81 аппаратқа ақша аударды
81 аппаратқа ақша аударды
192
оқылды
2014 жылы ашылған «Ана-Мама» қайырымдылық қоры Қарағанды облысында тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетумен айналысады. Қор Төтенше жағдай басталғалы екі мыңнан аса отбасыға бірнеше рет азық-түлік таратты. Ауруханалардағы ақ халаттыларға тұрақты түрде тегін ыстық тамақ жеткізуде. Оттегі аппаратына ел болып қаржы жинап жатқанда қор же­текшілері Марат Түсіпов пен Ержан Абрахмановқа жерлестері қолқа салады. – Қайрат Жолдыбайұлы, Айнұр Тұрсынбаева  шетелден оттегі аппаратын алуға қаржы жинай бастағанда, қарағандылықтар да қалыс қалмауды ұйғардық. Бірінші күні жария еткенімізде бірден 19 оттегі аппаратына қар­жы жиналды. Кейіннен қа­рағандылық  «Асар» қорымен бірігіп жинай бастадық. Басында оттегі аппаратының кеденнен өткендегі бағасы 170 мың теңге болған. Кейін халықтың жұмылып кетуінің арқасында оттегі ап­параты 105 мың теңгеге түсті. Біздің қордың ДЦП балаларға арналған «Батыл жүрек» атты бөлімшесі де балаларға арналған дәрілерге қаражат жинап өткізді. Жиналған барлық қаржыны Ал­маты қаласындағы «Шұғыла» қорына аудардық. «Ана-Мама» қоры 55 аппаратқа, «Асар» 26 аппаратқа қаржы жинады, – дейді Марат Түсіпов. – Бұл идея маған жұрт ала­пат келді деп, ала жылқы соя бастағанда келді. «Ала жыл­қының орнына  шағын өкпе желдеткіш аппараттарын, от­тегі концентраттарын неге ал­майды?» деп жаздым. Кейін Айнұр мен Дәулет ақша жинай бастағанда қаржы қосып жіберу идеясы келді. Туған ауылым мен Жаңаарқа аудандық ауруханаға екі аппарат алуды мақсат еттім. Сол көздеген мақсатқа жеттік. Екі оттегі аппаратына ақша салдық. Қалған қаржыны дәрі-дәрмекке деп бөлдік. Ақшаны Динара Сәтжан ханымға жібердік. Жерлесіміз Динара өз қаржысына Жаңаарқаға 6 аппарат жеткізуге уәде берді. Ақша жүрген жерде адамның абыройы қатар жүреді. Жан-жағымызда туысынан айырылған, қатты науқастанған адамдар болды. Солардың жан қиналысын көріп отырып, қарап отыра алмадым. «Бұл екінші толқын, қара күзде үшінші толқын болса ауыл не болмақ?» деген ой байыз таптырмады, – дейді Айсұлтан Жақып. Айсұлтанның бастамасын Аман­жол Әлтай және тағы басқа танымал жаңаарқалықтар іліп әкетті. Аудандық ауруханаға одан бөлек 10 оттегі аппаратын облыс әкімдігі орнатпақ екен. ottegi apparati Әлеуметтік желідегі қайырым­дылық іске ақын, қалалық «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы Жанат Жаңқаш та өзінің қомақты үлесін қосты. Аймақта атқарылған істі таразыға салып, ақпарат май­данының бел ортасында жүр­ген Жанат Facebook арқылы сауын айтып, Қарқаралы аудандық ауруханасына оттегі аппаратын алуға қаржы жинауды бастап кетті. – Идея Дәулет пен Айнұрдың әрекетінен кейін келді. Бауыржан Момышұлының «Батырды си­туация туғызады» деген сөзі бар. Қазақтың нағыз батырлары ел басына күн туғанда атқа қонды. Қайрат Жолдыбай аға елді үйіріп әкетті. Қазақ елінің жұмылып кеткенін көрдік. Досым Саян Бөдесов қоңырау шалып, қолқа салды. Аудандардың жағдайы мүшкіл, соны ескеріп кірістік. Бір күнде 1 млн 100 мың теңге ақша жиналды. 850 мыңын оттегі концентратына жұмсадық, 60 мыңын пульсоксиметрге, 60 мыңын инфроқызыл тер­мометрге аудардық. Қалған ақшаға респиратор маска әпердік. Қар­қаралының тумасы, кәсіпкер Бақытбай Жүнісов аудандық ауруханада жасанды тыныс алу аппараты жоқ екенін естіп, 9 млн 500 мыңға аппарат әперетін болды. «Нәтиже» сүт фабрикасының директоры Ерлан Әшім 2 оттегі аппаратын, спорт шебері Айдос Ақшонтаев  1 млн теңге қосатынын хабарлап, оған 5 оттегі аппараты алынатын болды, – дейді Жанат. Қарағанды қаласында пульсо­ксиметрдің бағасы 30 мыңнан, ал Қытайда ол 5-6 мың жобасында екен. Ел басына түскен індетті өз пайдасына жаратып жатқандар да бар екен. Saryarqa aqparat медиа­холдингінің директоры Қамбат Ахмет өзі туған мекен Ақтоғай ауданы үшін қаржы жинады. – Ақтоғайлық азаматтар жар­ты тәуліктің ішінде 9 тыныс алу аппаратына, 52 пульсоксиметрге қаржы жинап берді. Аудан тұрғындары, сыртта жүрген аза­маттардың бірі қалмай ақша аударды. Меценат Бекзат Ал­тынбеков 1 аппаратқа, кәсіп­керлер Серік Қасымбеков 3 аппаратқа, Нұрлан Әрінбаев 2 аппаратқа, Қызыларай ауылы тұрғындары 2 аппаратқа, Шабан­бай ауылының тұрғындары 1 ап­паратқа, сыртта жүрген ауыл тұрғындары 52 пульсоксиметрге қаржы аударды. Бұдан бөлек, Ақтоғай мен Шұбартау ауылының азаматтары тағы 8 аппаратқа қаржы жинап, өздері тікелей аударды. Бұларға қосамша «Алтыналмас» кәсіпорны 10 аппарат алып беруге уәде беріпті, – дейді Қамбар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Осындай ізгі шаралар жалғасын табуда. Жаңаарқа ауданының тұрғындары ауру­ханада індетпен күресіп жатқан азаматтарға тегін қымыз апарып жатыр. Ералиев ауылдық окру­гінің тұрғындары белсенді аза­маттарының ұйымдастыруымен 1 тонна қымызды Қарағанды ауруханаларына жөнелтті. 300 литр қымызды Жезказған каласының көпбейінді ауруханасына Нұр­жан Бейсенбин, 500 литр Қара­ғанды қаласының облыстық ме­ди­циналық орталығына, 200 литр Жаңаарқа ауданының ауруханасына Қайрат Өмірбеков тегін жеткізіп берді. – Ауылымыздың тұрғын­дарынан 900 литр қымыз, 200 келі құрт жиналды. Сол жиналған қымыз бен құрт Қарағанды қала­сының ауруханаларына жіберілді. Сонымен қатар Ералиев ауылдық округіне қарасты РЗД-189, Ақбастау елді мекенінің азаматтары 200 литр қымыз жи­нап, Қарағанды қаласы Октябрь ауданының ауруханасына жеткізді, – дейді Ералиев ауылының әкімі Ербол Шубайұлы. «Ауыл – ел бесігі» деп бе­кер айтпаған. Қарағандылық азаматтар коронавирустан ауылы­мыз шы­ғынсыз өтсін деп тілейді. Ауыл тұрғындары да қалада дерт меңдеген жандарды жалғыз қал­дырмады.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы