Clockster компаниясының негізін қалаушы және стартап жетекшісі Ержан Рысқалиевтың айтуынша, жоба тобы арнайы құрылғыға тапсырыс берді, оны енгізу сервиске келушілердің температурасын анықтауға мүмкіндік береді. «Жаңа жүйе адамның дене қызуын, бетперденің бар-жоғын автоматты түрде анықтайды. Егер адамда дене қызуы жоғары болса, деректер автоматты түрде базада сақталады. Адамға электронды мекенжай бойынша хабар жіберіледі. Дене қызуы жоғары адамға кеңсеге кіруге тыйым салуға болады. Жүйе қызметкерді турникет арқылы өткізбейді. Бұл бетперделерге де қатысты», – дейді Е.Рысқалиев. Қазіргі уақытта жаңа жүйе Astana Hub халықаралық технопаркінде орнатылған. Сондай-ақ компаниялардан 10-ға жуық алдын ала тапсырыс түскен. «Бұл сервис коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайту үшін құрылыс секторы, ауруханалар, медициналық мекемелер, мектептер, университеттер үшін өте қолайлы. Қазір көптеген компанияда келушілердің температурасын күзетшілер тексеруде. Мұнда адам факторы көп. Күзетші кей температураны байқамауы мүмкін. Кейде құрылғылар да қате нәтиже көрсетеді. Адамда 37 градус температура көрсеткіші болса, оны 36 градус деп көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар біздің қызметімізде келушілердің температурасын қолмен жазудың қажеті жоқ. Бізде барлығы цифрланған және автоматтандырылған, қонақтардың кіріп-шыққан жазбаларын көруге болады», – дейді Ержан Рысқалиев. Егер жаңа құрылғы қолданыста сұранысқа ие болса, күзетшілердің жұмысы жеңілдемек.
Н.БАҚЫТ