Жақында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің жетекшілігімен инвестиция мәселелері бойынша аймақтық үйлестіру кеңесі өткен болатын. Қала басшысы білім саласына құйылатын қаражаттың маңызы зор екенін атап өтті. Мәселен, елорда мектептерінде 20 мың орын жетпейді. Сондай-ақ үш ауысымда оқытуға мәжбүр болып отырған 8 мектеп бар. Білім саласындағы бұл мәселе тек бас қалада ғана емес, өзге облыстарда да шешілмей келеді. Жаңа оқу жылы болса, басталуға жақын қалды. Түйткілдің тағы қандай түрлері бар, оларды реттеу үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?
ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУ ОҢАЙ БОЛМАЙ ОТЫР
Жоғарыда атап өткен кеңесте елорда басшысы мектептердегі орын жетіспеушілігін шешу керегін шегелеп айтты. «Мамырда 6 мың оқушы мектеп бітіріпті. Бірақ бірінші сыныпқа баратын оқушылардың саны 24 мың екен. Яғни, 20 мыңға жуық орын тапшылығы байқалып отыр. Енді осы мәселені жеке мектептер құрылысы арқылы шешуіміз керек. Ол үшін отандық инвесторларды да, шетелдіктерді де тартып білім ордаларындағы орын жетіспеушілігін реттеуіміз тиіс» деген болатын.
Инвесторлар тарту демекші, бүгінде TAMOS EDUCATION ЖШС жеке физика-математика мектебінің құрылысы жайлы жан-жақты қарастырып жатыр деседі. Тартылатын инвестиция көлемі 4 миллиард теңгеден астам. Singapore International School Kazakhstan ЖШС жобасына сәйкес, мектеп қалашығын салу да жоспарланып отыр. Ол жерде білім мекемесінен бөлек, жатын орны бар кампус салынады. Сингапур инвесторлары шетелдік білім беру жүйесін ұсынып отырған көрінеді. Яғни, жазда ол ғимарат бос тұрмайтындай ету керек деседі. Базада семинарлар мен лекциялар өткізіп, тәжірибе алмасу мақсатында шетелден мықты профессорларды шақырған жөн деген ұсыныс айтып отыр. EURO AST KZ 2019 ЖШС болса, мектеп пен балабақша құрылысын ұсынған. 500 оқушы мен 120 мектеп жасына дейінгі балаларды қамтуды жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, мектеп салғысы келетін тағы 8 компания бар екен.
Алтай Көлгінов мектеп салатын жерді таңдаған кезде ол жерде халықтың қаншалықты көп тұратынын, инженерлік желілер мен инфрақұрылымдарға қосылу мүмкіндіктерін бағамдау керегін ескертті. Биылғы оқу жылының соңында Нұр-Сұлтанда 108 мектеп болған. Дәл қазіргі кезде 9 мектеп пен 10 мектеп жанындағы жапсарлас ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин бүгінде бас қалада ішкі миграция мен тұрғындар саны жылдам өсіп келе жатқанын айтып отыр.
«Соңғы жеті жылды алсақ, мектеп жасына жетпеген балалар саны екі есе өскен. Сонымен бірге, орта білім беру саласында да контингент жыл сайын өсіп жатыр. Мектептен 8-10 мың түлек түлеп ұшады да, 1-сыныпқа 23-25 оқушы барады. Мұның ішінде миграцияның есебі де бар. Сол себепті, қаржыландыру көлемін тиісінше көбейту керек. Осы тұста соңғы екі-үш жылда елордалық білім беру саласын дамытуға бағытталған бюджет шамамен екі еседей артты», – дейді Ә.Жанғозин.
Бала саны артты деген сөз кадр да тапшылық байқалатынын білдіреді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде мықты мамандар тарту және жақсы жағдай жасау үшін табанды жұмыстар атқарылып жатыр деседі. Мысалы, баспана алуға 1 миллион теңгелік 275 сертификат табысталған. Одан бөлек, сұранысы жоғары педагогикалық мамандықтарға еліміздің оқу орындарынан 316 орынды мемлекеттік тапсырыс берілген. Олардың алғашқы легі 2023 жылы бітіреді деп жоспарланып отыр. Басым көпшілігі – бастауыш және арнайы білім беру педагогтары. Ал колледжерде 850 маманға мемлекеттік тапсырыс орналастырылған. Жас мамандарға арналған 300 орынды жатақхананың құрылысы бүгінде аяқталған. Алдағы оқу жылында ашылады деген жоспар бар.
«Колледж – университет» үздіксіз білім беру жүйесін құру шеңберінде гуманитарлық колледжді басқармаға тапсыру үдерісі жүріп жатыр. Осылайша, жылына 1 000 педагог даярлауға арналған жаңа алаң пайда болады. Әкімдіктің ақпараты бойынша, қуатты педагогикалық қауымдастық қалыптастыру үшін 2018 жылдың қаңтар айында білім беруді жаңарту орталығы ашылған. Ол жерде түрлі деңгейдегі 7 мыңнан астам ұстаз оқытылған. Мұның ішінде жеке балабақша тәрбиешілері де бар.
Астанада апатты жағдайда тұрған бір мектеп бар. Ол жер бүгінде жабық. Бұл мәселені шешу мақсатында осы ауданда келер жылдың аяғына дейін мектеп салынады. Елордада 5 жеке мектеп бар. Алдағы уақытта тағы үшеуі ашылады деп жоспарланып отыр. Ата-аналардың қалтасына ауырлық салмас үшін білім мекемелеріне мемлекеттік тапсырыс беріледі. Сонымен бірге, биыл тұңғыш рет халықаралық инвесторларды тарту арқылы мектеп салуға инвестициялық келісімшарттар жасалып отыр. Бұл дегеніміз – 10 мың орынды 8 жаңа мектеп. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы бітуі тиіс. Бас қаладағы жағдай осындай.
Алматы облысындағы ахуалға келсек, аймақта құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өйткені биыл 14 білім беру нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде жоспарға сәйкес, 6 мектеп, бір мектеппен жапсарлас ғимарат және 3 жатақхана пайдалануға беріледі. Осы мақсатта республикалық және жергілікті бюджеттен 10 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін облыста қосымша 30 мектептің құрылысы жоспарланған. Мұның ішінде жеті нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатса, төртеуінде – мемлекеттік экспертиза қорытындысы жасалған, жыл соңына дейін қалған 19 нысанға байланысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа іссапармен барғанда, алдағы екі-үш жылда орын тапшылығын түгелдей шешу керек деп қадап айтқан болатын. Осы мақсатта 20 жаңа мектеп салып, құрылыс жұмыстарына 29 миллиард теңге бөлуді тапсырған еді. Қаражат 2020-2021 жылдары бөлінеді деп жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысында аталған мәселені реттеу үшін 4 мектеп салынбақ. Сонымен бірге, бесіншісін салуға байқау жарияланған. Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, аймақта апатты жағдайда тұрған мектеп атауымен жоқ. Әйтсе де, алты мектепте бастауыш сыныпта 2 563 оқушы үш ауысыммен оқуға мәжбүр болып отыр. Мұны шешу мақсатында Басқұдық ауылында – 320, Атамекенде – 320, Батырда – 960 және Ақшұқырда 600 орынды мектеп салынады. Ақтау қаласының 34 шағынауданында 900 балаға арналған жаңа мектептің құрылысына байқау жарияланған делінген баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Солтүстік Қазақстанда үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында жаңа мектептердің құрылысы жоспарда бар. Петропавл қаласында алдағы уақытта үш жаңа мектеп бой көтереді деседі. Оның екеуінің құрылы-сы басталып кеткен. «Береке» шағынауданында салынып жатқан ғимарат 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс. Жергілікті биліктің жоспарына сәйкес, Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылында және Тайынша ауданында мектеп салынады. «Осы жылы білім саласына бөлінген қаражат 18 пайызға артты. Яғни, облыс бюджетінің 30 пайызына тең. Атап айтқанда, 60 миллиард теңге бөлінді. Соңғы үш жылды алар болсақ, осы саладағы шығын 13,6 миллиард теңгеге көбейді» дейді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 142 білім беру нысаны жөндеуден өткізіледі. Оның ішінде 94 ауыл мектебі бар. Бұл дегеніміз жаңа оқу жылынан бастап, облыс оқушыларының жартысы, 35 мың бала жөнделген мектепте оқитынын білдіреді.
Аймағамбетовтің айтуынша, оқулық сапасына қатысты мәселенің кесе-көлденең шыға беруінің бір себебі – уақыттың аз болуы. Көпшілігі асығыс жазылып, соның салдарынан сапасы да төмен болып шығады. Сонымен бірге, министр жыл сайын өткізілетін экспертиза жұмыстарына қатысты да біршама сын айтты.
Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндердің саны жылдан-жылға жылдам қарқынмен өсіп келеді. Мысалы, 2017-2018 және 2018-2019 оқу жылдары 358 571 және 389 897 бала мектеп табалдырығын аттаған. Биыл да бірінші сынып оқушыларының саны көбейеді. Өйткені 2012 және 2013 жылдары 768 409 бала дүниеге келген екен. Демографияның жыл өткен сайын өсіп келе жатқаны қуантады. Енді қалғаны осы сұранысқа сай ұсыныстардың жасалғаны ғана. Былтыр бір сыныпта 25 баладан астам оқыған. Бұл болса, нормативтік санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға қайшы келеді.
ОҚУЛЫҚТАРДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚ ТА АЗАЙМАДЫ
Жаңа оқу жылымен келетін келесі мәселе – оқулықтардағы қателер. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқулықтарындағы олқылықтарды көзбен көріпті. «Оқулықтар мәселесі жыл сайын орын алғанымен, шешілмей келеді. Сапасына қатысты айтылатын сын – шын сын. Өйткені қате расымен бар. Кейбірі әріптерді терген кезде кетіп қалғанын, енді бірі техникалық қате деп жатады. Бірақ қоғамды ондай ақталған сөздер қызықтырмайды. Өзім көргендерін тізіп шығайын. Орыс әдебиетінде өрескел қателер өріп жүр. Бір кейіпкерді біресе атымен, енді бірде тегімен атайды. Сонымен бірге, физика оқулығын алып қарасақ, дұрыс жауабымен сәйкес келмейтін есептер бар. Географияны қарасақ, картаға қатысты мәселе көп. Ағылшын тіліндегі кейбір сөздердің қазақша аудармасы дұрыс емес» дейді сала министрі.
Аймағамбетовтің айтуынша, оқулық сапасына қатысты мәселенің кесе-көлденең шыға беруінің бір себебі – уақыттың аз болуы. Көпшілігі асығыс жазылып, соның салдарынан сапасы да төмен болып шығады. Сонымен бірге, министр жыл сайын өткізілетін экспертиза жұмыстарына қатысты да біршама сын айтты. «Экспертизаны екінің бірі жасай алмайды. Мықты ұстаздың барлығы мықты сарапшы болмауы мүмкін. Сондықтан біз кәсіби сарапшыларды дайындауды қолға алуымыз керек. Сол кезде экспертиза нәтижесі де қуантатын болады. Бүгінде сараптама деген аты ғана бар» деген еді.
Оқулықтардың сараптама жұмыстарының сапасын жақсарту үшін не істеуге болады? Білім және ғылым министрлігі кәсіби сарапшыларды дайындап, оларды арнайы сертификаттауды ұсынып отыр. Осылайша, оларға оқулықтарды тексеріп, сараптауға алдын ала мүмкіндік бермек. Мысалы, қазір сараптама жұмыстары жылына екі рет, бір аптадан өткізіледі. Ал енді алдағы уақытта оқулық жазылып бастаған кезінде тексеру үшін электронды форматта тексеруге жіберіп отыру жоспарда бар деседі. Осылайша, сарапшы-маман арнайы платформада тексеріп, ескертпелерін қалдырып отыруға мүмкіндік алады. Оқулықты құрастырушылар болса, сол қателерді жөндеуге жауапты болады. Тағы бір айта кететін жайт, рецензиялау жұмыстары жасырын түрде өткізіледі. Яғни, эксперттер тексеру барысында автордың кім екенін білмейді. Сондықтан байыппен тексеріп, құрастырушының тарапынан қысымға ұшырамай жұмыс істейтін болады. Министр осы ретте он қадамды атап өтті. Тізбектеп шығалық:
1. Ұстаздарды жинап, арнайы курс өткізіп, сертификаттау керек. Тұрақты қатысушылардың базасын құру қажет. Эксперттік және пәндік комиссия мүшелері сол базадан құпия әдіс арқылы таңдау;
2. Оқулық авторларын оқыту;
3. Экспертиза жасау процесін жетілдіру. Ол үшін оқулықтардың сараптамасын жасауға арналған арнайы платформалар керек. Сарапшылар сол жерде тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
4. Ескертпелердің қаншалықты ескерілгенін электронды платформа арқылы қадағалау қажет. Әр айтылған ескертпенің нақты жауабы болуы тиіс;
5. Оқулықтарды рецензиялау жасырын жүргені жөн. Яғни, эксперттер тексеру барысында автордың кім екенінен бейхабар болады. Ол болса қысымның болмауын қамтамасыз етеді.
6. Баспалар қате жіберген жағдайда оқулықтарды ауыстыруды өз мойнына алуы керек;
7. Баспа қатесін жөндемесе, арнайы санкциялар қарастырылады;
8. Оқулықтар бағасына анализ жасау жұмыстарын министрлік бақылауға алады;
9. Оқулықтардың көлемін кішірейту;
10. Белгілі бір пәндердің бағдарламаларында кеткен олқылықтарды жөндеп, ретке келтіру.
Қыркүйектің бірінен бастап БҒМ сайтына 1-10 классқа арналған оқулықтардың электронды нұсқалары салынады. Олар EPUB форматында болады. Осылайша, оқушылар электронды құрылғылар арқылы кітаптарды қолдануға мүмкіндік алады. Көптен бері сынға ілініп жүрген мәселенің бірі – мектеп сөмкесінің салмағы. Егер осы жаңа бастама сәтті жүзеге асырылса, аталған проблема да шешілер еді. Әйтсе де, интернеттің барлық мектепке қолжетімді емес екенін де ескеру қажет.
Естеріңізде болса, Мәжілістің кеңейтілген отырысында Бақытбек Смағұл осы оқулықтардағы қателерді сынға алған болатын. Соның ішінде қазақ мектептеріне арналғандарына тоқталды. «Шыны керек, қазақша оқулықтардың көбі аударылады. Мысалы, «Физикада» қате тұнып тұр. Мәтіндер жөнді тәржімаланбаған, кей есептердің шешімі дұрыс емес. «Алматыкітапқа» қатысты айтар болсақ, 4-сыныпқа арналған математика кітабын қараңыздар. 56-бетінде валюталар туралы жазылған. Алдымен, шетелдің валюталары, сосын барып төл теңгеміз туралы ақпарат жүр. Бұл – өте өрескел қате. Сонымен бірге, қазақ оқулықтарына тән емес адам есімдері бар. Айталық, Дори Мори, Ори сынды аттарды көруге болады. Басқа қазақша есім табылмады ма? 4-сыныпқа арналған оқулықтағы мынадай тапсырманы көрдік. «Рататуй» мультфильмін көріп, мазмұнын айтып беру. Қазақша шығарма аз ба? Бұл айтқандарымыз – аз бөлігі ғана. Грамматикалық, техникалық қателер көп. Осылай жалғаса берсе, оқушылардың ертеңі қандай болады?» деп орынды сынаған еді. Министрлік уәдесінде тұрып, сараптама жұмыстарының сапасын ретке келтірсе, олқылық азая түсер. Қызықтың көкесін қыркүйекте, жаңа оқу жылы басталып, оқушылар оқулықтарын парақтағанда көреміз.
Айтпақшы, мектеп сөмкесінің салмағы туралы. Оқушының денсаулығына зиян тигізбес үшін сөмке қанша келі болуы керек? Бұл сауалға Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин былай деп жауап берді. «Оқу процесінде мектеп оқулықтарының маңызы жоғары. Санитарлық экспертиза нәтижесінен соң, мектеп басылымдарының талапқа сай не сай емесін көрсететін эксперттік қорытынды жасалады. Бір оқулықтардың салмағы 1-4-сынып оқушылары үшін 300 граммнан, 5-6-сынып үшін 400 граммнан, 7-9-сынып үшін 500 граммнан және 10-12-
сынып үшін 600 граммнан аспауы тиіс. Осыған дейін бұл талаптарға сай болмаған оқулықтар, яғни салмағы асып кеткендері Комитет ұсынысымен бірнеше бөлікке бөлінді. Бір айта кететіні, егер осы бекітілген салмақтан асып кеткенін байқасаңыздар, телефон не комитеттің сайты арқылы хабарлауға болады» дейді Ж.Бекшин.
Оқулықтар саудасы қыркүйекте қара базарда қызады. Сондықтан көшірме нұсқаларының қаптап жүретіні де белгілі. Ондай өнімдер әлдеқайда арзанға шығады. Олай болатын себебі, қағаздың сапасы төмен. Бұл дегеніміз қарауға ыңғайсыз болып, көздің көруіне зиянын тигізуі мүмкін. Асылы, арнайы дүкеннен алған дұрыс.
ТАҚЫРЫПТЫҢ ТОҚЕТЕРІ:
Білім саласында «былық» аз емес. Жаңа оқу жылы басталған тұстан көңілі толмай, арызданып жүргендер көбейеді. Шырылдаған ата-ана баласын үшінші ауысыммен сабаққа жіберіп, кеш батқанда уайымдай бастайды. Енді бірі оқулықтардағы олқылықтарды көріп, болашаққа алаңдайды. Бәрінің де негізі бар. Айтқан уәждері де орынды. Сынды министрлік қабылдап, түзетсе игі. Әйтпесе, «айта-айта Алтайдының» әңгімесі жыл сайын айтылады.