Талдықорғанда «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспаналы болған алғашқы жанұяны партиялықтар құттықтады.
Талдықорғандық Эльвира Тулақбаева «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасымен Алматы облысы бойынша алғашқы үй алған тұрғын болып тіркелді. Талдықорған қалалық партия филиалының төрағасы, қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов «Тұрғын құрылыс жинақ банкіне» арнайы келіп, Эльвира Мұхтарқызын қуанышымен құттықтады.
Байланыс саласының қызметкері Эльвира Тулақбаева баспаналы болғанын ағайын-туғандары, дос-жарандары да естіп қатты қуанып жатқанын айтты.
– «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасын енгізген мемлекетке рақмет. 2 пайызбен ипотекалық несие беру – ол азаматтар үшін өте үлкен көмек, – дейді ол қуанышын жасыра алмай.
«Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы – несиеге үй алуға жеңілдік ретінде құрылған бағдарлама. Несие жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен 19 жылға беріледі. Алғашқы жарна көлемі – 10 пайыз. Егер бағдарламаға қатысуға ниет білдірген көпбалалы, әл-ауқаты төмен, мүгедек баланы асырап отырған жалғызбасты аналар немесе әкелер алғашқы жарнаны төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда әкімшілік тарапынан 1 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификатын алуға мүмкіндігі бар. Алайда олар баспанаға мұқтаж отбасылар санатына жататынын дәлелдеуі қажет. Ол үшін атқарушы органнан көпбалалы отбасы екенін дәлелдейтін анықтама алып, оны банкке тапсырады. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы болуы міндетті. Олай болмаса, банктен дербес шот ашуға құқы бар.
Қазіргі уақытта Талдықорған қаласында «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға 246 адам өтініш білдірсе, солардың 84-і комиссиялық байқаудан өткен. Қалған азаматтар байқаудың нәтижесін күтіп отыр.