Қажымұқанның замандасы, құмықтың айтулы балуаны Әл-Қылыш Хасаев туралы Қап тауын мекендейтін халықтар арасында аңызға бергісіз небір әңгімелер бар. Әл-Қылыш қаламгер Мәриям Ибрагимованың «Звенел булат» хикаятында басты кейіпкерлердің бірі ретінде суреттелсе, Ахмед Хан Әбубәкірдің «Тайна рукописного Корана» кітабында атақты балуан туралы біраз дерек бар.
Иә, қай халықтың тарихында болсын, ел қорғаған батырлар мен бармағынан күш саулаған балуандарды көпшілік ерекше қадір тұтып, сый-құрметке бөлеп отырған. Қазақтың даңқты балуаны, күш атасы Қажымұқанмен бір кезеңде кілемге шығып, шағын ғана құмық халқының намысын айдай әлемге танытқан Әл-Қылыш 1880 жылы Дағыстанның қазіргі Буйнак ауданында өмірге келіпті. Әл-Қылыш жарық дүниеге шыр етіп түскен сәтте алақанын тосқан әженің уысынан бұлқынып шығып кетіпті деседі. Бойында бұла күші бұлықсыған жұдырықтай бала ересектер көтеретін жүкті иығына артып, қатарластарының шамасы жетпейтін небір ауыр жұмыстарды атқарған екен. Әл-Қылыш бала кезінде сүйегі қатып, буыны бекіген жігіттердің өзін жекпе-жекте шыдатпайтын болыпты. Оның әпкесі де өте қарулы болған деседі. Әйел заты болса да, еңгезердей жігіттердің қолын қысқанда сүйегін уатып жібере жаздайды екен.
Жастайынан қара жұмысқа жегілген Әл-Қылыш есейе келе күнкөріс қамымен қалада жүкші болып істейді. Бір өзі екі-үш адамның жұмысын қиналмай атқаратын қайратты бозбаланың аты шағын қалаға тез тарайды. Оның сұрапыл күші туралы құлақтанған бай-манаптар үш-төрт адам бітіретін шаруаға бір ғана Әл-Қылышты жалдай бастайды. Әл-Қылыш қолдан-қолға көшіп, біраз жүкші бұрынғы нәпақасынан айрыла бастаған соң кейбір жұмысшылар оған «жүкшілікті доғармасаң, біздің бала-шағамыз аш қалатын болды» деп өтініш білдіреді. Бұл кезде Әл-Қылыштың даңқы бүкіл Дағыстанға мәшһүр болып, оны циркте өнер көрсетуге шақырады. Содан Әл-Қылыш цирк труппасымен бірге бүкіл Қапқаз елдерін дүркірете аралап, одан Қазақ елі, Орталық Азияға сапарға шығады. Қай жерге барса да, Әл-Қылыштың алапат күшіне жұрт қайран қалып, дуылдата қол соғып жатады. Мұндай алыпты тапқандарына мәз болған цирк иелері онымен бірге Ресей, Украина елдерін аралап шығады.
Сол кездің, қазіргі тілмен айтқанда, пысық менеджерлері оны цирк өнерпазы ретінде ғана пайдаланып қоймай, балуан ретінде де алқалы топ алдына шығара бастайды. Қарсы келгенді тулақша қағып, қоғадай жапыратын Әл-Қылыш сол кездің атақты балуандарымен бірге Түркия, Иран, Әзірбайжан, Қытай, Франция елдеріндегі жарыстарға қатысады. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, құмық батыры Хасаев балуан күресте де абыройға бөленіпті. Ол боз кілемге Робен деген бүркеме атпен шыққан екен.
Кезінде Әл-Қылыш Хасаев бұрап,
майыстырған мына білектей темір қазір
Дағыстанда ескерткіш ретінде тұр.
Әл-Қылыш Ресей империясының бетке ұстар балуаны, дүниежүзінің бірнеше дүркін чемпионы, Запорожье казагы Иван Поддубныйды тізе бүктіріпті. Петербордағы балуандар сайысында Поддубный жығылғанын мойындап, дүйім жұрттың алдында «Это не человек, а сам дьявол, состоящий из стальных мускулов» деп алтын зерлі чемпиондық белдігін Әл-Қылышқа тарту етеді. Осы жеңістен кейін Әл-Қылыштың даңқы тіпті аспандай түседі. Иә, сол заманда күші мен айла-тәсілі Поддубныйдан асып түсетін балуандардың болғаны анық. Сондай сирек кездесетін алыптың бірі әрі бірегейі – дүниежүзінің чемпионы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы еді. Қажымұқан атамыз Поддубныйды жасы үлкен аға, ұстаз санағандықтан, оны жағадан алуды ар санаған екен. Екеуі жеребе бойынша кілемде беттескеннің өзінде Қажекең сырт көзге жанұшыра белдескен кейіп танытып, шын мәнінде, Поддубныйдың жолын кесуді мақсат тұтпағаны анық. Әйтпесе, бишік сартылдап, екі нар түйе барқылдап, екі жаққа ышқына тартқанда Қажымұқанның білегіндегі арқанды жұлып әкете алмаған ғой. Ал көнекөздердің айтуынша, Қажымұқан қос қапталындағы екі түйені кеудесіндегі арқаннан ұстап жұлқып қалғанда, екі қоңыр атанның тұмсығы бір-біріне сарт етіп соқтығысты деседі. Қажымұқан мен Әл-Қылыш талай дүбірлі додаға бірге қатысуы әбден мүмкін. Бірақ қос алыптың өзара белдескені туралы нақты дерек қолымызда жоқ.
Спорт мамандары Дағыстанның тұңғыш кәсіби балуаны санайтын Әл-Қылыш Хасаевтың арыстанмен алысқаны туралы балуанның қызы Солтанаттың аузынан жазылып алынған қызықты дерек оқырманды бейжай қалдырмасы анық. «Самсон» порталында жарияланған оқиға былай өріледі.
ХХ ғасырдың басында Ресей патшасы ІІ Николайдың қатысуымен Петерборда балуандар бәсекесі өтеді. Осы сында орыс патшасының үміт артқан балуаны Әл-Қылышпен белдесіп, мерт болады. Бұған патша қатты ашуланып, зайыбы Александра Федорқызының басу айтуымен ғана сабасына түссе керек. Содан ІІ Николай патша Әл-Қылыштың дүйім жұрттың көз алдында арыстанмен айқасуын талап етеді. Намыс буған Әл-Қылыш келіседі.
Әл-Қылыш Ресей империясының бетке ұстар балуаны, дүниежүзінің бірнеше дүркін чемпионы, Запорожье казагы Иван Поддубныйды тізе бүктіріпті. Петербордағы балуандар сайысында Поддубный жығылғанын мойындап, дүйім жұрттың алдында «Это не человек, а сам дьявол, состоящий из стальных мускулов» деп алтын зерлі чемпиондық белдігін Әл-Қылышқа тарту етеді. Осы жеңістен кейін Әл-Қылыштың даңқы тіпті аспандай түседі.
Қапаста тұрып, екі көзіне қан толған ашулы арыстан Хасаевты алдыңғы аяғымен омырау тұсынан салып жібергенде, құмық балуаны шалқасынан түседі. Қас-қағымда арыстан кеудесіне қона бергенде Әл-Қылыш аң патшасының азуын екі айырып тастайды да, өзі талықсып кетеді. Содан тек үшінші күні ғана есін жиса керек. Әл-Қылыштың жүрек жұтқан батырлығы мен сұрапыл күшіне тәнті болған ІІ Николай патша құмық балуанына арыстанмен айқас бейнеленген алтын белбеуді сыйға тартыпты.
1915 жылы Әл-Қылыш Хасаев Кавказ әскери округына қызметке алынып, штаб жұмысын атқара бастайды. Кейін ол түрік жағының жансызы деп айыпталып, Томск губерниясына жер аударылады да, полиция бақылауына көшеді.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Дағыстанға оралған Әл-Қылыш елдегі саяси дүмпудің бел ортасында жүреді. Ол халық жасағын ұйымдастырушылардың алдыңғы легінен табылып, қарапайым халыққа қару таратады, жігіттерді соғыс ісіне дайындауға белсене атсалысады.
Қазан төңкерісінен соң Әл-Қылыш Хасаев қызыл коммунистерге қарсы майданның алдыңғы шебінде болады. 1920 жылдың жазында большевиктердің қолына түскен Әл-Қылыш балуан Дағыстан облыстық әскери трибуналының үкімімен өлім жазасына кесіледі. Большевиктер оны жұрт көзінен таса жерге жерлейді. Соның салдарынан атақты балуанның жақындары оның сүйегі қай жерде жатқанын осы күнге дейін білмейді.
Сөйтіп, білектей темірді қиналмай бұрап, қиналмай майыстыратын, салт аттыны иығына салып көтеріп кететін, дәу өгізді арқалап жүре беретін, адамның құшағы жетпейтін бөренені қолтығына қысып сүйреп әкететін құмық балуаны, қырық жастағы Әл-Қылыш Хасаев жер дүниенің астаң-кестеңін шығарған алапат өрттің жалынына шарпылды. Иә, халық батыр ұлын аңсамай тұра алмайды. Қазақ халқына күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы қандай қадірлі болса, түбі бір құмық бауырлар үшін Әл-Қылыш Хасаевтың орны сондай.
Қыдырбек РЫСБЕК