Тұрғындар шағымына құлақ асты
Тұрғындар шағымына құлақ асты
171
оқылды

Алматыдағы Ақсай ықшамауданында қоғамдық тәртіптегі мекемелердегі заңбұзушылықтарға орай тұрғындардың шағымдары тыңдалды. Шара Nur Otan партиясының қалалық филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Кездесуге Әуезов ауданы әкімінің орын­басары Еркебұлан Оразалин, қала­лық мәслихат депутаттары, сондай-ақ өкілетті орган өкілдері мен тұрғындар қатысты.

– Біздің партияға Ақсай ықшамауда­нының тұрғындары хабарласты. Айту­ла­рын­ша, олар қоршаған ортаға зиян келтіру оқиғаларына жиі тап болған. Мәселен, мангалдарды көшеде пісіреді екен. Негізі бұған тыйым салынған. Соны­мен қатар архитектура­лық құры­лыс талаптарына байланысты ереже бұзушылықтар да бар. Біз шағым түсірушілермен келістік. Енді олар біздің қабылдауға тағы бір мәрте келіп шағым жазған соң біз оны тиісті бақы­лау­шы мемлекеттік органдарға жібере­міз. Оқиға орнына барып ереже бұзу фактілерін көзбен көрдік. Қазір ол электр арқылы жұмыс істейді екен. Бұған дейін көмір жаққаны үшін әкім­шілік айыппұл да салынған. Прокурату­ра тіркеуге алып тексеру жұмыстарын жүргізуі үшін біз жағдайды толықтай бақылаймыз. Мұнда соңғы рет келуіміз емес. Тексеру бары­сында тағы да соға­мыз. Орындалуын да қадағалаймыз, – дейді қалалық мәсли­хат депутаты Ерболат Қасымов.

Ақсай ықшамауданының тұрғыны Надежда Колмакованың айтуынша, сол төңіректі ыстың иісі жаулап алған.

– Түтін бүкіл бөлмеге жайылып кетеді. Түс кезінен бастап, олар от жаққан соң, біздің аумақ сынақ алаңына айналады. Ал кешкі уақытта айнала көк түтіннен көрінбей қалады. Мұндай жер­де қалай өмір сүруге болады? Адам­дар пәтерлерін сатып көшіп кетіп жатыр. Осылай өмір сүріп келе жатқа­ны­мызға 8 жыл болды. Төрт жылдан бері кафе басшылығымен салғыласып, күресіп келемін. Кафе әкімдік тарапынан үнемі ескерту алады. Бірақ пайда жоқ. Біраз жыл бұрын «Юбилейный» дүкенінде қандай өрт шыққанын білеміз. Біздікі одан да сорақы болғалы тұр. Мұның тезірек алдын алу керек. Кафеге газ тру­басы кіргізілген. Егер ол жарылар бол-са, онда «Ақсайдан» түк қалмайды, – дейді ашынған тұрғын.

Аудандық және қалалық партия басшылығы мұны қаперге алатынын, түйткіл бойынша кешенді жұмыстар жүретінін айтты. Қоғамға, шағын ауданға орасан залал тигізіп отырған кафе қызметі қатаң бақылауға алынып, тиісті жаза қолданылмақ. Оның қандай ауқымда болатынын, мәселенің қалай шешілетінін тиісті мемлекеттік орган­дар жариялайтын болады.


Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ