Оның айтуынша, 15 шілде күні жасотандықтардың бастамасымен «Дәрігерлерге мың алғыс» республикалық акциясы бастау алды.
Осы бір апта ішінде атқарылған жұмыспен бөліскім келіп отыр.
⠀
Жалпы аталған акцияға ел бойынша 445 волонтер жұмылдырылды. Волонтерлардың барлығы бірнеше бағытта жұмыс атқарды:
⠀
1. Біраз уақыт бойы өз отбасыларынан оқшаулауға мәжбүр болған 3 452 орта буын медицина қызметкерлеріне «Алғыс пакеттері» табысталды.
Аталған жиынтықтар дәрігерлердің ұсыныстары мен тілектері бойынша жиналған болатын.
Атап айтқанда, пакеттерге имунитетті көтеру үшін бал, лимон, жент, үзіліс кезінде шәймен ішетін тәттілер, сонымен қатар қолғаптарды киюден пайда болған қолайсыздықтардың алдын алу үшін қол кремі, майлықтар және т.б. салынды.
⠀
2. COVID-19 науқастарымен тікелей байланыстағы дәрігерлердің иммунитетін көтеру үшін медициналық мекемелерге 465 литр қымыз және 150 литр шұбат жеткізілді.
Бұдан басқа, 11,5 тонна ауыз суы және 3 «Бобров» аппараты ұсынылды.
⠀
3. Түркістан облысында «SHIPA» және «O2MIR» жобалары іске қосылды.
«O2MIR» жобасы аясында елімізде тапшы болып отырған оттегі аппараттары шетелдерден өңірдегі емханаларға жеткізілді.