Жүкембаев бапкер ауыстырды
Жүкембаев бапкер ауыстырды
154
оқылды

Бірінші жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев шаршы алаңға қайта оралу үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Боксшы 26 қыркүйек күні рингке шықпақ.

16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен қазақ боксшысы Канаданың Монреал қаласында IBF тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы мексикалық Мигель Васкеспен кездеседі. Васкес осыған дейін шаршы алаңда 49 рет жекпе-жекке шығып, 41 мәрте жеңіске жеткен. Оның 15-ін нокаутпен аяқтаған. Ал 8 кездесуде жеңіліс тапқан. Eye of the Tiger Management компаниясының әлеуметтік желідегі ресми парақшасының хабарлауынша, қыркүйектегі кездесуге дайындықты Батыр Мәскеудегі Bupas Gym залында беларусиялық маман Андрей Ивичуктың қоластында өткеріп жатыр. Бұған дейін ол қазақстандық Қанат Алтаев және канадалық Стефан Ляурш сынды бапкерлермен жұмыс істеген.

– Eye of the Tiger Management Андрей Ивичуктың компаниясымен бірлесіп жұмыс істейді. Біз олармен Монреалда жүрген кезде танысқанбыз. Мен өзім Канадада қала алмадым. Себебі, мұнда отбасым бар. Ұлым өсіп келеді. Олардан жырақта өмір сүру қиын. Батыр өзінің боксшылық арсеналын ұлғайту үшін Ивичукпен бірге жұмыс істеуде. Бұл оған үлкен пайда әкеледі деп ойлаймын, – дейді Қанат Алтаев отандық sports.kz сайтына берген сұхбатында.