Праймериз: әкімдерді мақтайтын емес, халықты жақтайтын азаматтар қажет
Праймериз: әкімдерді мақтайтын емес, халықты жақтайтын азаматтар қажет
Іріктелген жаңа көшбасшылар келер жылы өтетін Мәжіліс пен мәслихат сайлауларында бағын сынап көрмек. Осы орайда танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы партияның атынан сайлауға түсетін жаңа тұлғалар әкімдерді мақтап-мадақтамай, халықшыл болса екен деген пікірін білдірді. «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасының мүшелері өткізген zoom-конференцияда сөйлеген ол елдегі әлеуметтік-саяси жағдайға қатысты өз ойымен бөлісті.
«Праймериздің ұтымды тұстарын қоғамға әлі де түсіндіру қажет. Біздің арамыздан әкімдерді мақтайтын, жақтайтын емес, елге, халыққа жаны ашитын азаматтар шықса деймін. Өйткені билік пен халықтың арасы тым алшақтап кеткен. Мәселен, жуырда Алматы, Қызылорда, Талдықорған, Жамбыл облыстарына іс-сапармен барып келдім. Сонда тұрғындардан сайлаған депутаттарыңыз кім десем, білмейді. Депутаттар сайланып алғанша «мен бәрін жасаймын» деп уәдесін үйіп-төгеді де, сайланған соң жоқ болып кетеді. Жақында Меркі қаласына барған сапарымда тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көріп, жағамды ұстадым. 3 баласы ауру отбасылар бар, бірақ оларға әкімдік көмектеспейді. Біз көпбалалы аналардың мәселесін жиі айтамыз да, ауру баласы бар аналарды ұмытып кеттік», - дейді журналист.
Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларға қарсы жасалатын зорлық туралы қоғамда жиі айтып, Парламентте талқылағанмен, аталған қылмыс түрлері әлі де азаймай отыр.   https://youtu.be/DwFu2J7Zggg
«Маған күйеуінен қорлық көрген әйелдер жиі хабарласады. Өз әйеліне қарсы жасалған жантүршігерлік қылмыстарды жиі естиміз. Осы аталған мәселелер партия тарапынан қадағалануы керек. Сонымен қатар, жастардың жұмыссыздығы да өзекті мәселеге айналып отыр. Көктемде болған карантин кезінде жұмыссыз қалған жастардың қылмысқа барып, істі болғанын өз көзіммен көрдім. Ақша болмағаннан кейін ұрлыққа барыпты. Біздің назарымыздан бұл мәселе тыс қалмауы керек», - деді Бибігүл Дәулетбекқызы.
Айта кетейік, «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасы мүшелері өткізген Zoom-конференцияға партия хатшысы Арман Қырықбаев, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Қазбек Майгелдинов, журналистер Бағдат Қожахметов, Айдос Жұқанұлы, Рахат Жақсыбай, блогерлер Яков Федоров, Бибігүл Дәулетбекқызы, Самат Нұртаза қатысты. Zoom-конференцияны саясаттанушы Ерлан Саиров жүргізді.