Ұжымдасып мал соймайсыз
Коронавирусқа байланысты күнделікті өмір ағымы біраз өзгеріске ұшырады. Енді құрбан шалу да онлайн түрде өткізілмек. Өңірлерде көпшілік адам жиылып, мал союға тыйым салынып жатқаны белгілі. Себебі санитарлық талаптар бұзылуы бек мүмкін. Облыстардағы бас санитар дәрігерлердің қаулысында аудандық әкімдіктер арнайы белгіленген орындарда мал союды ұйымдастыруға және өткізуге түбегейлі шектеу қойып жатыр. Бұл шектеу бас қалада да күшіне енді. Жуырда елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның осыған байланысты қаулысы шыққан болатын. Қаулыда «Құрбан айт мерекесінде Нұр-Сұлтан қаласының аудандық әкімдіктері арнайы белгілеген орындарда мал союды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынсын» деп жазылған. Бұған қоса базарлар да мереке күндері жұмыс істемейді. Ал «сауаптан қағылғысы келмеген» азаматтар не істемек? Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бұл жайтты ескерусіз қалдырмады. Сол үшін бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Qurban2020.muftyat.kz сайты іске қосылды. Сайт арқылы қазақстандықтар ешқайда бармай-ақ, үйден шықпай құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бере алады. Үш күнге созылатын мерекені діни басқарма биыл осылайша өткізуге шешім қабылдапты. – Биыл Құрбан айт мейрамында құрбандықты онлайн жүйеде шалуға мүмкіндік ұйымдастырдық. Карантин жағдайында көптеген шаруадан шектеліп отырғанымыз рас. Құрбан шалу процесінде адам көп шоғырланады, індеттің таралу қаупі басым жерге жатады. Осы орайда, сол сайтты іске қостық. Жұмыстың атқарылу барысы туралы тапсырыс жасаушыға мәлімет беріліп отырады. Яғни, құрбандықты сенімді түрде қашықтан шала аласыз. Ал сайтты техникалық бақылау ҚМДБ-ның «Зекет» қорына тапсырылды. Жаңа сайттың тағы бір артықшылығы – мұнда құрбандыққа шалынатын төрт түлік бағасымен қоса көрсетіледі. Сол жерден қажетті малды таңдап, тапсырыс бере аласыз. Ал сойылған малдың еті түгелдей қайырымдылыққа, яғни мұқтаж жандарға үлестіріледі. Сонымен қатар эпидемиологиялық ахуалға қатысты мешіттерде айт намазы оқытылмайтын болды, – деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров. Төрт түліктің бағасын білмекке жоғарыда аталған сайтты шолып шығуға тырысқан едік. Алайда сайт әлі толық жасалып бітпегенге ұқсайды. Белгісіз себептермен сілтемеге кіру мүмкін болмай тұр. Мерекеге дейін 1 аптаға жуық уақыт барын ескерсек, алдағы аптада дайын болуы қажет. Одан бөлек, онлайн құрбан шалу деген әңгіме шыққалы бері әлеуметтік желілерде де «құрбан шаламыз» деп баға ұсынған жарнамалар көбейе бастады.Сауаптан құр қалмайсыз
Құрбан шалу да онлайн түрде өткізіледі деген ақпарат тараған соң, көп адамды басқа да сұрақ мазалай бастады. Соның бірі – сауаптан құр қалмаймын ба деген қорқыныш. Дегенмен дінтанушы Қасым Абдусамат олай ойлаудың жансақ екенін айтады. – Негізі, құрбан шалған адамның өзі сол істің басы-қасында жүруі керек. Бірақ міндетті емес. Оның үстіне, қазіргідей пандемия кезінде міндеттелмейді. Құрбан шалу мүмкіндігін өзгеге өкілеттілік жүктеу арқылы тапсыруға болады. Яғни, қасапшыға өкілеттілік жүктесеңіз жеткілікті. Қасапшыға сенбесеңіз, бейнеқоңырау арқылы бақылап отырыңыз. Сауаптан құр қаламын деп байбалам салудың қажеті жоқ, – дейді ол.Санитарлық талап бұрын да бұзылған
Жыл сайын құрбандық шалу кезінде санитарлық талаптың сақталмайтыны жасырын емес. Мысалы, 2019 жылы Құрбан айт кезінде мал сойған азаматтар төрт түліктің керексіз деп тапқан мүшелерін далаға лақтырып кеткені сөз болған еді. Осыдан кейін былтырғыдай жағдай қайталанбайды деп ешкім айта алмайды. – Биыл бұрынғыдай адам қарасы мол болмайтын шығар. Бірақ тапсырыспен мал соятын қасапшылар бір нәрсені ескерсе екен. Төрт түліктің ішек-қарын секілді мүшелерін қажетсіз десе, далаға лақтырмай, жерге көму керек. Қоршаған ортаны ластап құрбан шалсаңыз, сауап деп тану екіталай, – деді дінтанушы Қасым Абдусамат.Саудалауға әркімнің бар таласы
Құрбан айт кезінде төрт түлік бағасын себепсіз өсіріп жіберетін саудагерлердің жайы белгілі. Мысалы, осы уақытқа дейін 30-40 мың теңге тұратын қойдың бағасы «коронавирустан сақтануға қой еті пайдалы» деген қауесеттен соң 50-60 мың теңгеге шарықтап кетті. Енді мереке жақындаған кезде бұл баға 70 мыңға дейін аспандап шыға келіпті. Қасым Абдусаматтың сөзінше, адамдар қымбат бағаға мал сатып ала бермей, саудаласқанның жөн екенін айтады. – Саудагерлер пайданы ойласа баға шарықтайды. Дегенмен саудаласыңыз. Көнбей жатса, басқа жерден қарап көріңіз. Барлық жер бірдей қымбаттатып жіберуі мүмкін емес, – дейді дінтанушы. Қорыта айтқанда, биыл жаһанды жайлаған инфекция әсерінен құрбандықты да қашықтан шалуға мәжбүрміз. Ол үшін сауаптан қағыламын деп ойлаудың қажеті жоқ. Адам қауіпсіздігі бәрінен биік тұрғаны абзал.