айтып, кәсіподақ тарапынан көмек көрсетіл­ді», – делінген хабарламада. Демалуға барамын деп демі үзіл­ген ұстаздың туыстарында бұл іске қатысты күмән мен күдік көп. Шипажай басшылығы талапқа сай қызмет көрсеткенін айтады. Кәсіподақ барынша қолдадық дейді. Кінә кімнен? Мұны қылмыстық істің басында жүргендер анықтауы тиіс. Бастысы, «бармақ басты, көз қыстының» кебі киілмесе болғаны.  

Жадыра АҚҚАЙЫР