Еске алу терапиясы

Еске алу терапиясы

Адам өмірі саяхат тәрізді. Түрлі әсер сыйлайды. Кейбірін мәңгі есте сақтағың келеді. Сонымен байланысты дүниеге қайта үңілесің. Ол музыка, фильм, тіпті жай ғана зат болуы мүмкін. Психология мұны арнайы қарастырады. Есіңде қалғанды қайта жаңғырту – денсаулық­қа пайдалы.

Ғалымдар бұрынғы сәтке қайта оралу жанға да, тәнге де пайдалы дейді. Тіпті күнделікті іс-әрекетті ретімен қайталау да жақсы әсер қалдырады. Серен Кьеркегордың айтуынша, қайта­лау мен еске алудың арасында азғантай айырма бар. Еске алу адамға ескідегіні айнақатесіз қайталауға көмектеседі. Күнде­лікті қайталау істі бұрынғысынан да нәтижелі істеуге үйретеді.

Бұдан бөлек адамдар кво стату­сы­на кіргенді ұнатады. Мыса­лы, емти­ханның алдында сәтілік білезі­гін тағу немесе түрлі ырым-тиымды орындау. Кво статусы – көпмағы­налы. Тақы­рып­қа байланыстысы «белгілі бір сәтке қайта оралу» деге­ні. Көпші­лігі кво статусын «бірқа­лыпты тіршілік» деп қабыл­дайды. Себебі, аталған статустағы­лар өзгерісті мойындағы­сы келмей­ді. Жаңа жолмен емес, ескі сүрлеу­мен аяңда­ғанды жөн көреді.

Кристел Антония мен Сидни Леви арнайы зерттеу жұмысын жүр­гізген. Олар бұрын оқыған кі­тап­­ты, көрген фильмді, интер­нет парақшаны қайта ақтара­тындар­дан сауалнама алған. Нәтижесінде, адам­ның эмоцияға мұқтаждығы анық­­талған. Яғни, біз қайта қарау ар­қы­лы жадымызда қалған жылы есте­­лікке ораламыз. Бойымызды ерек­­ше сезім билеп, еріксіз жы­мия­­­мыз. Жүрегіміз жиірек соғып, ты­ны­­сымыз ашыл­ғандай күй кеше­міз.

Тағы бір себеп – жеңілдік. Миымыз жаңа ақпаратты емес, ескіні қайта өңдейді. Бұл санаға күш түсірмейді. Мұның ғылыми атауы – реконструктивті тұтыну. Бір нәрсені қайта-қайта қарау ерте ме, кеш пе, жалықтырады. Психологтардың пайымдауынша, қайталау бауыр басуға әкеледі. Біз кейбір заттарды жиі еске алатыны­мыз үшін жақсы көреміз. Жаңа шыққан әнді сөзі мен әуені үшін емес, бір күнде радиодан сан рет есті­геннен ұнатуымыз мүмкін. Бәрі әсер ету факторына тәуелді.

Солтүстік Дакота универ­сиетінің психологы Клэй Рутледж ностальгияны зерттеумен айна­лы­сады. Айтуынша, носталь­гияның екі түрі бар. Тарихи және автобиографиялық. Тарихи түрі өткенге деген сағыныш күйінде суреттеледі. Автобиографиялық ностальгия – өзіне қатыстыны еске алу. Рутледж сауалнамасында уақыт мәшинесіне қатысты сұрақ бар. Көпшілігі уақыт мәшинесінің бағытын болашаққа емес, өткен шаққа бұрады екен.

Өткен шаққа саяхат – терапия. Рецепсіз әрі пайдалы дәрі. Рассель мен Леви Нельсон есімді азаматты зерттеу нысаны етіп алған. Нельсон әйелі мен екі баласын алып Флоренция мен Сиенаны аралаған. Отбасылық демалыс ерекше әсер еткен. Ғалымдар Нельсонға араға 40 жыл салып қайта саяхат жасауды ұсынған. Бұл жолы жалғыз. Себебі, әйелі мен балалары қайтыс болыпты.

Нельсон Италияға сапарын тыңғылықты жоспарлаған. Бұрын қайда барғанын еске түсірген. 40 жыл бұрын тоқтаған қонақүйіне түсіп, дәл сол дәмханадан тамақ­танған. Саяхаттан келгенсін Рас­сель мен Левиге баяндама жаса­ған. Саяхат жүйке жүйесін ты­ныш­­тан­ды­рып, өмірді өзінше қабыл­дауға үйреткенін айтқан. Әр нүкте өткен шақтың тәтті естелігін еске түсіріп, жақындарымен қауыш­қандай әсер сыйлағанын жеткіз­ген.

Зерттеудің мұндай түрін қол­дану рухани терапия деп аталады. Рухани терапия қабылдау адамды сергітіп қана қоймай, жігерлен­ді­реді. Қалыпты атмосфера құруға көмектеседі. Ностальгия жайлы­лық пен жылу сыйлайды. Қазір бұл терапияны арнайы тренинг­терде қолданады. Тренингте сәл өзгешелікті байқайсыз. Мысалы, бәрін сана деңгейінде орындай­сыз. Яғни, еске түсіру арқылы жүзеге асады. Аудиторияға өткен шаққа ораламыз деп белгі береді. Туған үйін, өскен ауласын, доста­рын еске түсіруін сұрайды. Сосын бөлмеге кіріңдер, жоғалт­қан адаммен қауышыңдар дейді. Ішкі өкпе-ренішті кешіріп, сағынған­дарын айтуын өтінеді. Көбінесе бұл терапияны өткенді жіберуге қорқатын, ішкі әлемі күйреген адамдарға қолданады. Аталған терапиядан кейін адам өзін жеңіл сезініп, өмірге деген құштарлығы артады екен.

Өткен шақ, осы шақ пен келе­шек­тің арасында динамика­лық байланыс бар. Әсіресе, ностальгия кезінде экзистенционалды сезіну жүзеге асады. Адам өзін аралықта тұрғандай сезінеді. Мысалы, ескі әнді тыңдағандағы сезім сияқты. Ой мен сана өткенге оралып, рухани тыныштық орнайды.

Айналып келгенде барлығы эмоцияға тәуелді. Ностальгия дегеніміздің өзі – эмоция. Өткен шақта ерекше әсер қалдырған нәрсені сағыну, аңсау. Еске түсіргенде, көргенде ерекше сезімге бөлену. Психологтар жиі эмоцияға берілу адамға кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Адамға ностальгия белгілі бір категория бойынша пайдалы. Бірақ өткенді жіберіп, болашаққа бағдар жасаған тіптен дұрыс.

Психологтар ой еңбегінен, тіршіліктен қажығанда носталь­гия­ға енуге кеңес береді. Өзіңізге ерекше атмосфера қалыптастыры­ңыз. Бүгінен бастап қорапшаға естелік жинаңыз. Жазған жазба, киноға кірген билет, тіпті қиынды болса да жарайды. Бастысы, сіз қайта ашқанда рухани саяхаттап қайтуыңыз керек. Бұл – ақысыз демалыстың ең тиімді түрі.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ