«Қазақстан Фотоэнциклопедиясы» жобасы авторларының бірі, фотограф, ІТ-маман Владимир Пронин бірегей жобаны дамытуға қолдау көрсетуді сұраған болатын. Партия мүшелерінің атсалысуымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мерзімді баспасөз басылымын, ақпараттық агенттікті және «Қазақстан Фотоэнциклопедиясы» желілік басылымын есепке қою туралы куәлік берді. Тәжірибелі фотографтың сөзінше, еліміздің көркем табиғатының суреттерін біріктірген сайт идеясы 16 жыл бойы белсенді фотосессия жасаған үлкен фотоматериалдар негізінде пайда болған. 2010 жылы осы бағытта allphoto.kz сайтын жасап шығарған. – Бірінші кезекте қалалардың архитектурасы мен табиғатын көрсету жоспарланған болатын, бірақ біз «Қазақстанн Фотоэнциклопедиясы» атауымен мемлекетіміздің ғажайып жерлері туралы барлық материалдан коллекция жасауды шештік. 2015 жылдың сәуір айында сайт іске қосылып, кез келген адам қысқа мерзімде Қазақстан халықтарының алуан түрлі мәдениетімен, қалалардың қалыптасу тарихымен, ұлттық мерекелермен, халықаралық көрмелермен, спорттық жарыстармен, флора мен фаунаның әртүрлі әлемімен таныса алатын болды. Бізде демеушілер болған жоқ, фототехниканы, ұйымдастыру техникасын сатып алуға, лицензиялық бағдарламаларды төлеуге жұмсалатын барлық шығындарды өз қаражатымыздың есебінен жүргіздік. Осы мәселені айтып көмек сұраған соң, көп ұзамай маған Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаевпен кездесу бұйырды. Бірнеше күннен кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бізге мерзімді баспасөз басылымын, ақпараттық агенттікті және «Фотоэнциклопедия Казахстана» желілік басылымын есепке қою туралы куәлік берді. Біздің авторлық ұжымымызды, қызметімізді ресми мойындағаны үшін шынайы алғыс айтамын, – дейді жоба авторы. Жоба иесі одан әрі даму үшін грант алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтады. Егер грант ұтып алған жағдайда, жоба үлкен жетістікке жетіп, еліміздің ғажайып жерлерін таныстыра беретінін жеткізді. Одан бөлек, партияның қабылдау бөлімінің арқасында тағы бір өзекті мәселе шешімін тапты. Алматы қаласының тұрғыны Анара Құсайынованың ұлы 2019 жылы жазықсыз істі болып, сотталған екен. Баласының жазықсыз екенін дәлелдеу үшін ана жан-жақтан көмек сұраған. Заң кеңесшілері палатасы қауымдастығының атсалысуымен мамандар істің ақ-қарасын анықтауға көшеді. Сараптамадан кейін азамат Т.Ерлановтың кінәсіз екені белгілі болып, бостандыққа шыққан. – Ұлым бар болғаны 25 жаста. Қабылданған сот актілерімен келіспейтініміз туралы Бас прокуратураға өтініш-шағым білдірдік. Президент әкімшілігі мен «Nur Otan» партиясы септесіп, Жоғарғы сот шағымымызды қанағаттандырды. 2020 жылдың 20 мамыры күні қайтадан сот болып, ұлым жазықсыз деп танылып, босатылды. Осы істе көмек берген жандарға алғысым шексіз, – деді Анара Құсайынова. Осындай игі істерден кейін де партияның қабылдау бөлімі азаматтардың шағымы бойынша жұмыс істеуді жалғастыра бермек.