Бала кезімізде Диснейдің бар ханшайымын бір картинадан көргіміз келетін. Дегеніміз «Ральф интернетке қарсы» мультфильмінде орындалды. Сіз қазақ ертегі кейіпкерлерінің бір арнада тоғысқанын қалайсыз ба? Онда Мейіржан Жылқыбай атты балалар жазушысының шығармашылығын бақылауда ұстаңыз.
Мейіржан Жылқыбай – IT маманы. Оны әдебиетке әкелген – құштарлық. 7-сынып оқушысы ауруханада Алан Милн шығармасын қызыға оқымағанда, «Тауға саяхат» дейтін әсерлі туынды өмірге келер ме еді?
Жазушының фишкасы – еркіндік. Жазу стиліндегі еркіндік, ой еркіндігі, қиялдау. Жақында тұсаукесері өткен «Батыр қоян» ертегісі – осының дәлелі. Ертегі қазақ, орыс, корей және ағылшын тілінде Оңтүстік Кореяның Азия мәдениет орталығы қолдауымен жарық көрді. Кітаптың суретін Нам Соң Хун салған. Атақты суретші ертегідегі эмоцияны беруге барын салыпты. Иллюстрация суретшінің балаға деген сыйы екенін, бастысы зер сала жұмыс істеу керегін айтты. Қызығы, Оңтүстік Кореяда балаларға арналған кітаптың сурет бояуы қанық болмайды екен. Себебі, қанық түс эпилепсия ауруын тудыруы мүмкін. «Батыр қоян» кітабында да солғын түс пайдаланылған. Нам Соң Хун кітап иллюстрациясы үшін арнайы Қазақстанға келіп, зерттеу жүргізген. Түлкі, қоян, тиынды климат ерекшелігіне қарап салуға тырысқан.
«Батыр қоян» ішкі сенімнің күшін көрсеткен туынды. Балалар шығарма арқылы шектелу дейтін ұғымды ысырып қояды. Қазіргі қоғамда белгілі бір шеңбер жоғын көрсетеді. Түлкі қу, қасқыр күшті, қоян қорқақ екені белгілі. Алайда өзіне сенімді қоян батыл бола алатыны ертегіде суреттелген. Байқасаңыз, ішкі менді тәрбиелеу маңызды. Ал бала бойына сіңіру осындай хикаяларды оқудан басталады.
«Тауға саяхат» кітабын шығару – Мейіржан Жылқыбайдың бала күнгі арманы. «Батыр қоянмен» бірге бала арман да орындалды. «Тауға саяхат» кішкентай оқырманына жол тартты. Кітап иллюстрациясын Айсұлу Алмасбаева жасаған. Кейіпкерлермен етене танысқаны бейнелеудің әр деталінен байқалып тұр. Кітаптың алғашқы жартысы 2008 жылы, қалған бөлігі 2012 жылы жазылған. Оқи отыра автордың өскенін, оқиға беруінің өзгергенін байқауға болады.
Автордың ойынша, жазушы заман талабына сай өзгеруі қажет. Балалар аудиториясына зерттеу жасап, не ұнайтынын анықтаған жөн. Балалар әдебиетіне бизнес көзімен қарап, маркетингтің амал-тәсілдерін қолдану керек. Жазушыға қанат бітіретін фантастика мен армандау. Фантастика – адамды алға жетелейтін күш. Арман – адамға қанат бітіретін дүние. Ал Мейіржан Жылқыбай жиі армандайтындардың қатарынан.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ