Қаржы – қолбайлау
Қаржы – қолбайлау
189
оқылды

Ақтау қаласында автоматтандырылған велосипед жалға беру жүйесінің жұмысы тоқтады. Бір жыл бойы Ақтау тұрғындарына экологиялық таза көлік түрін ұсынып келген Velocity.kz қоғамдық қоры жоба жұмысының жалғасын таппауын қаржының болмауымен түсіндірді.

Ақтау қаласында Aqtaybike автоматтандырылған велосипед жалға беру жүйесі өткен жылы іске қосылған. Каспий маңы мем­ле­кеттерінің саммиті қарса­ңын­да «жасыл экономика» жобасы ретінде жұмысын бастаған жүйе Velocity.kz қоғамдық қорына тиесілі. Ақтау автоманттандырыл­ған велосипед жүйесін қолданыс­қа енгізген Қазақстандағы төртін­ші қала болған. Қазір жоба Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қала­ларында сәтті жұмыс істеп тұр.

Velocity.kz қоғамдық қорының Алматы қаласы бойынша өңірлік директоры Төлеген Жанабеков Ақтау қаласындағы велосипед­терді жалға беру жүйесінің жұмы­сы неге тоқтағанын былай түсіндірді:

– Біздің жоба Ақтау қаласында өткен жылы жергілікті әкімдікпен жасалған меморандум аясында бастау алды. Өкінішке қарай, биыл шілде айында велосипед жалға беру жүйесінің жұмысын қамтамасыз етуге қажет қаржы болмағандықтан, Ақтаудағы жоба жабылды. Экологиялық таза көлік түріне жергілікті халықтың сұранысы жақсы болды. Алдағы уақытта велосипед стансалары­ның жұмысын қамтамасыз ететін қаржы табылса, Ақтауға қайта оралуға дайынбыз, – деді ол.

Төлеген Жанабековтың айтуын­ша, автоматтандырылған велосипед жүйесінің бір артық­шы­лығы – күн энергиясын пайда­ланатын стансалар.

– Жылы маусымдарда стан­салар толықтай күн энергиясы есебінен жұмыс істейді. Тек қыс мезгілінде ғана электр энергия­сын пайдалануға тура келеді. Бірақ энергия шығындарының басым бөлігін күн энергиясы өтейді, – дейді ол.

Velocity.kz қоғамдық қоры өкілінің сөзінше, қазақстан­дықтар арасында жалға берілетін велосипедтердің танымалдылығы артып келеді. Төлеген Жанабеков сөзін растайтын цифрлы дерек­терді де мысалға келтірді. «Жыл басынан 28 шілдеге дейін бір ғана Алматы қаласы бойынша азамат­тар 367 629 рет велосипед алып, жалпы ұзақтығы 5 миллион 232 мың 997 минутын экологиялық таза көлік үстінде өткізген. Алма­ты тұрғындары біздің велосипед­тер­мен жеті ай уақыт ішінде 849 557 километр жүріп өткен», – деді ол.

Маманның айтуынша, Алма­ты­да велосипед стансалары жұмы­сына қажет қаржыны Алма­ты қаласы әкімдігі бөледі. Алдағы уақытта Ақтаудағы жұмысы тоқтаған жобаны жандан­ды­ру­ға қаржы табылса, қала хал­қы жалға берілетін велоси­пед жүйесімен қайта қауышуы мүмкін.


Кәусар АХМЕТ