Алматыдағы ахуал тұрақталып келеді – Камалжан Надыров

Алматыдағы ахуал тұрақталып келеді – Камалжан Надыров

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Камалжан Надыров БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізіп, шаһардағы қазіргі ахуалмен таныстырды. Ол «Қала бойынша эпидемиологиялық жағдай шиеленіскен, бірақ реттелуде. Алматы қаласы бойынша көрсеткіштер тұрақтанды, жүйелі жұмыстар атқарылуда» деді. Сонымен қазір Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай қандай? Қалада барлығы 9634 COVID-19 жағдайы тіркелген. Тәулік ішінде 241 жағдай анықталды. Осы күнге дейін 5667 адам немесе 60%-ы сауығып үйлеріне шығарылды, ал соңғы тәулікте 379 пациент емделіп, отбасына оралды. Коронавирустан қайтыс болғандар саны – 73 адам. Сондай-ақ Камалжан Надыров Алматының ковидтік ауруханаларында емделушілердің 27%-ы басқа аймақтың тұрғындары екенін де айтты.

«Алматы қаласында жұмыс істейтін басқа аймақтың азаматтары көп. Ал бұл фактор инфекцияның таралу деңгейіне айтарлықтай әсер еткендіктен аурулардың көбеюі байқалады. Сонымен қатар, күн сайын жақын орналасқан облыстардан жүздеген азамат Алматыдағы медициналық мекемелерге жүгінеді. Сондай-ақ, тіркеуде жоқ 60 мыңға жуық азамат Алматы қаласында тұрып жатыр», - деді ол.
Пандемия басталғаннан бері инфекциялық стационарлардың саны 13 есеге, 2-ден 26-ға дейін, тиісінше төсек-орын қуаттылығы 500 төсек-орыннан 6000-ға дейін артты. Осы аптада мынадай нысандар қайта бейінделді: 250 төсек-орынға арналған «Қазақстан» шипажайы, 376 төсек-орынға арналған «Көктем» шипажайы, 140 төсек-орынға арналған «Самал» пансионаты, 100 төсек-орынға арналған ҰОС мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпиталь. Алдағы уақытта жаңа нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Бұл Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, оның базасында 500 төсек-орынға арналған толыққанды клиника ашылады. Аталған орталық бірінші эшелонның ковидтік клиникасы ретінде жұмыс істейтін болады. Ал ковидтік кезеңнен кейінгі кезде толыққанды көпбейінді стационар ретінде жұмысын атқаратын болады. Қазір ол жерде құрылыс жұмыстары аяқталуда, сонымен қатар медициналық техникамен және қажетті кадрлармен жасақтау жөніндегі мәселесі пысықталуда. Осы нысанды қыркүйек айында ашу міндеті қойылған. Осылайша, қала 500 төсек-орынға арналған толыққанды және ковидтік кезеңнен кейін де халық игілігі үшін жұмыс істейтін көпбейінді клиникаға жүгіне алады.
Қазіргідей сын сағатта ана мен баланың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. «Әсіресе пандемия кезінде барлық әйелге қауіпсіз босану, босануға дейінгі және босанғаннан кейінгі күтім қолжетімді болуы маңызды», - деді спикер.
Ол қаладағы барлық перзентханада коронавирус инфекциясы бар жүкті  әйелдерді қабылдайтын бөлім бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, №4 перзентханаға 105 төсек орын қосылады. Сондықтан, диагнозы расталған болса да болашақ аналар алаңдамауы керек. Барлық перзентхана инфекцияны бақылаудың қатаң талаптарына сай келеді.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ