Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Білім және ғылым министрлігіне әлгіндей құбылыстың белең алуына биыл тосқауыл қою керек деген ұсыныс жасапты.
Сондықтан БҒМ алда қашықтан емес, дәстүрлі форматта оқитын шағын жинақты мектептердегі және кезекші сыныптардағы оқушыларды мектеп формасын киюден босатты. Яғни, бұрынғыдай дресс-код жоқ, білім ордасы үшін бекітілген киім үлгісін сақтамаған бала үйіне қуылмайды.
Дегенмен ведомство ата-аналарға жас өскіндерді сабағына аттандырғанда ең құрығанда «іскерлік, классикалық стильді» сақтауға кеңес берді.
Бұл жайында 2020 жылғы 13 шілдеде қабылданған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бұйрығында айтылады. Жаңа құжат 2016 жылғы 14 қаңтарда, БҒМ-ды Аслан Сәрінжіпов басқарып тұрған тұста өмірге жолдама алған «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрыққа толықтыру енгізеді.
«Тиісті мемлекеттік органдар шектеу іс-шараларын жүзеге асырғанда, төтенше жағдай енгізілгенде, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, форс-мажор жағдайлары туындағанда тиісінше шектеу іс-шаралары алынғанға, төтенше жағдай, форс-мажор жағдайлары тоқтатылғанға дейін ата-аналар балаларды орта білім беру ұйымдарына киіп бара алатындай іскерлік, классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен қамтамасыз етеді», – делінген министрдің жаңа бұйрығында.
Асхат Аймағамбетов бұл қадам «Қазақстан мектеп киімінен бас тартты» дегенді білдірмейтініне назар аудартты.
– 2020-2021 жаңа оқу жылында міндетті мектеп формасына қатысты талаптар жойылмайды. Яғни, 2016 жылғы №26 бұйрықтың күші ары қарай сақталады. Дегенмен коронавирус инфекциясының таралуына байланысты министрлік аталған нормативтік құқықтық актіге арнайы тармақ қосты. Оған сәйкес, карантин және шектеу шаралары толық алып тасталғанға дейін балаларға сабаққа таза, классикалық үлгідегі кез келген киімді киіп келуге мүмкіндік беріледі, – дейді министр.
Бір қызығы, құжатта көрсетілгендей, егер болашақта Қазақстанда әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар енгізіле қалса, оқушыларға мектеп формасын кимеуге бірден рұқсат етілмек.
Айхан ШӘРІП