«Бес жасар қыз тілге келді» – Сәтбаевтағы оқиғаның қалай болғаны анықталды
«Бес жасар қыз тілге келді» – Сәтбаевтағы оқиғаның қалай болғаны анықталды
Фото: Интернеттен алынды
193
оқылды
Қыз баланы үйіне қамап ұстаған азаматты жазалау оқиғасын  әлеуметтік желілер ушықтырған, - деп хабарлады бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. 23 шілде күні сағат 21.00-де Сәтбаев қаласының ІІБ Жезқазған қаласының тұрғыны өзінің 5 жасар қызының жоғалып кеткені туралы хабарлайды. Жоғалып кеткен бала Сәтбаев қаласына туысының үйіне келген. Жергілікті еріктілер барлық мессенджерлер мен әлеуметтік желілерге жоғалған баланың фотосы мен дерегін салып іздеу салады. Тұрғындардың айтуынша, бала түскен үй жақында ғана туысынан айрылып қара жамылып отырған шаңырақ. Қыз бала күндіз жоғалып кеткен. Полиция қызметкерлері бірнеше сағат бойы қала көшелерін, үй маңын дауыс зорайтқышпен хабарлап іздестірген. Көрші-қолаңға сұрау салған. Бұл жағдайға көп адам куә болады. Жоғалған бала көрші подьездің бірінші қабатындағы пәтерден табылған. Полицейлер бала тоқтаған үйдегі барлық пәтердің есігін қағып жүргенде, бір пәтерден баланы дауысын естиді. Сол кезде қыз баланы 60 жастан асқан адамның қамап отырғаны туралы ақпарат мессенджерлерде лезде тарап кеткен. Хабарға дүрліккен жүзден аса адам сол үйдің алдына жиналып, күдіктіні өз қолдарына беруді талап етті. Жан-жақтан жиналған азаматтар терезені сындырып, үйге кіруге ұмтылды. Полицияға көмекке қосымша күш келіп, шлем мен бронжелет киген қызметкерлер үйді қоршап алды. Болып жатқан жайтты қатысушылар дереу телефонға түсіріп, әлеуметтік желілерге салып жатты. Әлеуметтік желілерде сол пәтерде тұратын әкелі-балалының суреті де лезде тарап кетті. "Сағат 00.00-де табылған баланы бетін орамалмен бүркеп, көтеріп алып шыққан. Жалаңаштап шешіндірген, аузы скочталған баланы төсектің астына тығып қойған деп хабарлады" атын атағысы келмеген бір тұрғын. Үй иесінің бұрын сотты болған баласы полицейлер келгенше ізін суытып үлгерген деген де ақпарат бар. Оқиға орнына келген облыстық ІІД басшысының орынбасары Ернат Қалиақпаров халықты тарауға шақырады. Онымен бірге қала әкімі Асқар Идрисов пен қала имамы да халықты тыныштандыруға тырысты. Дегенмен ашулы халық күдіктіні өз қолымен жазаламай қайтпайтынын айтып, тарқамай қойған. Баланы алып кеткеннен кейін халық күдіктінің үйіне лап етіп кіріп, барлығын қиратқан. Бұл оқиға басқа көршілердің де үрейін туғызды. Сағат таңғы 4:00-ке қарай ашулы халық полиция бөліміне келеді.  Қыз баланың ауруханада жатқандығы туралы хабар жиналғандарды одан сайын өршітіп, олар күдіктіні беруді талап етті. Сағат 4:30-те полиция ғимаратына СОБР тартылады. 4:35-те полиция қызметкерлері аспанға оқ атуға мәжбүр болған.  Жиналғандар ғимаратқа қолына түскенді лақтырып, тас пен өртегіш құралдар жаудырғаннан кейін өрт сөндірушілер шақырылған. Полиция бөлімінің жанында тұрған бір автокөлік өртке оранған. Таңға жақын халық үйлеріне тарады. Таң атысымен қала әкімдігі мен құқық қорғау органдары ресми мәлімдеме жасады. – Құрметті қала тұрғындары. Жоғалған қыз бала табылды. Анасының жанында. Тыныштықты сақтап, әлеуметтік желілерде таралған жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз, – деп ақпарат таратты Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі. 24 шілде күні 6:00-де Қарағанды облысының ІІД баспасөз қызметі ақпарат таратты. «23 шілде сағат 21:00-де Сәтбаев қаласы полиция бөліміне  Жезқазған қаласының тұрғыны 5 жасар қызының жоғалғаны туралы хабарлады. Еріктілер мен полицияның жеке құрамы жүргізген іздеу шараларының арқасында бала көпқабатты үйдің бірінен табылды. Бала қазір ауруханада» делінген құзырлы органның баспасөз релизінде. – Күдікті ұсталды. Дегенмен он шақты адам оны қолға беруді талап етіп отыр. Бұзақылықты тыю үшін оқиға орнына құқық қорғау органдары қызметкерлері жұмылдырылды. Қарағанды облысының департамент полицейлері қоғамдық тыныштық пен қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлық шараларды жасауда, – деп хабарлады депараменттің баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков.   https://www.instagram.com/p/CDAvSAnnFhP/?utm_source=ig_web_copy_link Елді дүрліктірген оқиға туралы Нұр-Сұлтан қаласында Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев брифинг өткізді. Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын да тура осы күні, 2017 жылдың 24 шілдесінде Сәтбаев қаласында бес жастағы қызды қорлаған тура осындай жағдай болған еді. 50 жастағы күдікті жасөспірім қызды зорлағаны үшін ұсталған болатын. Бала педофилдің үйінен табылды. Кейін полиция сержантының полиция учаскесінде күдіктіні ұрып-соққаны түсірілген видео әлеуметтік желілерге тарап кетті. Бұл оқиғадан кейін полицей жұмыстан шығарылып, оны түсірген конвой жазаланды. Қазір жағдай тұрақталды. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Сәтбаев қаласына барды, оқиғаны өз бақылауында ұстап отыр. Қазір бала ата-анасының үйінде. 62 жастағы күдіктіден жауап алынуда.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы