Парламентке халықаралық пошта жөнелтілімдерін жақсартатын келісім жобасы енгізілді. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның бюро отырысы өтті. Онда депутаттардың келесі аптадағы жалпы отырысының күн тәртібі жобасы қалыптастырылды. Алдағы сәрсенбіде Мәжіліс қарауына бірқатар халықаралық уағдаластықты күшіне енгізетін заң жобалары шығарылады деп күтілуде. Атап айтқанда, депутаттар назарына Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына тоғызыншы қосымша хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылады. Қазақстан – 1992 жылдан бері Дүниежүзілік пошта одағының толыққанды мүшесі. Ал жаңа хаттама осы одақ аясында халықаралық пошта алмасу және халықаралық пошта жөнелтілімдерінің транзитін қамтамасыз ету бойынша Қазақстан өз мойнына алған міндеттемелерді іске асыруға бағытталып отыр. Бұл сапалы, қолжетімді әрі әмбебап пошта қызметтерін дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жалпы отырыста депутаттар Өзбекстанмен арадағы заңсыз көші-қонмен күресте ынтымақтасу туралы үкіметаралық келісімді де талқыламақ. Келісімге сәйкес, екі жақ өз мемлекеттерінің заңнамасы және халықаралық міндеттемесі аясында заңсыз көші-қонға қарсы күресте тізе қоса қимылдайтын болады. Елдос СЕНБАЙ