Ақтау қаласында автоматтандырылған велосипед жалға беру жүйесінің жұмысы тоқтады. Бір жыл бойы Ақтау тұрғындарына экологиялық таза көлік түрін ұсынып келген Velocity.kz қоғамдық қоры жоба жұмысының жалғасын таппауын қаржының болмауымен түсіндірді.
Ақтау қаласында Aqtaybike автоматтандырылған велосипед жалға беру жүйесі өткен жылы іске қосылған. Каспий маңы мемлекеттерінің саммиті қарсаңында «жасыл экономика» жобасы ретінде жұмысын бастаған жүйе Velocity.kz қоғамдық қорына тиесілі. Ақтау автоманттандырылған велосипед жүйесін қолданысқа енгізген Қазақстандағы төртінші қала болған. Қазір жоба Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында сәтті жұмыс істеп тұр.
Velocity.kz қоғамдық қорының Алматы қаласы бойынша өңірлік директоры Төлеген Жанабеков Ақтау қаласындағы велосипедтерді жалға беру жүйесінің жұмысы неге тоқтағанын былай түсіндірді:
– Біздің жоба Ақтау қаласында өткен жылы жергілікті әкімдікпен жасалған меморандум аясында бастау алды. Өкінішке қарай, биыл шілде айында велосипед жалға беру жүйесінің жұмысын қамтамасыз етуге қажет қаржы болмағандықтан, Ақтаудағы жоба жабылды. Экологиялық таза көлік түріне жергілікті халықтың сұранысы жақсы болды. Алдағы уақытта велосипед стансаларының жұмысын қамтамасыз ететін қаржы табылса, Ақтауға қайта оралуға дайынбыз, – деді ол.
Төлеген Жанабековтың айтуынша, автоматтандырылған велосипед жүйесінің бір артықшылығы – күн энергиясын пайдаланатын стансалар.
– Жылы маусымдарда стансалар толықтай күн энергиясы есебінен жұмыс істейді. Тек қыс мезгілінде ғана электр энергиясын пайдалануға тура келеді. Бірақ энергия шығындарының басым бөлігін күн энергиясы өтейді, – дейді ол.
Velocity.kz қоғамдық қоры өкілінің сөзінше, қазақстандықтар арасында жалға берілетін велосипедтердің танымалдылығы артып келеді. Төлеген Жанабеков сөзін растайтын цифрлы деректерді де мысалға келтірді. «Жыл басынан 28 шілдеге дейін бір ғана Алматы қаласы бойынша азаматтар 367 629 рет велосипед алып, жалпы ұзақтығы 5 миллион 232 мың 997 минутын экологиялық таза көлік үстінде өткізген. Алматы тұрғындары біздің велосипедтермен жеті ай уақыт ішінде 849 557 километр жүріп өткен», – деді ол.
Маманның айтуынша, Алматыда велосипед стансалары жұмысына қажет қаржыны Алматы қаласы әкімдігі бөледі. Алдағы уақытта Ақтаудағы жұмысы тоқтаған жобаны жандандыруға қаржы табылса, қала халқы жалға берілетін велосипед жүйесімен қайта қауышуы мүмкін.
Кәусар АХМЕТ