Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Қытай елшісінің «Қазақстандағы жұмбақ індет» туралы мәлімдемесінен кейін арнайы тексеріс жүргізіп, «елдегі бұл дерт коронавирустан туындаған пневмония, яғни бұл да КВИ-дің салдары» деп мәлімдеген еді. Біз отандық дәрігерлермен сөйлесіп, олардың қаншалықты үстемеақы мен бірреттік төлемге қол жеткізгенін сұраған едік. Анығын айтсақ, дәрігер жұмыс барысында ауру жұқтырса ғана үш категорияға бөлінген үстемеақыға қол жеткізе алады. Бірақ вирус жұқтырған дәрігерлерге берілетін бірреттік әлеуметтік төлем жүйесі әлі де реттелмеген. Бюрократиялық кедергілер үш-төрт айдан бері қауіпті індетпен күресіп жүрген, психологиялық күйзеліске түскен дәрігерлердің өзіне тиесілі қаржыға қол жеткізуіне кедергі боп тұр. Естеріңізге салсақ, дәрігерлерге үстемеақы 2020 жылдың 1 наурызынан бастап ай сайын төленуі тиіс. Сәуір айында шыққан, экс-министр Елжан Біртанов қол қойған «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 инфекциясымен күрес аясында эпидемияға қарсы шараларға қатысқан қызметкерлерге қаржылай қолдау көрсету туралы» бұйрығына сәйкес, үстемеақы алатын дәрігерлер қауіп деңгейі бойынша үш топқа бөлінген. Вирус жұқтыру қаупі өте жоғары топқа ең төменгі жалақының 20 еселенген мөлшері, яғни 850 мың теңге, екінші топқа ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшері – 425 мың теңге, үшінші топқа – ең төменгі жалақының 5 еселенген мөлшері – 212,5 мың теңгеден аспайтын үстемеақы төленуі керек. Сондай-ақ жұмыс барысында вирус жұқтырған дәрігерге берілетін бір реттік әлеуметтік төлем 2 млн теңге деп белгіленсе, қайтыс болған дәрігердің отбасына 10 млн көлемінде өтемақы төленуі тиіс-тін. Қазірше Қазақстан бойынша дәл осы төлем түрі ешкімге төленбепті. Мұны әлеуметтік желіде белсенді дәрігерлер де растап отыр. Бұл мәселені журналистер Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың алдына төтесінен қойған еді. Алексей Цой бұл түйткілдің Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі аясында қарастырылып жатқанын алға тартты: – Біз аймақтардан тізімді алып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдадық. Қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің жұмыс барысында коронавирус инфекциясын жұқтырғаны дәлелденген жағдайлар саны – 123, қайтыс болғандар – 59 адам. Мұның бәрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде қаралып жатыр, – дейді. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, егер медицина қызметкерінің коронавирусты жұқтырғаны анықталса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін бір реттік әлеуметтік төлемдер 2 миллион теңге, ал қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге. Өкінішке қарай, қазірше пневмония жұқтырған немесе соның салдарынан қайтыс болған дәрігерлер мен медбикелерге бұл төлем берілмейді екен. Бұл туралы Алексей Цой: «Қабылданған заңда жұмыс орнында жұқтырған, қайтыс болған және коронавирус инфекциясына оң нәтиже көрсеткен медицина қызметкерлеріне ғана өтемақы қарастырылған» – деп қысқа қайырды. Бірақ бұл мәселені әлі де қарастыруға уәде берді. «Егер ортақ санаққа кірсе, біз мұны да қарастыруға дайынбыз. Қазіргі таңда төлем жасау мәселесі нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді талап етеді. Біз әріптестерімізбен мұны да талқылап жатырмыз», – деп мәлімдеді. Расында да, бұл қоғам назарындағы үлкен мәселе боп тұр. Естеріңізге сала кетсек, пневмониядан қайтыс болған Шымкенттегі 9 медицина қызметкерінің отбасына 10 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем берілмеген еді. Себебі ресми диагноз – пневмония. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесі Қазақстан билігін пневмония мен коронавирус статистикасын жылдам біріктіруге итермелеп отыр. Тамыздың басында нақтыланған сан ресми жариялануы керек.
Инфекционист дәрігер Жадырасын Қожаназарова Инфекциялық ауруханада жұмыс істейді. Оның айтуынша, мұндағы дәрігерлер бірінші санат бойынша 850 мың теңгеге дейінгі үстемеақыны алып жатыр. Сондай-ақ жедел жәрдем мен медициналық жәрдем қызметкерлері де тиісті нәпақысына қол жеткізген. – Шындап келгенде, пневмония мен коронавирус статистикасын неге қоспасқа? Мұны көп адам түсіне бермейді, – деп сөз бастайды білікті дәрігер. «Өкінішке қарай, Қазақстанда дәрігерлердің негізгі жалақысы аз. Дәрігерге бес санат бойынша жалақы тағайындалады. Менің білуімше, осыған дейін үшінші категория бойынша жалақы – 75 мың теңге, екінші категория – 82 мың теңгедей, бірінші категория 94 мың теңгедей боп келді. Мәселен, біздің ауруханамыз да, емханамыз да жартылай жекеменшік боп саналады. Сол себептен дәрігерлер мемлекеттік бағдарламалар бойынша үй кезегіне тұра алмайды. Күйеуі мен әйелі бір ауруханада жұмыс істесе немесе екеуі де бірдей дәрігер болса, жалақының төмендігінен үй алу мүмкіндігі жоқ. Мәселен, мен танитын дәрігерлердің 80 пайызында баспана жоқ. Жалақы аздығынан инфекционист мамандығына келген жастардың біраз бөлігі бұл саладан көп ұзамай кетіп жатады» – деп өкінішін білдірді. Жадырасын Қожаназарова жағымды жаңалықтар барын да жасырмайды. – Аллаға шүкір, карантиннің арқасында ауруханаға түсіп жатқан науқастар саны азайып жатыр. Бұрын күніне 100-ге дейін науқас түсетін, қазір күніне 20-25 адам денсаулығына шағым айтып келеді, – дейді. Медицина қызметкерінің айтуынша, пандемия біткеннен кейін дәрігерлерге демалыс қажет. Бұл орайда инфекционист дәрігер: «Психологиялық тұрғыдан өте қиын. Өкінішке қарай, кейбір науқастар өте ауыр халде түседі, кейбірі реанимацияға жетпей жатады. Мұның бәрі күйзеліске әкеліп соғуы мүмкін. Мәселен, өлім жағдайы болса, сол пациент көз алдыңнан кетпей жүреді, іштей уайымдайсың. Адами тұрғыдан да, медициналық жағынан да қиын тұстар бар» – дейді. Өкінішке қарай, үшінші санат бойынша үстемеақы ала алмай жүрген медицина қызметкерлері де жоқ емес. Өз атының баспасөзде жарияланғанын қаламаған медбике Нұр-Сұлтан қаласындағы клиникалардың бірінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, наурыз айында инфекциялық ауруханаға мамандар жетпеген соң, оған отбасылық дәрігер, педиатрларды да көптеп тартқан. – Біздің жақын араласатын дос дәрігерлеріміз Инфекциялық ауруханаға барып, коронавирусты жұқтырып алды. Екі апта оқшауланып, емделді. Бірақ ПТР тестін тапсыру мүмкін болмады. Арнайы тест болмаған кез естеріңізде шығар? Осылайша, үшінші категория бойынша төленуі тиіс 212 мың теңгеге қол жеткізе алмай жүргендер бар. Жалақымыз аз. Бұрын дәрігерлердің өзі 73 мыңдай алатын, қазір үстемеақы қосқанның өзінде жалақы 130 мың теңгедей. Медбикелер 100 мыңдай алады. Пәтер жалдаудан, азық-түліктен артылмайды. Неге дәрігер, медбике індетті үйде не ауруханада жұқтырғанын дәлелдеуі керек? Біз соны түсінбейміз, – дейді. Естеріңізде болса, Алматыдағы №12 орталық клиникалық аурухананың қызметкерлері Мемлекет басшысы тағайындаған 2 миллион өтемақының берілмегенін айтып, мәселені ақпарат құралдары арқылы жариялаған еді. Бұған қатысты Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова 820 медицина қызметкерінің 66 пайызы ауруды науқастарға күтім жасап, оларды емдеу барысында жұқтырмағанын алға тартқан болатын. Мамандардың айтуынша, медицина қызметкерлерінің статусын көтеретін арнайы заң қажет. Әсіресе, әлемдік пандемия медицина саласына ерекше назар аудару қажетін көрсетіп отыр. Пандемияны еңсерген соң, бұл салада оң өзгерістер болуы мүмкін. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустан қайтыс болғандарға арнайы ескерткіш қою қажет екенін айтқан еді. Президенттің арнайы жарлығының негізінде қайтыс болғаннан кейін білікті дәрігерлер Олег Исаев пен Қалихан Қозбағаровқа жоғары дәрежедегі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен ерекше белгі «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені берілген еді. Жалпы, коронавируспен күрес жолында қайтыс болған 42 медицина қызметкері түрлі дәрежедегі ордендермен марапатталды.Өкінішке қарай, үшінші санат бойынша үстемеақы ала алмай жүрген медицина қызметкерлері де жоқ емес. Өз атының баспасөзде жарияланғанын қаламаған медбике Нұр-Сұлтан қаласындағы клиникаларының бірінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, наурыз айында инфекциялық ауруханаға мамандар жетпеген соң, оған отбасылық дәрігер, педиатрларды да көптеп тартқан.
Кәмшат ТАСБОЛАТ