Ұйықтап қалған ұры ұсталды
Ұйықтап қалған ұры ұсталды
Полиция дерегіне сүйенсек,  54 жастағы күдікті азамат өз кінәсін мойындаған. Ол түнгі уақытта мас күйінде   жекеменшік үйге кіріп кеткен. Себебі ол алдын ала   үйдің иесі жоқ екенін біліп алған. «Полиэтилен пакетке 8 мың теңгеге азық-түлік жинап алған ол қылмыс жасау кезінде ұйықтап кеткен. Таңертең үйден ұрлаған заттарымен шыққан бойда ұсталып, Жарма ауданының полиция бөліміне жеткізілді»  делінген хабарламада.  Ер адамның бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін қылмыстық  жауап­кершілікке тартылғаны анықталыпты. ШҚО Полиция депар­т­аментінің бастығы Сағат Мәди­евтің айтуынша, аталған факті  сот алдындағы тергеудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің  188-бабы 3-бөлімі 3-тармағында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша тіркелген. Бүгіндері ұйқышыл ұрыға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.  

Тұмар МЫРЗА