Жастар қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы саналады. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына, «Мәңгілік ел» болуына жол сілтейді.
Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат бақармасының Жастар ресурстық орталығының қолдауымен, Nur Otan партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен Халықаралық жастар күніне орай акция өтті. Бұл акция азаматтарды патриоттық тәрбиелеудің және ұрпақтар арасындағы диалогтың тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынды.
Шараға жосотандықтар, жастар ресурстық орталығының мамандары және түрлі қоғамдық ұйым белсенділері қатысты. Шара барысында жастар әрдайым жақсы көңіл күйде болу үшін жүгіріп, таңғы жаттығумен айналысты.
– Жастарды мерекесімен құттықтаймын. Бұл акция Халықаралық жастар күніне орай өткізіліп отыр. Барлықтарыңызды белсенді қоғамда белсенді өмір сүруге, басты байлық денсаулық екенін ұмытпауға, осындай таңғы жаттығуларға жиі қатысуға шақырамын. Биыл жастарға көп көңіл бөлінгені бізді қуантады. Мемлекетіміздің нығая түсуіне мол үлес қосу үшін жастар енді бұрынғыдан да белсенді болатынына сенімдімін. Аға буын өкілдерінің ізін жалғап, болашақта да сол жолда еңбек ететін боламыз. Жастар жылы – жастардың өзін дамытуына үлкен мүмкіндік. Еліміздің барлық жастарына тек сәттілік тілеймін, – деді ШҚО Семей қалалық бөлімшесінің жетекшісі Алмас Айтмұқаш.