Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар аясында бағдарын тауып, тірлігі тіктеліп жатқан жобалар аз емес. Әсіресе, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» талай жобаға «жан» бітіріп, тұрғындардың «екі қолға бір күрек» табуына жәрдемдесуде. Бір ғана Жамбыл облысында аталған бағдарлама аясында автожол бойынша 843 жобаны жүзеге асыру көзделсе, оған 15,2 миллиард теңге қаралып отыр. Әрине, бұл аз ақша емес. Аталған теңге тетігін таба бастаған тұста, жол сапасы жақсарып қана қоймай, жаңа жұмыс орындары ашыла түсетіні анық. Одан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 8,3 миллиард теңгеге 23 жоба, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2,4 миллиард теңгеге 84 жоба жанданғалы тұр. Жалпы, үш мемлекеттік бағдарламаның басын қосқанда 30,2 миллиард теңгеге 1 145 жоба қолға алынуда. Негізі, Жамбыл облысында 1 346,2 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жоспарланған десек, оның 180,5 шақырымы – облыстық, 139,3 шақырымы аудандық мәндегі жолдар. Ал 1 026,3 шақырымы елді мекендегі көшелер. Сондай-ақ республикалық бюджет есебінен 3 ірі жоба іске асып жатқанын да айта кеткен жөн. Олар – «Тараз-Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ», «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» облыстық автомобиль жолдарын қайта жаңарту және «Қырғыз Республикасының шекарасына қарай ұзындығы 16,1 шақырым болатын Тараз қаласының оңтүстік айналма автожолының» құрылысы. – Ағымдағы жылдың аяғына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 85 пайыздан 90 пайызға, елді мекен көшелерін 59,5 пайыздан 77,2 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Әлемдік пандемияға қарамастан алға қойған мақсатты жүйелі атқарып, құрылысты дер кезінде аяқтауға күш саламыз, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков. Автожол салу және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде сапаны бақылауды тапсырыс берушімен бірлесіп, «Жол активтерінің сапа орталығы» ШЖҚ РМК тұрақты түрде жүзеге асырады. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында аталған мекеменің мамандары 53 нысанды тексеріп, 17 бұзушылықты анықтаған. Сонымен қатар жөндеу-құрылыс жұмыстарын «Nur Otan» партиясы, «Jas Otan» Жастар қанатының белсенділері, облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармалары мен бөлімдерінің мамандарынан құрылған мобильді топ өкілдері қадағалап отырады. Айта кету керек, облыста автожол жобаларын іске асыру арқылы 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік тумақ.
826 жобаның жемісі көріне бастады
Негізі, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бағдарын тауып қойған жұмыстар да баршылық. Мәселен, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасының мәліметіне сүйенсек, құны 61 миллиард 167 миллион 600 мың теңге болатын 826 жобаның жұмысы басталып, кейбірінің құрылысы аяқталып үлгерген. «Аталған бағдарламаның арқасында бүгінде өңірімізде жұмыссыздық мәселесі біртіндеп болса да өз шешімін тауып келеді. Мәселен, биылдың өзінде облыста 19 599 жұмыс орнын ашу, оның ішінде 9 850 жамбылдық азаматты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тарту жоспарланған еді. Бүгінде нақты 16 435 адам жұмысқа тартылса, оның ішінде 8 462-сі жұмысқа жол картасы арқылы орналасты. Жыл аяғына дейін тағы бес жобаны жүзеге асыру арқылы қалған азаматтарды жұмыспен қамтитын боламыз», – дейді басқарма мамандары. Жалпы, бұл бағыттағы жобаның басым бөлігі Қордай ауданында мықтап қолға алынуда. Онда бүгінде 144 жобаның жұмысы жүргізілуде.9 ауылдан 9 спорт алаңша
Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл Мойынқұм ауданында қарқынды жұмыс қолға алынуда. Бір ауданның өзінде ағымдағы жылы тоғыз спорт кешенінің кірпіші қаланып жатыр. Оның алғашқылары 6 шілде елорда күніне орай пайдалануға берілді. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Күшаман ауылында шағын футбол алаңшасы ашылды. Күшамандағы шағын футбол алаңшасының құрылысын «Ұланжомарт» жеке кәсіпкері жүргізген. Алаңшаның сметалық құны – 10 573 000 теңге. Нысанның құрылысы жоспарлы түрде жүргізіліп, белгіленген мерзімде ел игілігіне беріліп отыр. Бұдан бөлек, бұл күні Шығанақ ауылында да кіші футбол, үстел теннисі мен Street Workout алаңшалары елге есігін айқара ашты. Аталған нысанның жобалық құны – 12 710 000 теңге. Құрылысқа жауапты «Нұрлыхан» жеке кәсіпкерлігі жоспарлы жұмысты жүйелі атқарып, дер кезінде тапсырып отыр. – Жалпы, 9 ауылдағы құрылысты маусым-шілде айларында аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда екі нысанды пайдалануға берсек, Мыңарал ауылындағы алаңшалар да дайын болып қалды. Онда қалғаны тек жарықтандыру жұмыстары. Қалған Құмөзек, Қарабөгет, Мойынқұм, Көкжелек, Айдарлы, Хантау ауылдарындағы кіші футбол, үстел теннисі мен Street Workout алаңшаларының құрылысы жүргізілуде. Мердігер «Айгерім», «Кәусар», «Нұрлыхан» жеке кәсіпкерлігі мен «Талас Сервис» ЖШС құрылыс басында аянбай тер төгіп жатыр. Құрылысқа тек отандық өндіріс материалдары пайдаланылуда. Техника мен жұмыс күші де жеткілікті. Бұйыртса, аталған нысанның барлығы шілде айының аяғына дейін ел игілігіне беріліп қалады, – дейді Мойынқұм ауданы әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков. Жалпы, бұл шалғайдағы аудан үшін шаттық екені даусыз. Себебі соңғы 30 жылдың бедерінде Жаз-ата ауылында мұндай ауқымды құрылыс жүргізілген емес. Оған қоса, Мерей Бектібекұлының айтуынша, спорт бөлімі келер жартыжылдыққа тағы 4 ауылдан осындай спорт алаңшаларын салуға өтінім беріп отыр екен. Сол кезде тұтас аудан спорт алаңшаларымен қамтылмақ. Иә, қалай алып қарасаңыз да бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық. Аталған алаңшалар ауылды жерден әлі талай толағайларды тәрбиелеп шығарарына бек сенімдіміз.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы