Нұротандықтар Шымкентте дәріханаларды тексерді
Нұротандықтар Шымкентте дәріханаларды тексерді
219
оқылды
Кеше «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Б.Нарымбетов бас­таған топ қаладағы бірқатар дәріханаларға бақылау жүргізді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен  болған шараға «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері, қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары да қатысты.    width= Шымкент қаласындағы диаг­ностикалық клиникаға тұр­ғындар жиі келеді. Соңғы кездері клиника маңындағы дәрі­ханаларға тұрғындар тарапынан жиі ша­ғым түсіп  жүр. Сол себептен бұл жолғы мониторингтік топ бақылау шараларын осынау дәріханалардан бастағанды жөн көрді.  Алдымен Байтұрсынов көшесінің бойындағы «Пульс» дәріханасына кірген топ бекітілген дәрі-дәрмектің көбісінің жоқ екеніне көз жеткізді. Одан соң келесі «Фармлайн» дәріханасында да дәл осындай жағдай болды.   aptekaЖалпы, бұл жолғы мони­торингтік топ жоғарыда атап өткен дәріханалардан бөлек, Шымкенттегі дәріханалар желісі саналатын Europharma, «Зерде», «Мурадфарм» филиалдарына да кіріп, тұрғындар үшін ең қажетті деген препараттар тізімін сұрады. Айта кетейік, осынау дәріханалардың барлығында да парацетамол жоқ болып шықты. Ал  Шардара қаласынан келген Ақмарал Өтеулиева есімді тұрғын анальгин димедрол, аскорбин қышқылын және витаминдерді бірнеше дәріханаға кіріп тап­пағанын жеткізді. Тағы бір қала тұрғыны жолдасының ыстығы көтеріліп ауырып жатқанын, парацетамолды таппай шарқ ұрып жүргенін айтып көзіне жас алды. Сондай-ақ бақылау барысында көпшілік дәріханада жоқ дексаметазонның «Зердеде»  52 теңгеден, Europharma дәрі­ханасында 214 теңгеден сатылып жатқанына көз жеткіздік. Мұндай қарама-қайшылықтар өзге де дәріханаларда кездесіп жатты.    width= Бұдан бөлек, мониторинг топ болған барлық дәріхананың кіре берісінде санитайзердің жоғы, есік тұтқаларының дезинфекцияланбағаны анық­талды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов дәріханаларға қатты ауырып жатқан науқастың өзі немесе туысы келетінін, сондықтан нағыз ауру таратушы аймақ саналатынын айтып,  ашынды.  «Бүгінде  мониторингтік топ жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр. Иә, қазір ахуал біршама тұрақталып қалды. Бірақ бо­саңсуға болмайды. Осыдан 5 күн бұрын аралағанымызда дәрі-дәрмектің 90 пайызы бар еді. Міне, бүгін сұраған дәріміздің көбісін таппадық. Парацетамол, цитрамон, меропенам, дек­саметазон сияқты қажетті дәрі­лердің әлі де тапшылығы бай­қалады. Бірақ келіп жатқан гуманитарлық көмектер ауру­ханаларға түсіп жатыр. Онда қазіргі таңда тапшылық жоқ. Ал ауруханаға бармай үйде емделетіндер үшін дәрігерлердің жұмысын жүйелеу керек сияқты. Олар рецепт жазғанда міндетті түрде жанына алмастыруға болатын дәріні қоса жазуы керек. Себебі дәріхана қызметкері науқасқа алмастыратын дәріні ұсынғанымен, тұрғындар оған сене бермейді. Олар өздерінің тауарын өткізу үшін айтты деп ойлайды. Осы мәселені қолға алу қажетін ұсынар едім. Одан соң мұнда санитарлық талаптар да дұрыс сақталмапты. Жалпы, мұндай бақылау шараларын қоғам болып тоқтаусыз жүргізе бергенде ғана нәтижеге қол жеткіземіз», – деді Бахадыр Мәдәліұлы.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы