Қазақстанда мектептер «Білім күніне» дайын емес! Салалық министрлік мәліметінше, 129 білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Бұл – түбегейлі жөнделуі қарастырылған мектептердің 40 пайызы ғана. Қалған 60%-ында немесе 194 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұл деректер Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің отырысында жария етілді. Жиында белгілі болғанындай, жалпы алғанда, елімізде 716 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Алайда әзірге тек 323 мектепке ғана бюджеттен қаржы бөлінген. Олардың жартысынан астамы білімге шөліркеген шәкірттерге есігін айқара ашуға әзір болмай, күні бүгінге дейін құрылыстың шаң-тозаңына бөгіп жатыр. Өзге мектептердің де сәулеті мен сән-салтанаты келісіп отырғаны шамалы: 6 678 білім ордасына ағымдағы жөндеу жүргізуге тура келгені анықталды.
Бір ғажабы, оқушыларды бірнеше ауысыммен таң азаннан кеш қарайғанша оқытуға мәжбүр мектептер саны азаю орнына тіпті көбейіп кетіпті. Мәселен, БҒМ басшысы болған Ерлан Сағадиев өткен жылы Қазақстанда үш ауысымды 118 мектеп барлығын хабарлады. Олардың көбі Алматы (27), Ақтөбе (24), Ақмола (12), Атырау (11), Түркістан (10) облыстарында шоғырланған. Өзге өңірлердің еншісінде де бірлі-жарымы бар болған.
Министр бұл проблеманың шешілмеуінің себебі ретінде халық басының өсуін және көші-қон үдерістерін атады. Ол 2017 жылы елордаға еліміздің өзге өңірлерінен шамамен 80 мың адам, оның ішінде 17 мыңдай бала көшіп келгенін мысалға келтірді. Бұл бас қалада 15 жаңа мектеп салу қажеттілігін тудырған. Бірақ соншасы тұрғызылмағандықтан, білім шенеуніктері ол балаларды қолданыстағы онсыз да лықа толған мектептерге тықпалау жолымен шешкен. Біреуде ащы кекесін тудыруы мүмкін, бірақ Қазақстан астанасының өзінде оқушылар сыймағандықтан, есіктің аузына дейін және мұғалім үстелімен қатарласа парта қойып тастаған мектептер жетеді.
Үкіметтің кешегі отырысында жаңа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жариялаған дерекке жүгінсек, мемлекетімізде үш ауысымдағы мектептер саны биыл 128-ге дейін жетіпті. Олардың ең көп көлемі Алматы (34) облысында, Шымкент қаласында (19), сондай-ақ Ақтөбе (14), Атырау (14), Ақмола (11) өңірлерінде тіркелуде. Және бұл сан алда елеулі түрде артпақ.
Ал шатырынан су ағып, қабырғасы қақ жарылып, құлағалы тұрған мектептер саны 2018 жылы 44 болған. Олардың көбі – Түркістан (12), Жамбыл (7), Атырау (6) және Батыс Қазақстан (4) облыстарында.
Бұл жағдайды жауапты шенділер мен әкімқаралар қаншалықты түзей алды? Қазір 31 апатты мектеп қалыпты. Олардың басым көпшілігі – Түркістан (7), Батыс Қазақстан (5), Атырау (5), Жамбыл (4), Қостанай (3) облыстарында. Бұл ретте үш өңірде мәселе шешіле бастағаны, ал БҚО мен Қостанай жақта керісінше, ушыға түскені аңғарылады.
– Республикалық бюджет есебінен жаңадан 115 мектеп, жергілікті бюджет қаражатына 79 мектеп салынуда. Алайда бұл көрсеткіш бәрібір жеткіліксіз. Демографиялық өсім мен көші-қон үдерісіне байланысты қажеттілік өсуде. Мысалы, бір Алматы облысының өзінде үш ауысымды 30-дан астам мектеп бар. Алдағы 1 қыркүйектен бастап, бұл өңірде 50-ден астам мектеп үш ауысымда оқытуға көшкелі тұр. Нұр-Сұлтан қаласында да жыл сайын балалар қатары 20 мыңға өсуде. Бұлардың барлығын оқушылық орынмен қамту үшін жекеменшік мектептерді ашу өте маңызды. Сондықтан мектептерді жан басына қарай қаржыландыруды енгізу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл жекеменшік мектептер санын көбейтуге ықпал етеді, – деді А.Аймағамбетов.
Бұған дейін жекеменшік білім ордаларының саны елімізде 121 болса, биыл 146-ға жеткен. Жыл соңына дейін ақылы тағы 23 мектеп ашылады деп күтілуде. Оларға баратын шәкірттердің оқу ақысын белгілі бір көлемде мемлекет бюджеттен субсидиялайтын болады.
Айта кету керек, 2017 жылдың басында білім беру мәселелеріне арналған Үкімет отырысында сол кездегі Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылы үш ауысымды оқыту проблемасы шешілетінін мәлімдеді.
– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, үш ауысымды оқытуды 2018 жылы толық жою және мектептердің апатты ғимараттарын пайдаланудан бас тарту қарастырылған. Осы мақсаттарға 2016 жылы 57,4 миллиард теңге бөлінді және ол қаржыны жергілікті атқарушы органдар толығымен жұмсады. 2017 жылы бұл бағытқа тағы 80 миллиард теңге бөлінеді, – деген еді бас экономист. Ұқсас ақпаратты сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те ұсынған.
Миллиардтардың бәрі игерілді, құрылыс компанияларына аударылды, әлдекімдер қалтасына түсті. Алайда Үкіметтің уәдесі сол бойы орындалмады. Әрине, шенеуніктер мәселені шешуден бас тартып отырған жоқ. Тек министрлердің халыққа беретін сөзінің сағыздай созылғыштық қасиеті барлығы қынжылтады.
Кейіндері Үкімет алдына үш ауысымды және апатты мектептерді 2020 жылға дейін жою міндеті қойылды. Дегенмен сарапшылар атқарушы билікке келесі жылы бұл меженің бағынарына шүбәланады. Жақында, 15 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласында түйіні тарқатылмай отырған түйткілдерге тоқтала келе, «апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесі әлі де өзекті» екенін ескертті. Оның үстіне ел Президентінің пайымдауынша, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасының нашар жабдықталуы «жағдайды ушықтырмаса, жеңілдетіп тұрған жоқ».
Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Қ.Тоқаевтың бұл тапсырмасын орындау үшін 2020 жылдан бастап мектептер құрылысын және оларға күрделі жөндеу жүргізуді қаржыландырудың жаңа әдістемесі қолданысқа енгізілмек. Онда мектеп жасындағы балалардың санына байланысты жан басына шаққандағы қаражатты өңірлерге аудару көзделеді. Яғни, бюджет қаржысы әр оқушының соңынан еріп жүреді. Сонымен қатар мектептерді салу кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігі қолданылатын болады.
– Жергілікті атқарушы органдар мектептерді күрделі жөндеуді толығымен қаржыландырмайды. Бұл жыл сайын апатты мектептердің өсуіне алып келеді. Қазақстандағы білім ордаларының 44 пайызы 1980 жылға дейін салынған. Осы ескере отырып, әкімдіктерден күрделі жөндеуді тиісті қаржыландыру көлемін ұлғайту жолдарын қарастыруды сұраймын. Биыл 323 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жалпы қажеттіліктің 45 пайызын ғана құрайды, – деді Үкімет отырысында БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов.
Ол күрделі жөндеу 194 мектепте аяқталмағанына назар аудартты.
– Ақмола, Алматы, Атырау облыстарында жөндеу жұмыстарының аяқталмау қаупі болды. Премьердің тікелей тапсырмасы бойынша бұл мектептерге қосымша жұмысшылар тартылды. Олар бүгінде 2-3 ауысымда жұмыс істеуде. Жалпы, өзім біраз мектепті аралап, қарадым. Министрліктің бақылаушыларын да жібердік. Тұтастай алғанда, жұмыс қарқыны жақсы. Осы мектептер 1 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстарын аяқтайды. Ал, 7 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтамау қаупі сақталуда. Оның төртеуі – Қостанай облысында, екеуі – СҚО-да, біреуі – Жамбыл облысында, – дейді Білім және ғылым министрі.
Әйтсе де, оның байламынша, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан мектептерде балаларды оқыту жалғастырылады.
«Бұл мектептерде оқу процесі тоқтатылмайды. Қажет болған жағдайда оның оқушыларын жақын орналасқан мектептерге жеткізу қамтамасыз етіледі. Ата-аналар арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргіздік», – деді А.Аймағамбетов.
Қазақстан бойынша 25 637 баланы мектепке жеткізу үшін 918 автобус пайдаланылады. Негізі, егер мектеп ауылдан 3 шақырымнан қашықта орналасса және елдімекендер арасында тау, өзен-көл секілді табиғи тосқауылдар тұрса, онда жергілікті билік оқушыларды автобуспен апаруды жолға қоюы шарт. Әйткенмен, бұлай жасауға көп жерде көлік тапшы. БҒМ дерегінше, Түркістан облысында – 50, СҚО-да – 44, Ақтөбе облысында – 33, Алматы облысында – 23, Қостанай облысында – 16, Ақмола облысында – 7, БҚО-да – 5, Қызылорда облысында – 3, ал Қарағанды, Атырау, Павлодар облыстарында – бір-бірден, жалпы – тағы 184 мектеп автобусына деген қажеттілік бар.
Бұл сан бұдан да көп болуы мүмкін еді. Бірақ 2019 жылы 48 мектеп көлігі сатып алыныпты: Ақмола облысы – 31, Түркістан облысы – 6, Алматы облысы – 3, Ақтөбе облысы – 2, Атырау облысы – 2, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда өңірлері – біреуден.
Вице-премьерГ.Әбдіқалы-қова білім орындары оқушы қабылдауға дайын болуы үшін бірнеше мәселе шешімін табуға тиістігін білдірді.
– Жаңа оқу жылының басталуына бірер апта ғана қалды. Соған байланысты БҒМ мен әкімдердің назарын бірқатар мәселелерге аударғым келеді. Біріншіден, соңғы жылдары 1-сынып оқушыларының саны көбеюде. Тиісінше, оқушы орындарының жетіспеушілігі артуда. Ендеше, оқытудың қауіпсіз жағдайларын жасау мақсатында әкімдер мектеп директорларымен, ата-аналармен бірлесіп, балалардың бейімделуі, сабақ режимінің санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келуі мәселелеріне ерекше назар аударғаны жөн. Екіншіден, алыс ауылдардан оқушыларды тасымалдау мәселесі сақталуда. Оған 184 автокөлік жетіспейді. Бұған да әкімдер назар аударуы қажет, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.