ҚазТрансОйл жастарының форумы өтті
ҚазТрансОйл жастарының форумы өтті
205
оқылды

Ақтау қаласында «ҚазТрансОйл» АҚ жас мамандар форумы аясында «Болашақ бүгіннен басталады» атты конференция өтті. Конференцияға «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досанов қатысты. Еліміздің түкпір-түкпі­рінен келген озық идея, тың жоба, соны баста­малар бастауы – терең білімді әрі білікті жүз жас маман ток-шоу форматында компания басшысына өздерінің сауалдарын қойып, компанияның дамуы, жұмыс процесіне цифр­ландыру мен роботтан­дырудың әсері туралы жан-жақты мәселелерді талқылады.

«Бүгінде ҚазТрансОйлда 32 жасқа дейінгі 1 213 жас маман жұмыс істейді. Компания жастар­ға үлкен үміт артады. Оларды қолдау үшін арнайы Жол картасы әзірленген. Кешенді құжатта жастардың кәсіби дамуы, инно­ва­циялар және технология­лар, қауіпсіздік мәдениеті, патриоттық тәрбие, салауатты өмір салтын насихаттау, қайырымдылық, студенттерді қолдау сияқты жас­тар­дың дамуына ықпал ететін басым бағыттар қарастырылған. Бүгінде компанияда кадрлық резерв саясатын жетілдіру жос­пар­­ланып отыр. Кадрлық резервке қабылдау бойынша жасқа шектеу қойылмайды, дегенмен таңдау кезінде болашағы зор жас маман­дарға басымдық беріледі» деп атап өтті кездесуде Димаш Досанов.

Жастар жылында «Қаз­ТрансОйл» 5 жылға есеп­тел­ген ауқым­ды жобаны бастап кетті. Еліміз бойынша жазда 400-ден астам колледж және жоғары оқу орындарының студенттері өнді­ріс­тік тәжірибеден өтіп жатыр. Кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндік алған колледж оқушыларына компания 70-80 мың, ал универ­ситет сту­дент­теріне 100-120 мың теңге көле­мінде шәкіртақы төлейді. Бұл да – жастарға үлкен демеу болар қамқорлық.

Конференция аясында «Қаз­Транс­Ойл» АҚ бас дирек­то­ры­ның орынбасары Орал Иды­рысов, «Самұрық-Қазына» АҚ трансфор­ма­ция жобалары порт­фелін бас­қа­ру департаментінің директоры Мадияр Сұлтанбек, «ҚазТранс­Ойл» АҚ пайдалану департа­мен­ті­нің жетекші инже­не­рі, жас ма­ман­дар кеңесінің төрағасы Да­нияр Смағұлов, «Са­мұ­рұқ-Қазы­на» АҚ Корпоративті универ­си­тетінің атқарушы ди­ректоры Дәурен Беспалинов, «Жас Өркен» бағдарламасының тү­легі, «Самұрық-Қазына» Кор­по­­ративті университетінің сарап­тама және роботизация орта­лы­ғының сарап­шы-менеджері Әділ Әбдіханов жас мамандармен са­рапшы ретінде өз пікірлерімен бөлісті.

«Қанатын кеңге жайған «Қаз­ТрансОйл» компаниясы Қазақ­стан­ның 12 облысында қызмет етіп келеді. Бізде еңбек ететін жас толқын мақтан етуге тұрарлық. Өндірісті өркендетіп, сан алуан салаға серпін беріп жүр. Дәстүр сабақтастығын жалғап, еліміздің әр түкпірінен жастар бас қосатын форумдар өткіземіз. Биыл мұнайлы өлкеде өтіп жа­тқан форумның мақсаты – озық ойлы, қызу еңбек қазанында шыңдал­ған жас мамандар буынын қа­лып­тастыру. Сонда ғана біздің ком­пания алдыңғы лектен бой көр­сетеді», – дейді компания бас ди­ректорының орынбасары Орал Идырысов.

Форум аясында өткен ғылы­ми-практикалық конференцияда жас мамандар мұнай құбырлары­ның ішкі бетінің коррозия про­цес­терін зерттеу, төмен темпера­тура жағдайында мұнай тасыма­лы­ның тиімді тәсілдері, тағы да басқа ғылыми жобалары туралы айтып берді. Ізденіс үстіндегі компания жастары өндіріс үрдісін оңтайландыру, жеделдету әрі сапалы нәтижеге қол жеткізу, әсіресе, қауіпсіз, жоғары сапалы, жылдам мұнай тасымалын жүзеге асыру бойынша озық, тың идеяларын ұсынды.

Мәселен, Жезқазған мұнай басқармасының диагностика бойынша инженері Мейіржан Серіков мұнай-газ саласындағы роботтандырылған инспекциялық жүйе туралы баяндады. «Ұсынған жобамның негізі – мұнай тасыма­лын бақылау әрі диагностикалау үрді­сінде роботтық технология мүмкіндіктерін ұтымды пайда­лану. Бұл мұнай резервуарлары жай-күйін диагностикалау, талдау, зерттеу, еңбек және қоршаған орта қауіпсіздігін сақтау, шығын­ды қысқарту және өндіріс үрдісін­де орын алатын істен шығу қаупін сейілтуге бағытталады. Мақсат – магистральды мұнай құбырлары және мұнай қоймалары бойын­да­ғы ақауларды дер кезінде анықтау және жоюға қамдану, қауіпсіз «қара алтын» тасымалын қамтама­сыз ету» дейді ол.

Алпауыт мекеме ісін ілгері сүйреп жүрген жас буын өкілдері­нің бірі – Жанәділ Мархабай. Шымкент мұнай басқармасының учаске бастығы ғылыми кеңес барысында «Өндіріс мамандары­ның білімі мен біліктілігін шың­дау­ға бағытталған «Даму» бағдар­ла­м­асымен» таныстырды. «Оқыту бағдарламасы арқылы кез келген қызметкер өз біліктілігін шыңдай түсуге, өндіріс құрылғылары және т.б. қажет дүниелер жайлы фото, аудио және бейнежазабалармен қоса толық мағлұматқа қанығу мүмкіндігіне ие болады» дейді Жанәділ Мархабай.

Атыраулық Нұржан Қонарбаев мұнай құбырларын диагностика­лау­ды компьютерлік бағдарла­ма­лау бойынша өз жобасын ұсынды. «Цифрлы технология мүмкіндігіне иек арта отырып, қысқа мерзімде өте сапалы қызмет атқара аламыз. Ең алдымен компьютерлік бағдар­ламаны қолданысқа енгізу қағаз­бастылықтан арылтады. Мәселен, құбыр диагностикасы бойынша ақпаратты қағаз бетінде қорыту, есебін беру екі не үш тәулікке созылатын еді. Ал Simplify жаңа бағдарламасы арқылы бірер секунд ішінде толық мағлұ­матқа қол жеткіземіз. Бұл жоба көптеген мәселелер шешіміне айналмақ. Ең бастысы, мұнай құбырларын сапалы іске қосу бойынша нақты әрі дәл мәлімет алу мүмкін бола­ды. Егер жаңа жоба басшылық тарапынан қолдау тапса, тәжірибе жүзінде қолданысқа енеді деген сенімім мол», – дейді Атырау мұнай құбыры басқармасының диагнос­тика бойынша инженері Н.Қонарбаев.

Маңғыстау мұнай құбыры бас­қар­масының бақылау өлшеу ас­пап­тары және автоматика мама­ны Сырым Әбдіжамал мұнай құбыр­ларын тазарту құрылғы­лары­на онлайн тәртібінде тал­шық­ты-опти­калық байланыс желі­сі арқы­лы мониторинг жасау жобасын басшылық назарына ұсынды.

Жалпы ғылыми конференция аясында ілкі буын өкілдерінің назарына іліккен тың жобалар, жаңа идеялар аз болған жоқ. Конференция жұмысына қатыс­қан «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Ален Таңатаров және техникалық саясат департаментінің басшысы Берік Саяхов жастардың тың идеяларына жоғары баға беріп, сәттілік тіледі.

Форумда жастар «Көпшілік алдында сөйлеу мәнері», Time management, «Ұқыпты өндіріс» тақырыбы бойынша тренингтерге қатысты. Бұдан өзге «Компания болашағын қалай көремін» тақыры­бында эссе жазудан жарыс өтіп, жеңімпаздарға Құрмет грамоталары табысталды.

«ҚазТрансОйл» АҚ жас ма­ман­дар форумына Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Құлсары, Маңғыстау, Павлодар, Шымкент мұнай құбы­ры басқармаларынан, Шығыс және Батыс операторлық қызмет­тер көрсету басқарма­ла­ры­нан, «Ғылыми-Техникалық орта­лық» филиалы, «Магистралды су ағыз­ғы­сы» ЖШС-дан – барлы­ғы 100 жас маман қатысты.

 

Голрох ЖЕМЕНЕЙ