5 мың бергені – керегін алсын дегені
5 мың бергені – керегін алсын дегені
176
оқылды
 

Ақшалай көмек кімге беріледі?

Карантин 2 та­мызға дейін созылды. Осыған бай­ланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шілде айына азық-түлік пен тұрмыстық қажеттіліктерге төлем тағайын­дайтын болды. Бірақ бұл төлем бәріне бірдей берілмейді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын 6-18 жасқа дейінгі балаларға, медициналық-әлеуметтік ме­ке­мелерде тұрақты тұратын мү­гедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар мен барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектерге, мүгедек бала тәр­биелеп отырған адамдарға және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтарға төленеді.  

Өтініш беру жолы қандай?

Жергілікті атқарушы органдар қолдағы бар мәліметтерді пайда­ланып, тізім жасайды. Яғни төлем автомат түрде та­ғайындалып, 2 АЕК көлемінде қаражат банк картасына түседі. Осыған дейін төтенше жағдай кезінде мұндай көмек қаржылай емес, азық-түлік түрінде үйді-үйге таратылған. Бұл жолы коронавирус инфек­циясының өршіп тұруына байланысты картаға аударылатын болды. Наурыз-мамыр аралығында мұндай төлемді 1 млн адам алған. Бөлінген қаржы — 13,5 млрд теңге. Бұл жолы да алатын адам саны шамамен 1 миллионнан асып жығылады деген болжам жасалып отыр.  

Дүкенге бардым.  5 мың теңгеге не алдым?

Азық-түлік бағасы базарда арзан болғанымен, оған баратын жолдың шығыны тағы бар. Елордада таксимен барып-келуге кем дегенде 1 500 теңге кетеді. Бізде бары 5 мың теңгеден сәл асатын сома болғандықтан, үйдің жанындағы дүкенге барғаннан артығы жоқ деп шештік. Сонымен 5 556 теңгеге не алуға болады? 5 кг картоп – 900 тг, 2 кг сәбіз – 360 тг, 3 кг пияз –450 тг, 1 кг алма –550 тг, 10 кг қарбыз – 1200 тг, 100 гр шай – 440 тг, 400 грамнан 3 түрлі мака­рон – 645 тг, 3 кг ұн – 1050 тг, қант – 400 тг, сабын – 155 тг, 250 мл сусабын – 725 тг, 10 дана жұмыртқа – 280 тг, 2 рулон дәретхана қағазы – 100 тг. Бұл жиынтықты әзірлегенде ең минимал баға көрсетілген тауарларды алдық. Сонымен бірге бұл алғандардың бір айға жетпейтінін де ескеру керек. Бәрін есептесек, 5505 тг шықты. Балаға түскен ақша болған­дықтан, өздеріне жаратып, мереке ұйымдастырайық дегендер былай жұмсауы мүмкін. Көпбалалы отбасы, яғни төрт баласы бар отбасыны мысалға алып көрелік. 22 224 теңге шотта бар. 400 гр вафли – 395 тг, 1 кг печенье – 625 тг, 4 чипсы – 1 600 тг, таңғы асқа шоколад шариктер – 1 500 тг, 4 балмұздақ – 800 тг, 4 йогурт – 1 000 тг, 2 литрлік 2 жеміс шырыны – 1 340 тг, 2 пицца – 3 000 тг,  Бұған 10 260 тг кетеді екен. Ескерту: бұл – тек бір отырғанда таусылатын ас. Яғни тойып, бір шала байығанда бір айға есептелген қаражаттың тең жартысы таусылады екен. 5 556 теңгені көз алдыңызға елестету оңай болуы үшін мына нұсқаны ұсынамыз. Бұл дегеніміз: 111 бума дәретхана қағазы, 5 келі бройлер балапан еті, майлылығы 2,5 пайыз болатын 1 литрлік 13 сүт, балаларға арналған 80 грамдық 14 езбе, 1,6 кг ірімшік, 79 тез әзірленетін лапша, 3,9 кг шұжық, 5 литрлік 5 сұйықмай, 2,4 кг жауырын ет, 55 кг еті алынған сүйек-саяқ.   

Бұл көмек аздық етпей ме?

Экономист Қайырбек Арыс­танбеков әлеуметтік қолдау пакетін ұлғайту керек деген пікірді алға тартып отыр. «ҚР «Республикалық бюджет туралы Заңы» бойынша республикалық бюджеттің шығыс жағы — 12, 4 трлн теңге. 2020 жылғы наурыздан мамырға дейін 1 миллион адамға 13,5 млрд теңгеге көмек берілген. Яғни, небәрі 0,1 пайыз. Ал АҚШ президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Л.Кудлоудың мәліметіне сәйкес, Америка үкіметі халқына 2 трлн доллар беріп жатыр. Бұл елдегі бюджетінің шығысы – 4,1 трлн. Демек, халыққа берілген көмек бюджеттің 50 пайызын құрайды деген сөз. Дүнижүзілік банктің болжамдары бойынша Қазақстанда COVID-19 дағ­дарысынан 800 мыңнан астам қазақстандық кедейшілік дең­гейіне түсетін болады. Сон­дық­тан  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау пакетін ұлғайт­қаны орынды. Ал Үкімет болса, республикалық бюджеттің орын­сыз өзге шығындарын түбе­гейлі қысқартқаны жөн», – дейді сарапшы.  

Жарнама үшін жасалған жәрдемақы

Әлеуметтанушы Серік Бейсем­баев бұл көмекті әлеуметтік мәні жоқ, жай PR үшін жасалған дегенді айтады. «Қазіргі жағдайды ескерсек, әлеуметтік қолдау кө­лемі әлдеқайда көбірек болуы керек. Өйткені тағайындалып отырған төлемге бір күндік азық қана алуға болады. Сондықтан оның әлеуметтік маңызы жоқ дер едім. Меніңше, бар болғаны ақпараттық және PR тұрғысынан ғана жасалып отырған іс-шара секілді. Тек «Көмек көрсеттіңдер ме?» деп сұрағанда айту үшін істеліп отырғандай. Бұл жерде мемлекет тарапынан осы көмекті тағайындаған кезде қосымша ақпараттық жұмыс атқарылуы тиіс еді. Яғни, не үшін осындай көлемде беріледі? Бюджеттің шектелуіне байланысты ма, жоқ әлде осы арқылы қандай да бір мәселе шешіле ме? Осыны түсіндіретін интерпретация қажет. Олай бол­маған жағдайда көмекке зәру отбасы үшін бұл мазақ боп көрінуі мүмкін. Тағы бір айта кететін жайт — көмекті қайта қараудан бұрын, көмекке мұқтаж топтарға қатысты бірізділік керек. Нақты қанша адам, қандай көмекке зәру? Соны реттемей, автоматтандырған жүйе бойынша бергеннің оң әсері болмайды. Қарапайым адам былай ойлауы мүмкін: басында 42 500 теңге енді берілмейтінін айтты да, кейін Президент берілетінін айтты. Яғни ақша жоқ деп алып, артынша бар болып шыққанына байланысты «неге 5 мың емес, 50 мың бермейді?» дейді. Бұл сұрақтың туындауы заңды. Сол себепті нақты стратегиялық ұс­таным керек. Бізде бір күндік шешімдер шығады да, кейін өзгертіледі. Бұған дейін де біздің халық кедей саналатын. Тұрғындардың 50 пайызының табысы 80 мың теңгеден аспайды. Енді алдағы уақытта көрсеткіш бұдан да төмендеуі мүмкін. Яғни бұрын сапалы тауар алғаны сапасы төмендеуін алуға мәжбүр болады. Баласын қосымша курсқа беретіндер сабақты тоқтатуы мүмкін. Алда кедейшіліктің осы сынды мультипликатив салдарын көреміз. Болдырмау үшін жағдайды анық түсіне отырып шешім қабылдау қажет», – дейді Серік Бейсембаев. Көпбалалы ана Қарлығаш Мұқашева бұл көмектің көлемі аз екенін айтып отыр. «Қаңтар айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек аламын. Екі үлкен балам мектепте тегін тамақтанады, екі кішкентайға ай сайын азық-түлік, 3 ай сайын шаруашылық тауарын береді. Азық-түлік себетінде сүт, макарон, балаларға арналған езбе, ботқа, гематоген болады. Ақшалай бергені жақсырақ. Дегенмен бір балаға 5 мың теңге аздық етеді», – дейді төрт баланың анасы.     Түйін: Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінде 19 тауар бар. Бірінші сортты ұн, макарон, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, сәбіз, қырыққабат, құмшекер, күнбағыс майы, сиыр етінің сүйекті жауырын-төс бөлігі, тауық еті, сүт, айран, сары май, жұмыртқа, ас тұзы және сүзбе кіреді. Демек, берілетін әлеуметтік қолдау пакетін осы заттарды алуға жұмсау қажет. Бір сұрақ: жетпесе қайтеді?  

Жадыра АҚҚАЙЫР