Биыл мал ұрлығы азайған
Биыл мал ұрлығы азайған
©Сурет интернеттен алынды
115
оқылды
Биыл Алматы облысында тәртіп сақшылары өзгенің мүлкін ұрлаған 2000 жуық тұлғаның әрекетін әшкереледі. Бұл жайында Алматы облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады. 1952 тұлғаның өзгенің мүлкін ұрлағаны анықталған. Олардың ішінде ұрлықты кәсіп қылған кәнігі қылмыстық топтардың мүшелері де бар. "Ұрлықтарды ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары барысында биыл 59 қылмыстық топтың жолы кесілді. Олардың 189 ұрлық дерегіне қатысы бары дәлелденді", - деп атап өтті Алматы облысы Криминалдық полиция басқармасының орынбасары полиция подполковнигі Дәурен Сәкенов. Полиция өкілінің айтуынша, облыс аумағында биыл 48 мал ұрлығын жасаған 15 барымташы тобы қолға түскен. Олар жасаған қылмыстардың 27 дерегі ауыр қылмыс санатына жатқызылған. "Биыл мал ұрлығы дерегі 31 пайызға төмендеді. Полицейлер барымташылардың жетегінде кеткен 823 бас малды тауып, заңды иелеріне қайтарды. Бұған дейінгі жылдары жасалған мал ұрлығына қатысы бар 80 қылмыстың мән-жайы анықталды", - деді полиция подполковнигі Дәурен Сәкенов. Айта кету керек, мал ұрлығының алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары мал және ет өнімдерінің тасымалына қойылатын талапты да қатаңдатқан. Алматы облысында биыл тиісті құжатсыз мал және ет өнімдерін тасымалдаудың 40 дерегі анықталып, жүргізушілерге 850 мың теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынған.