Полицейлер дүкендер мен супермаркеттердің, кафе-мейрамхана иелері тарапынан, сонымен қатар түнгі 23.00-ден кейінгі шектеулерді орындамаған 400-ден астам бұзушылық деректерін анықтап отыр. Департамент бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, 11 шілдеден бастап құрамында әкімдік, санитарлық-эпидемиологиялық және полиция өкілдері бар мониторингтік топтың арқасында карантин режимін бұзған 388 оқиға тіркеліпті. Осы мерзім ішінде облыста салынған тыйымдарға қарамастан, үйлерінде адам жинап, жиын-той, садақа өткізген 19 отбасы анықталды. Мобильді топтармен дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз өсіру деректерін анықтау мақсатында 50-ден астам дәріханалар тексерілді. Тексеріс барысында қаладағы дәріханалардың біразында дәрі-дәрмекті көтерме бағамен сату дерегі анықталды. Сонымен қатар тексеру кезінде белгіленген шектеулерді орындамаған бірнеше дүкенді тапқан. Мысалы,СМП-163 ықшамауданындағы азық-түлік дүкені сағат 21.30 шамасында жұмыс істеп тұрған. Облыс орталығы Атырау қаласында карантин шектеулерін орындамаған 450 жағдай тіркелген. Карантин талабын сақтамау Атырау облысы тұрғындарының вирус жұқтыру қаупін әлі де болса жете түсінбей отырғанын айқындап тұр.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы