Халық санағына қатысты іс-шаралар өткізілмейді - Статистика комитеті
Халық санағына қатысты іс-шаралар өткізілмейді - Статистика комитеті
© сурет интернеттен алынды
Қазіргі уақытта халық санағына қатысты іс-шаралар өткізілмейді, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті. «Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде алаяқтықтың жаңа бір түрі пайда болғаны туралы ақпарат таралуда. Қолдарына папка ұстаған, куәліктері бар, ақ жейдедегі жастар өздерінің әкімдіктен екендіктерін және халық санағын жүргізіп жүргендерін хабарлай отырып, үйлерді аралауда. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті қалың жұртшылық пен тұрғындарға ақпарат беру мақсатында мұндай «сілтемелердің» шындыққа жанаспайтынын және халық санағын өткізуге ешқандай қатысы жоқ екенін ресми түрде хабарлайды», делінген хабарламада. Комитеттің мәлімдеуінше, елдегі короновирус инфекциясының таралуы бойынша қалыптасқан жағдайға және қатаң карантин шектеу шараларының еңгізілуіне байланысты, ҚР Үкіметі Ұлттық халық санағын өткізу мерзімін кейінге қалдыру туралы мәселені қарастыруда. «Осыған байланысты, қазіргі уақытта халық санағына қатысты іс-шаралар өткізілмейді», делінген хабарламада.