Біз #Jamyragat тобының жетекшісіне хабарласып, жаңа бастаманың жай-жапсарын сұрадық.
«Қазақша жазуды талап ету 4-5 күн бұрын басталды. Бастама көтеріп, түрлі компаниялардың ресми сайттарынан, мемлекеттік мекемелер, банктер, трансұлттық компаниялардан қазақ тілінде ақпарат алу бастамасын көтердік. Айқай-шусыз, сауатты, заң аясында тиімді тәсілмен құқымызды талап етеміз. Әуел баста Instagram-да «Бәрі жақсы болады» деп футболкаға қазақ жазып, бірақ өзге тілде жазба жариялап, сауда-саттық жасайтын парақшаға қазақша жазба жаздырудан басталды. Сол парақшаның иесіне «қазақша сөздер жазып футболка сатасыңдар, бірақ өздерің туралы мәліметтерді неге қазақша жазбайсыңдар?» деп талап қойдық. Олар біздің өтінішімізді ескеріп, Instagram-дағы парақшасында қазақша жазбалар жариялай бастады. Осыдан соң, бұл әдістің тиімді екеніне көз жеткіздік. Жөнімен талап етсек, ісіміздің нәтижелі болатынын түсіндік. Содан кейін Telegram-да #Jamyragat деп чат ашып, өзімізбен пікірлес адамдардың басын бір жерге жинағымыз келді. Instagram, Facebook-те «Қазақтілді тұтынушының құқығын талап етеміз», дүкен иелерінен «Сіздердің өнімді тұтынамыз, бірақ бізге қазақша да ақпарат беріңіз», «Қазақша айтсаңыз, тұтынушыңыз көбейер еді» деген жазбалар жарияладық. Бізді жақтаушылар қатары өте көп екенін аңғардық. Бірінші күні-ақ Telegram-дағы чатқа 500 адам тіркелді. Қазір саны 1500-ге жетті», – дейді ұйымдастырушылар.Жұмыла көтерген жүк – жеңіл. Адам санының күрт көбеюіне байланысты чаттың баршаға ортақ арнайы ережесі бекітілген. Чатта пікір қайшылығының соңы дау-дамайға ұласпас үшін барлығы тәртіп, талапты сақтауға міндетті. Бос сөз, эмоция, өзара кикілжіңге орын жоқ. «Көпшіліктен ұсыныстар қабылдадық. Ең әуелі трансұлттық компаниялардан қазақша ақпарат таратуды талап етуден бастадық. Себебі, SMM саласында трендті жасайтындар – трансұлттық ірі компаниялар. Қалған ірілі-ұсақ мекемелер соларға қарап сап түзейді. Ірі компаниялардың ішінде KFC Kazakhstan, Chocofamily-дің еншілес қазақстандық компанияларына барып, қазақша ақпарат беруін талап еттік. Жұмысымыз нәтижесіз емес. Қазірдің өзінде KFC компаниясы ақпараттарын, әлеуметтік желідегі ресми парақшасындағы жазбаларын қазақша жариялай бастады. Samsung, Global Trend ақпараттарын қазақша таратуды қолға алды. Осы мәселе бойынша Chocofamily-дің басшысымен арнайы кездестік. Уәдесінде тұрғанын күтеміз. Содан кейін Starbucks, «Технодом» компаниясынан қазақша мәлімет беруді талап еттік. Әрине, бәрі бірдей бір уақытта қазақша сөйлеу, жазуға белсеніп кірісіп жатқан жоқ. Қарсылық та бар. Тіпті «Елдің экономикасы тығырыққа тіреліп, халықтың әлеуметтік жағдайы қиын кезеңде неге тіл мәселесін көтердіңдер?» дейтіндер де табылады. Әрине, біз кертартпа пікірлер айтылса да, алға ұмтыламыз. Қазақша ақпарат алуға тұтынушы ретінде құқығымыз бар. Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялардың өкілдеріне «қазақша да ақпарат таратуға міндетті» деген заң талабын алға тартамыз. Қазір біз Starbucks басшысының Twitter-дегі аккаунтына «Starbucks-тың Қазақстандағы өкілдігі қазақтілді тұтынушыларды құқығын таптап, қазақша ақпарат таратпайды» деп ағылшын тілінде хат жаздық. Чатта тіркелген жастардың басым көпшілігі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ойын еркін жеткізіп, сауатты жаза алады. Сондықтан бізге ағылшынша немесе өзге тілде хат жазу ешқандай қиындық тудырмайды», – дейді топ өкілдері. «Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып» қазақша ақпарат алуды талап еткен топтың жұмысы нәтижелі боларына сенеміз.