Жуырда ел чемпионатындағы бас клубтың бірі саналатын «Астана» футбол командасының 4 ойыншысы коронавирус жұқтырып алды. Ізін ала осы ойыншыларға байланысты клуб ұжымы премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатына қатыса алмайтыны жайлы ақпарат тарады. Бұл ақпаратты клубтың ресми сайтында бас бапкер Михаил Билек те қостаған сыңай танытып, мәлімдеме жасаған екен. Чехиялық маманның айтуынша, «Астана-Аренаны» қайта қалпына келтіруге жауапты адамдар сырқаттанып жатыр, салдарынан стадионның жұмысы бітпей, барлық жоспар кейінге қалған. – Қазір қиын жағдайдамыз. Соңғы кезде толық құрамда бір жаттығу да өткізбедік. Төрт адам пневмониямен жатып қалды, әрине олар жаттыға алмайды, қайта қосылғандарын күтеміз. Одан бөлек, стадион дайын емес, сондықтан әр жаттығу кестесін өзгертіп отырамыз. Мұның бәрі бізге ауыр. Клубтың негізгі құрамдағы төрт ойыншысынан COVID-19 анықтауға тапсырған тесті оң нәтиже көрсетті. Бәрінен бұрын симптомсыз тасымалдаушылар осы уақытқа дейін командамен бірге жаттыққаны қорқытады. Яғни, ауру басқа ойыншылар мен клуб әкімшілігінің арасында таралуы әбден мүмкін, – дейді М.Билек. Футбол клубтарына байланысты мұндай келеңсіздік алғаш рет болып тұрған жоқ. Маусым айында «Шахтер» мен «Атырау» клубтары Қазақстан біріншілігінің қайта басталуына орай ұйымдастырылған жолдастық кездесуін өткізбейтін болған еді. Сол кезде «Шахтердің» бірнеше ойыншысының матч алдында температурасы көтерілген екен. Бірақ футболшылар содан бір күн бұрын ғана COVID-19 індетіне тест тапсырып, барлығының нәтижесі жақсы болған. Одан кейін ойыншылардың барлығы қайта тест тапсырғанымен, қорытындысы жария болған жоқ. Бұл тұста тағы бір маңызды жайт бар. Елімізде «Астана» мен «Тобыл» секілді беткеұстар футбол клубтары жуырда Еурокубок бәсекелеріне жолдаманы сарапқа салады. Ол үшін барлық футболшылар бабында болуы тиіс. Ал бұл жағдай оларға кедергі келтіріп отырғаны анық. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының хабарлауынша, тамыздың басында ел чемпионаты мен Еурокубокқа жолдаманы сарапқа салатын ойындар қайта басталуы қажет. Жоғарыда «Астана» футбол клубы ел чемпионатына қатысудан бас тартуы мүмкін екенін де айтқан болатынбыз. Команда ол үшін кәсіпқой футбол лигасымен келісімшартын бұзуға мәжбүр болады. Бірақ лига мүшелері клуб тарапынан мұндай шағым келіп түспегенін айтты. – «Астана» футбол клубынан ел чемпионатына қатысудан бас тарту жайлы шағым түскен жоқ. Оның үстіне құрама Еурокубокқа қатысуды жоспарлап отыр. Бұл мәселе бізді де алаңдатады. Сол себепті жақында Мәдениет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс жолдадық. Ұсыныс бойынша 25 шілдеден бастап барлық клубтарды Алматы қаласына жинауымыз қажет. Бәрі бір жерде оқшауланады. Алматыда 4 стадион бар, кезегімен ойындарын өткізе берсе дегенбіз. Өйткені клубтар бабында болмаса, мәселе сол кезде ушығады. Еурокубоктан тыс қалуы да ғажап емес. Егер осы ұсынысымызды қос министрлік қабылдамаса, бізде басқа амал жоқ. 3 тамыздан бастап әр қалада жанкүйерсіз матчтарды өткізе береміз, – дейді Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының баспасөз хатшысы Нұркен Мырзағалиев. Демек, «Астана» футбол клубы негізгі құрамдағы 4 ойыншының сырқаттанғанына қарамастан барлық додаларға қатыса бермек. Алайда клуб кәсіпқой футбол лигасына ел чемпионаты басталар уақытты ұзартуды сұрап, өтініш жолдаған екен. Бірақ лига талқыға сала келе, бір команда үшін уақытты шығындай алмайтынын жеткізген. Ал Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Мұратбек Әділбекұлы болса, клуб 4 ойыншы үшін ел чемпионатынан бас тартатын болса, командаға тиген соққы еселене түсетінін айтады. – Еурокубок – басты мәселе. Өзге елдерде жарыс тоқтаған жоқ. Сол үшін біріншіліктен бас тарту – жансақтық болмақ. Клуб ұжымы мұны жақсы түсінеді. Бұл қадамға бара қоймасы анық. Егер солай шешсе, кәсіпқой футбол лигасымен келісімшартты бұзып қана қоймай, шығынға ұшырауы да кәміл, – деді. Елдегі футболшылар ғана емес, әлемге танымал футбол клубтарының даңқты ойыншылары да вирус зардабын тартты. Сәуір айының басында Еуропадағы атақты деген 20-дан астам футболшының індет жұқтырғаны анықталған болатын. Сол кезде италиялық «Ювентустың» 3 ойыншысы сырқаттанды. Артынша барлығы сауығып, клубтар жанкүйерсіз матч өткізуді бастап кеткен еді. Қазақстанда футболшылардан өзге, басқа спортшылардан вирус табылған кездер болды. Мысалы, маусым айының орта ширегінде Қазақ күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы Айбек Нұғымаров індет жұқтырып, ауруханаға түсті. Сондықтан коронавирус спорттың қай саласына болса да, залалын тигізгені аян. Түйін: Егер пандемия ауыздықталмайтын болса, футболдан 2022 жылғы Әлем чемпионаты да жанкүйерсіз өтуі мүмкін деген болжам бар. Осыдан кейін спорт саласы көп қиындыққа ұшырарына күмән жоқ. Ал футбол клубтары жүлде алудан бұрын, ойыншылардың денсаулығына алаңдап әбігерге түсетіні анық.