Кеше «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов бастаған топ қаладағы бірқатар дәріханаларға бақылау жүргізді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен болған шараға «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері, қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары да қатысты.
Шымкент қаласындағы диагностикалық клиникаға тұрғындар жиі келеді. Соңғы кездері клиника маңындағы дәріханаларға тұрғындар тарапынан жиі шағым түсіп жүр. Сол себептен бұл жолғы мониторингтік топ бақылау шараларын осынау дәріханалардан бастағанды жөн көрді. Алдымен Байтұрсынов көшесінің бойындағы «Пульс» дәріханасына кірген топ бекітілген дәрі-дәрмектің көбісінің жоқ екеніне көз жеткізді. Одан соң келесі «Фармлайн» дәріханасында да дәл осындай жағдай болды.
Жалпы, бұл жолғы мониторингтік топ жоғарыда атап өткен дәріханалардан бөлек, Шымкенттегі дәріханалар желісі саналатын Europharma, «Зерде», «Мурадфарм» филиалдарына да кіріп, тұрғындар үшін ең қажетті деген препараттар тізімін сұрады. Айта кетейік, осынау дәріханалардың барлығында да парацетамол жоқ болып шықты. Ал Шардара қаласынан келген Ақмарал Өтеулиева есімді тұрғын анальгин димедрол, аскорбин қышқылын және витаминдерді бірнеше дәріханаға кіріп таппағанын жеткізді. Тағы бір қала тұрғыны жолдасының ыстығы көтеріліп ауырып жатқанын, парацетамолды таппай шарқ ұрып жүргенін айтып көзіне жас алды. Сондай-ақ бақылау барысында көпшілік дәріханада жоқ дексаметазонның «Зердеде» 52 теңгеден, Europharma дәріханасында 214 теңгеден сатылып жатқанына көз жеткіздік. Мұндай қарама-қайшылықтар өзге де дәріханаларда кездесіп жатты.
Бұдан бөлек, мониторинг топ болған барлық дәріхананың кіре берісінде санитайзердің жоғы, есік тұтқаларының дезинфекцияланбағаны анықталды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов дәріханаларға қатты ауырып жатқан науқастың өзі немесе туысы келетінін, сондықтан нағыз ауру таратушы аймақ саналатынын айтып, ашынды. «Бүгінде мониторингтік топ жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр. Иә, қазір ахуал біршама тұрақталып қалды. Бірақ босаңсуға болмайды. Осыдан 5 күн бұрын аралағанымызда дәрі-дәрмектің 90 пайызы бар еді. Міне, бүгін сұраған дәріміздің көбісін таппадық. Парацетамол, цитрамон, меропенам, дексаметазон сияқты қажетті дәрілердің әлі де тапшылығы байқалады. Бірақ келіп жатқан гуманитарлық көмектер ауруханаларға түсіп жатыр. Онда қазіргі таңда тапшылық жоқ. Ал ауруханаға бармай үйде емделетіндер үшін дәрігерлердің жұмысын жүйелеу керек сияқты. Олар рецепт жазғанда міндетті түрде жанына алмастыруға болатын дәріні қоса жазуы керек. Себебі дәріхана қызметкері науқасқа алмастыратын дәріні ұсынғанымен, тұрғындар оған сене бермейді. Олар өздерінің тауарын өткізу үшін айтты деп ойлайды. Осы мәселені қолға алу қажетін ұсынар едім. Одан соң мұнда санитарлық талаптар да дұрыс сақталмапты. Жалпы, мұндай бақылау шараларын қоғам болып тоқтаусыз жүргізе бергенде ғана нәтижеге қол жеткіземіз», – деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы