Құрбан шалу да қашықтан болмақ
Құрбан шалу да қашықтан болмақ
226
оқылды
 

Ұжымдасып мал соймайсыз

Коронавирусқа байланысты күнделікті өмір ағымы біраз өз­геріске ұшырады. Енді құрбан шалу да онлайн түрде өткізілмек. Өңірлерде көпшілік адам жиы­лып, мал союға тыйым салынып жатқаны белгілі. Себебі санитар­лық талаптар бұзылуы бек мүмкін. Облыстардағы бас санитар дәрі­герлердің қаулысында аудандық әкімдіктер арнайы белгіленген орындарда мал союды ұйымдас­тыруға және өткізуге түбегейлі шектеу қойып жатыр. Бұл шектеу бас қалада да күшіне енді. Жуырда елорданың бас мемлекеттік са­нитар дәрігері Жанна Пірә­лие­ваның осыған байланысты қау­лысы шыққан болатын. Қаулыда «Құрбан айт мерекесінде Нұр-Сұлтан қаласының аудандық әкімдіктері арнайы белгілеген орындарда мал союды ұйымдас­тыруға және өткізуге тыйым са­лынсын» деп жазылған. Бұған қоса базарлар да мереке күндері жұмыс істемейді. Ал «сауаптан қағылғысы келмеген» азаматтар не істемек? Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бұл жайтты ескерусіз қалдырмады. Сол үшін бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Qurban2020.muftyat.kz сайты іске қосылды. Сайт арқылы қазақ­стан­дықтар ешқайда бармай-ақ, үйден шықпай құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бере алады. Үш күнге созылатын мерекені діни басқарма биыл осылайша өткізуге шешім қабылдапты. – Биыл Құрбан айт мейра­мында құрбандықты онлайн жү­йеде шалуға мүмкіндік ұйымдас­тырдық. Карантин жағдайында көптеген шаруадан шектеліп отырғанымыз рас. Құрбан шалу процесінде адам көп шоғырла­нады, індеттің таралу қаупі басым жерге жатады. Осы орайда, сол сайтты іске қостық. Жұмыстың атқарылу барысы туралы тап­сырыс жасаушыға мәлімет бері­ліп отырады. Яғни, құрбандықты се­німді түрде қашықтан шала ала­сыз. Ал сайтты техникалық бақы­лау ҚМДБ-ның «Зекет» қорына тапсырылды. Жаңа сайт­тың тағы бір артықшылығы – мұнда құр­бандыққа шалынатын төрт түлік бағасымен қоса көр­сетіледі. Сол жерден қажетті мал­ды таңдап, тап­сырыс бере аласыз. Ал сойыл­ған малдың еті түгелдей қайы­рым­дылыққа, яғни мұқтаж жандарға үлестіріледі. Сонымен қатар эпи­демиологиялық ахуалға қатысты мешіттерде айт намазы оқытыл­майтын болды, – деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орын­басары, наиб мүфти Ершат Оңғаров. Төрт түліктің бағасын біл­мекке жоғарыда аталған сайтты шолып шығуға тырысқан едік. Алайда сайт әлі толық жасалып бітпегенге ұқсайды. Белгісіз се­бептермен сілтемеге кіру мүмкін болмай тұр. Мерекеге дейін 1 ап­таға жуық уақыт барын ескер­сек, алдағы аптада дайын болуы қажет. Одан бөлек, онлайн құрбан шалу деген әңгіме шыққалы бері әлеуметтік желілерде де «құрбан шаламыз» деп баға ұсынған жар­намалар көбейе бастады.  

Сауаптан құр қалмайсыз

Құрбан шалу да онлайн түрде өткізіледі деген ақпарат тараған соң, көп адамды басқа да сұрақ мазалай бастады. Соның бірі – сауаптан құр қалмаймын ба деген қорқыныш. Дегенмен дінтанушы Қасым Абдусамат олай ойлаудың жансақ екенін айтады. – Негізі, құрбан шалған адам­ның өзі сол істің басы-қасында жүруі керек. Бірақ міндетті емес. Оның үстіне, қазіргідей пандемия кезінде міндеттелмейді. Құрбан шалу мүмкіндігін өзгеге өкілет­тілік жүктеу арқылы тапсыруға болады. Яғни, қасапшыға өкі­леттілік жүктесеңіз жеткілікті. Қасапшыға сенбесеңіз, бейне­қоңырау арқылы бақылап оты­рыңыз. Сауаптан құр қаламын деп байбалам салудың қажеті жоқ, – дейді ол.  

Санитарлық талап бұрын да бұзылған

Жыл сайын құрбандық шалу кезінде санитарлық талаптың сақталмайтыны жасырын емес. Мысалы, 2019 жылы Құрбан айт кезінде мал сойған азаматтар төрт түліктің керексіз деп тапқан мү­шелерін далаға лақтырып кеткені сөз болған еді. Осыдан кейін был­тырғыдай жағдай қайталанбайды деп ешкім айта алмайды. – Биыл бұрынғыдай адам қа­расы мол болмайтын шығар. Бірақ тапсырыспен мал соятын қасапшылар бір нәрсені ескерсе екен. Төрт түліктің ішек-қарын секілді мүшелерін қажетсіз десе, далаға лақтырмай, жерге көму керек. Қоршаған ортаны ластап құрбан шалсаңыз, сауап деп тану екіталай, – деді дінтанушы Қасым Абдусамат.  

Саудалауға әркімнің бар таласы

Құрбан айт кезінде төрт түлік бағасын себепсіз өсіріп жіберетін саудагерлердің жайы белгілі. Мысалы, осы уақытқа дейін 30-40 мың теңге тұратын қойдың ба­ғасы «коронавирустан сақтануға қой еті пайдалы» деген қауесеттен соң 50-60 мың теңгеге шарықтап кетті. Енді мереке жақындаған кезде бұл баға 70 мыңға дейін аспандап шыға келіпті. Қасым Абдусаматтың сөзінше, адамдар қымбат бағаға мал сатып ала бермей, саудалас­қанның жөн еке­нін айтады. – Саудагерлер пайданы ой­ласа баға шарықтайды. Дегенмен саудаласыңыз. Көнбей жатса, басқа жерден қарап көріңіз. Бар­лық жер бірдей қымбаттатып жіберуі мүмкін емес, – дейді дін­танушы. Қорыта айтқанда, биыл жа­һанды жайлаған инфекция әсе­рінен құрбандықты да қашықтан шалуға мәжбүрміз. Ол үшін са­уаптан қағыламын деп ойлаудың қажеті жоқ. Адам қауіпсіздігі бә­рінен биік тұрғаны абзал.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ