Өртті өршітіп жүрген өзіміз емес пе?
Өртті өршітіп жүрген өзіміз емес пе?
227
оқылды
Биыл өршіген өрт  Батыс Қазақстан облысындағы Тө­тен­ше жағдай департаменті қызметкерлеріне тыным бер­меді деуге болады.  Аталған департамент басшысы Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, өңірдегі өрттің жиі тіркелуіне  күннің 37-39, кей жерлерде 40-42 градусқа ысуы әрі жел жылдамдығының секундына 15-20 метрге дейін жетуі әсер еткен. Соның салдарынан 13-16 шілде аралығында облыстың алты ауданы мен Орал қаласын қамтыған ірі табиғи өрт болды. Атап айтқанда, Ақжайық ау­данында 9 917 гектар далалық жер мен 138 гектар орман отқа оранды. Бәйтерек ауданында 10 гектар егістік, 652 гектар далалық жер, 18 гектар орманды жалын  шарпыды. Бөрлі,    Қаратөбеде,    Сырым,   Тасқала аудандарында азы 500, көбі 4 000 гектарға дейін  далалық жер өртенді. Орал қаласында 5 гектар орман жанып кетті. Қатты желдің салдарынан Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек аудандарында электр бағандары мен ұялы телефон стансалары құлады. Оралда №20 мектептің 50 шаршы метр шатыры сыпырылып түсті. 14 шілде күні  орманнан шыққан өрт ауылға кіріп, 40-тан астам адам эвакуацияланды.  БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Ақжайық ауданы Бударин ауылдық округі Коловертное ауылынан 10 км жерден шыққан табиғи өрт 13 және 14 шілде күндері 16 гектар аумақты қамтыды. 14 шілде күні сағат 18.02-де оқшауланған өрт салдарынан бір тұрғын үй, бір адам тұрмайтын үй және 4 шаруашылық құрылысы жанып кетті. «Бударин орманшылығы» КММ аумағында орман алқа­бындағы өртті сөндіруге Аты­рау қаласынан су ағызу құрыл­ғысы бар «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының МИ-884 тікұшағы тартылды, оның көмегі арқылы 325 тонна су тө­гілді. Осынша көлемдегі суды жеткізу үшін тікұшақ 65 рет аспанға көтерілді.   Өрттің жалпы ауданы 435 гектарды құрады, оның ішінде 88 гектар орман алқабы және 347 гектар құрғақ шөп жанып кетті. Бұған күн райының  +38 градусқа, ал желдің екпіні секундына 18 метрге  жетуі «үлес» қосты. Аталған өңірдегі «Есенсай орманшылығы» КММ аумағында Кеңсуат ауылынан 10 шақырым жерде орман алқабындағы өрт 15 шілдеде таңғы уақытта оқшауланған. ТЖД, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдар өрт периметрі бойынша жеке ошақтарды қарауылдап, су төкті. Теректі ауданы Шағатай мен Ақсоғым ауылдары арасында 16 гектар құрғақ шөп пен бұталар отқа оранды.  Оқиға орнына облыс әкімі Ғали Есқалиев барды. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес жедел штаб құрылып, жағдай бақылауға алынды. 16 шілдеде Қостанай об­лысы Қарабалық ауданы Тал­ды ауылынан 10 шақырым жерде «Михайловка орман шаруашылығы мекемесі» КММ аумағында жалпы ауданы 3 гектар аумақтағы құрғақ шөп пен орман қоқысы жанған. Өртті ауыздықтауға орман шаруашылығы қызметкерлері мен ерікті өрт сөндіру құрылымдары жұмылдырылыпты. Сол күні  Ақтөбе облысының Ырғыз ау­данындағы Жайсанбай ауылы­нан 31 шақырым жерде   46 гектар аумақты алып жатқан құрғақ шөп жанған. Бұл жерде де тілсіз жаумен күреске ерікті өрт сөндіру құрамалары тартылды. Ақмола облысының Бура­бай ауданындағы, Алматы об­лысының Сарқан ауданындағы, Ақтөбе облысының Алға, Байға­нин, Хромтау, Қобда, Қарғалы, Мұғалжар, Әйтеке би, Ойыл аудандарындағы, Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Тасқала, Бөрлі, Ақжайық, Сырым, Бәйтерек ау­данындағы, Қарағанды об­лы­сының Нұра, Шет аудан­дарындағы құрғақ шөптің жануы жойылды. ort Аталған өңірлерде  жалпы ауданы 18 696 мың гектар жер өртенді. Соның 16 754 гектары Батыс Қазақстан облысына тиесілі.  Бұл өңірдегі өрттің шығуына 42 градусқа дейін жеткен  ыстық және екпіні секундына 15-20 метр күшті жел түріндегі күрделі метеорологиялық жағдай  өрттің ең негізгі себебі болып отыр. Салдарынан Ақжайық, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында өрт оқиғасы тіркелді. Ыстық күн райының сал­дарынан 19 шілдеде 31  өрт оқиғасы тіркелді. Бұл жолы тілсіз жау Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, және Қостанай облыстарына жетті.  Бұл күні тіркелген ең ірі екі   өрт Жамбыл облысындағы 18 мың гектар  болған. Өртті сөндіру  төтенше жағдай қызметкерлері үшін оңай болған жоқ.  Осы екі өрттің бірі аталған облыстың     «Мойынқұм орман және жануар­лар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ аумағында тіркелді.  18 шілде күні құмды жердегі  10 мың га аумақтағы құрғақ шөп пен сексеуіл жан­ған. Өртті сөндіруге 219 адам, 51  техника мен 1 тікұшақ жұмыл­дырылды. Екінші ірі өрт 19 шілдеде  Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылы­нан 100 шақырым жерде, Луговой орман шаруашылығында тіркелді. Бұл өрт Мерке ауданы Сарықоба орманшылығы аумағына өтіп,   8 мың гектарды шарпыған.   Өртті  сөндіруге ТЖД, ЕӨҚҚ, «Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ, «Луговое орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ 177 адам мен 35  техника  тартылды. Ал 20 шілдеде   27 табиғи өрт  тіркелді. Көріп отырғанымыздай күн сайын өрт оқиғасы көбейе түскен. Ақтөбе, Шығыс Қа­зақстан, Жамбыл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, облыстарындағы өрт жалмаған аумақтың   жалпы ауданы  4 501 гектар десек, соның 3 600 гектары  Ақтөбе облысына тиесілі екен.  21 шілдеде 33 табиғи өрт оқиғасы тіркелді. Бұл жолы тілсіз жаудың Солтүстік Қазақстан  мен Павлолар облыстарына жеткенін көреміз.  Дәл осы күні Қостанай облысында 5 бірдей орман алқабына найзағай түсіп, өрт шықты. Төтенше жағдайлар департа­ментінің баспасөз қызметіне сүйенсек,  Әулиекөл, Қарабалық, Наурызым және Жітіқара ау­дандарында жерге түскен най­зағай сынығынан орман ал­қаптары өртенген. Барлық өрт уақытында сөндірілді. Соның өзінде тілсіз жау жалпы ауданы 56,47 га орман алқабын шарпып үлгерген, ең бастысы, елді мекен­дерге қауіп төндірмеді. «Өрт болған алқаптарға облыстық төтенше жағдай департаментінің өрт сөндірушілері мен орман шаруашылығының қызметкерлері шықты. Жеке құрамның 8 қызметкері мен 2 техникасы, орман шаруа­шылықтары тарапынан 26 техника мен 64 жұмысшы жұ­мылдырылды. Зардап шек­кендер жоқ. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жедел қимылының арқасында орманды шарпыған өрт дер уақытында сөндірілді», – дейді ТЖД баспасөз қызметі. Төтенше жағдайлар департа­ментінің қызметкерлері орман­дарда рейдке шығып, азаматтарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Алайда ыстықта орманға барып демалушылар азаймай тұр.  Олар орманда от жағып, тамақ істейді, бірақ үйіне қайтарда оттың шоғын сөндірмей кетеді. Олардың арасында темекі тұқылын көрін­ген жерге тастай салатындар да кездеседі. Ал мұның салдары орманның өртке орануына алып келеді. Өртті сөндіруге қаншама техника мен адам тартылады. Өрт сөндіруге аз ақша кетпейді, оған өрт сөндірушілердің өміріне төнер қауіпті қосыңыз. Сондықтан аптап ыстықта жанға жайлы орманда демалуға барып жатса­ңыз, өрт қауіпсіздігі талабын қатаң сақтауды үйреніңіз.  

Айдана БЕГІМ