Спорт деген бір сиқыр, ал осы саладағы жемқорларды кім дейміз?

Спорт деген бір сиқыр, ал осы саладағы жемқорларды кім дейміз?

Спорт десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз. Әсіресе, олимпиада мен әлемдік жарыстарда ұландарымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, көк туымызды көкке желбіретіп, әнұранымыз шетелдік ареналарда ойналғанда мақтаныш кернеп, көзге қуаныштың ыстық жасы үйіріледі. Ол – қаншама жылын сарп етіп, жеңісті жолға талпынған спортшының маңдай тері арқылы келген еңбектің жемісі.

Ал осындай қуанышты сәт­тер­ді сыйлайтын болашақ чем­пион­дарды дайындайтын оқу орындарындағы былықтарды, яғни сыбайлас жемқорлықты көре отырып, қазынаға қол салғандарды кім деп айтуға болады деп ойға кетеді екенсің. Ақпан айында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық­тардың алдын алу мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министр­лігі және Ұлттық олимпиада комитеті меморандумға қол қойған болатын. Осы үшжақты келісімге сәйкес Мәдениет және спорт министрлігі спорт саласында ашықтық саясатын ұстанып, «ашық дереккөзде» бюджет қаражатын игеру, мемлекеттік сатып алулар мен министрліктің табысы мен мүлкі жайлы барлық ақпаратты жария етіп отыратыны да айтылған болатын. Сонымен қатар үшжақты меморандум­ның басты мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағыттап, бірлес­кен және үйлестірілген іс-қимылдарды әзірлеу және іске асыру, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес бойынша қабыл­данған шаралардың тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық­тарын жасау­ға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойын­ша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру болып табы­латыны белгілі.

Осы меморандум нәтижесін бере бастады ма, әлде шынымен де сыбайлас жемқорларды ұстай­тын агенттік жұмысына білек сыбана кірісті ме, спорт саласындағы бірнеше қылмыс­ты ашып тастады. Иә, жақында ғана Велосипед спортынан олим­пиадалық даярлау орталы­ғы­ның директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталды. Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агент­ті­гі­нің департамент басшысының орынбасары Бауыржан Балға­беков: «Жақында «Велосипед спортынан олимпиадалық даяр­лау орталығы» РМК дирек­торы Мұқашевке қарсы сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталды. Оған кәсіпорында іс жүзінде жұмыс істемеген адамдарға еңбекақы төлеген болып 21 млн теңгені иемденіп, заңсыз жұмсады деген айып тағылып отыр», – деді. Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің заңгерлік басқар­масының бас сарапшысы Динара Әбенова аталмыш іс бойынша комитет тарапынан атқарылған шараларға тоқта­лып өтті: «Комитет төрғасының бұйрығымен орталық дирек­торы Мұқашев, директордың екі орынбасары қызметінен босатылды. Сондай-ақ орталық директорының тағы бір орын­басары Зайнулдинаға, бас есеп­шісі мен кадрлар бөлімінің бас­шысына қатаң сөгіс жарияланды. Орталық дирек­торының кәсіпорын қызмет­керлеріне еңбекақы төлеу және сыйақы төлеу ережелері туралы бұйрығына өзгеріс енгізілді», – деді.

Бауыржан Балғабековтің айтуынша, салаға бөлінген мемлекет қаражаты көп жағ­дай­да тиімді игерілмей отыр. «Жыл сайын бұл салаға бюд­жеттен 60-80 млрд теңге бөлі­неді. Өкінішке орай, соның бәрі мақсатына сай игеріліп жатқан жоқ. 2018-2019 жылдар аралығында Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл қызме­тінің қарауына 39 сотқа дейінгі өндіріс құжаттары түсті. Оның көбі – ақша жымқыру, қызметін асыра пайдалану, пара алу және пара беру фактілерімен байла­нысты», – деген ол жем­қорлар арасында басшылық лауазым­дағы қыз­мет­керлер де, бапкер­лер де бар екенін атады. «Мыса­лы биыл Штаттық ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының директоры Жанпейісов оқу-жаттығу форумдарын өткізу туралы жалған құжат жасау арқылы 139 млн теңге иемденгені үшін ұсталды. Ал Батыс Қазақстан облысында спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Шаяхметов пен бөлім басшысы спорт мектептерінің бапкерлерінен заңсыз ақша жинаған. Сырдария аудандық мамандандырылған олимпиа­да­лық резерв мектебінің директоры 50 мың теңге пара алған үшін сотталды», – деді Бауыржан Балғабеков.

Міне, сыбайлас жемқор­ларды айғақтайтын агенттік спорттағы былықты ашып, оны ашық түрде жариялай бастады. Олай болса спорт саласы жем­қор­лықтан ада болып, алдағы уақытта жеңіс тұғырынан көрі­нетін ұландарымыздың жатты­ғуына кететін қаржы орнымен жұмсалатынына сендік.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ