Қарағанды облысында 5 шілдеден бастап дәрілерге белгіленген шекті бағаны өсірген 45 факті тіркелді. Қарағанды облысының прокуратурасы полициямен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен, Экономикалық тергеу және Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен бірге дәрі-дәрмектердің бағасын көтеру жағдайларын анықтау бойынша рейдтер өткізуде. Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша мобильді топтар 5 шілдеден бастап дәрілерге белгіленген шекті бағаны қымбаттатқан 45 фактіні тіркеген. Тоғыз ереже бұзушыға 1,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 36 жағдай бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті кінәлілерді жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдайды. Мысалы, «Лазолван Юниордың» шекті бағасы 1635 теңге, оны 2 900 теңгеден және 1 797 теңге тұратын «Кардиомагнилді» 2 000 теңгеге сатқаны үшін Абай ауданы Топар кентіндегі дәріхана иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабының 1-тармағы бойынша 180 540 теңгеден әкімшілік айыппұл салынды. Жезқазған қаласындағы Laif дәріханасының фармацевтіне «Прегабалин» дәрісін дәрігердің рецептісіз сатқаны үшін 97 230 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы.