Жыр планетасы және Фариза

Жыр планетасы және Фариза

Биыл Фариза Оңғарсынованың туғанына – 80 жыл. Ақын құрметіне Атырауда айтыс өткізу жоспарланса, A+A idea fabric «Фариза» атты қойылым ұсынады. Қойылым тұсаукесері 5 қыркүйекте Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді.

A+A idea fabric продюсерлік орталығының «Фариза» спектаклін сахналаудағы мақсаты – ақынның сыршыл жырларына деген махаббатты көрсету. Фариза Оңғарсыноваға деген көрермен ықыласын пайымдау.

«Қазақ халқының маңдайына біткен ақын қызы Фариза Оңғарсынова жүрек түкпірінен төгілген жырларымен, қайраткерлігімен, ерекше тағдырымен дараланады. Дара талант ақындығынан асып, құбылысқа айналды. Оның өлеңінен біз көбіне өзін іздейміз. Кейде мұңды махаббаттан шаршаған, кейде отты сезімге шомылған ақын жырларын оқи отырып, өмірін саралаймыз. Өр мінез, текті тәкәппарлық, қайтпас қайсарлық. Біз бұл спектакль арқылы ақын Фаризаның жанын ұғынғымыз келді. Оның ұлылығын өмір ағысына ілеспей, оған қарсы жүзетін қайсарлығынан, ар тазалығынан, кең жүрегінен, махаббатқа адалдығынан іздедік. Сонымен қатар қойылымды ақынның 80 жылдығына орайластыру ойда болмаса да, межеленген уақыттың соған келіп сәйкестенуі бұл да бір тылсым құбылыс» делінген A+A idea fabric продюсерлік орталығының Instagram парақшасында.


 Спектакльдің бас продюсері және идея авторы – Айнұр Көпбасарова. Пьеса авторы – Роза Мұқанова, қоюшы режиссері – Фархат Молдағали, композиторы – Ренат Гайсин.  Фаризаның рөлін атақты актриса Назгүл Қарабалина сомайды. Сондай-ақ спектакльде Қуандық Қыстақбаев, Лейло Бекназар-Ханинга мен Ерлан Кәрібаев ойнайды.

Осыған дейін С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры көрерменге «Фариза мен Мұқағали» қойылымын ұсынды. Лирикаға құрылған қойылым көптің көңілінен шыққан еді. Басты рөлін Қарабалина сомдайтын туындыдан халық Фаризаны басқа қырынан таниды деген ойдамыз.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ