Сұлудың көз жасындай Жезбұғаны құтқарайық!
Сұлудың көз жасындай Жезбұғаны құтқарайық!
275
оқылды

Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданының аумағында Жезбұға атты көл бар.

Экология, геология және табиғи ресустар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың назарына! 

Бұл көл Ақсоғым ауылдық округінің орталық елдімекенінің іргесінен  басталып, Шағатай ауылдық округінің бірнеше елдімекенін жағалай барып, бүгіндері қайтадан Ақжайық ауданына қарайтын Көнеккеткен ауылдық округінің құрамындағы Қамыстыкөлге жетіп барып тұйықталады. Жезбұға – қазіргі географиялық сипаттамасы бойынша ағысы жоқ, ешқайда құймайтын тұйық табиғи су көзі, яғни көл болғанымен, ұлтымыздың ұлы Ақ Жайықтың есте жоқ ерте замандағы ескі арнасы көрінеді. Бізге бұл деректі «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас гидротехнигі Шынболат Ермағамбетов айтты. Енді көлдің Жезбұға аталу тарихына тоқтала кетейік. 

Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданының аумағында Жезбұға атты көл бар. Бұл көл Ақсоғым ауылдық округінің орталық елдімекенінің іргесінен басталып, Шағатай ауылдық округінің бірнеше елдімекенін жағалай барып, бүгіндері қайтадан Ақжайық ауданына қарайтын Көнеккеткен ауылдық округінің құрамындағы Қамыстыкөлге жетіп барып тұйықталады. Жезбұға – қазіргі географиялық сипаттамасы бойынша ағысы жоқ, ешқайда құймайтын тұйық табиғи су көзі, яғни көл болғанымен, ұлтымыздың ұлы Ақ Жайықтың есте жоқ ерте замандағы ескі арнасы көрінеді. Бізге бұл деректі «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас гидротехнигі Шынболат Ермағамбетов айтты. Енді көлдің Жезбұға аталу тарихына тоқтала кетейік.

Жезбұға көліне қатысты үшбу аңызды мен студент кезімде ұзақ жыл прокуратура саласында қыз­мет істеген, қазір зейнет дема­лы­сын­дағы Қасым Сүндетқалиев қа­рияның аузынан естіп едім.

...Әлқисса, осыдан әлденеше ға­сыр бұрын бүгінгі Бөкей ордасы ауданының аумағы шұрайлы мекен бол­ған көрінеді. Бүгінгідей емес, ол кезде Нарын құмы аумағының шө­бі шүйгін, су көзі де мол болған­дық­тан, мал-жанға құтты қоныс бол­ған екен. Осы өңірді мекендеген мың­ғыртып мал айдаған бір дәу­лет­ті кісінің Шалқар атты жалғыз ұлы болыпты. Сол бала ер жетіп, күн­дердің күнінде ел аралап, өзіне қа­лыңдық іздеп, қыз көруге шық­қан екен дейді. Аспандағы аққуға әнін қосардай өнерлі, оның үстіне, күресе қалса, жауырыны жерге тимес палуан әрі көкпар тартып, ау­дарыспаққа қатысып, ат құла­ғында ойнайтын һәм құралайды көз­ге атқан мерген Шалқарға ауыл ай­наласының қыз-қырқынының бірде-бірі ұнай қоймайды. Сонан Шал­қардың сал-сері құрдаста­ры­ның бірі «Сен өзіңе нағыз лайық жар іздесең, Жайықтың жоғары жа­ғын жайлаған Шыңғырлау деген бай­дың жеті ұлдан кейін көрген жан дегендегі жалғыз қызы Жез­бұға­ны көргін» деп ақыл айтқан-мыс. Мұны естігеннен кейін Шал­қар­дан маза қашып, әлі өз көзімен көр­меген Жезбұға оның күндіз есі­нен, түнде түсінен шықпай қоя­ды. Ақыры ол жанына ең жақын де­ген үш-төрт досын ертіп, қызды ауылға бет алады. Сөйтіп, олар бі­раз күн жол жүріп, жолай баста­ры­нан біраз қызықты да, шыжықты да өткеріп, Шыңғырлау байдың ауы­лының шетіне ілігеді. Текті әулет­тен шыққан көрегенді жігіт әдеп­тен озбай, әуелі қызды ауыл­дың тыныс-тіршілігін екі-үш күн сырт­тай бақылап, ебін тауып, Жез­бұғаның бір-екі жеңгесімен таны­са­ды. «Қыз көретін жігітті біз кө­ре­лік» дегендей, Жезбұғаның жеңе­шелері Шалқар бастаған жігіт­терді және бірер күн сынап, біраз әуре-сарсаңға салады. Қыз жең­гелерінің бұлардың дұрыс жігіт екеніне көздері жеткеннен кейін ақыры екі жасты ретін тауып, таныстырса керек. Не керек, күміс маңдай, қасы-көзі қиылған, қыр мұ­рынды, гүл ерінді, қыпша белді, тал бойында бір міні жоқ сымбатты сұлу біздің жігітке бір көргеннен-ақ ұнайды. Сыртқы сұлулығына қо­са, Жезбұға иманжүзді, ибалы мі­незді, жүріс-тұрысы инабатты, бір сөзбен айтқанда, әрі ару, әрі сұлу­дың тура өзі екен. Нар тұлға­сы­­на көркі сай, оның үстіне бек өнерлі жігіт те қыздың көңілінен шығады. Екі жастың бір-біріне тең екен­іне түбегейлі көзі жет­кен қыздың қос жеңгесі тілеулес пейіл­дерінен айнымайды. Осы­лай­ша, Шалқар келер жылы жаз шыға құда жіберіп, қалыңдығын алып кететін болып уағдаласып, ауы­лына аттанады. Алайда әлі еш­кіммен атастырылмаған Жез­бұға­ны «Бұл қыз маған ғана лайық!» деп, сырттай иемденіп жүрген, ауыл арасында ұрлық-қарлық, қия­­нат-қорлық, зорлық-зом­бы­лы­ғымен, барымташылығымен жаман аты шыққандықтан, «Елбұзар» атанып кеткен өзін негізсіз батыр санайтын әлде­бір әумесер бар екен. Ол бір ел ішін­дегі шынжыр балақ, шұбар төс шон­жардың ешкім бетіне жел боп ти­меген еркетотай, шолжың кенже ұлы болса керек. Абырой болғанда, Шалқар дос-жаранымен Жезбұ­ға­ның ауылын айналшықта­ған күн­дері әлгі әумесер өзінің жуан­бі­лек нөкерлерімен кезекті барым­та­шылық жорығына аттанып ке­тіп, төңіректе болмағанға ұқсай­ды…

Уағдалы мезгіл жеткенде күйеу жі­гіттің елінен Ақеділ, Қарабас де­ген қос құда бастаған салтанатты топ Жезбұғаның ауылына бағыт ұс­тап, алдарында қыз өтеуі – ай­да­ған қалың малы бар ұзақ жолға шы­ғады. Олар діттеген жеріне жет­кесін, қыздың әкесіне қоса, Жез­­­бұғаның жеті ағасы жұмылып, ке­ремет той өткізеді. «Теңін тапса, те­гін бер» дегендей, қыздың ата-ана­сына қоса, аға-жеңгелері мен бүкіл ағайын-туысының күйеу жігітке көңілдері толып, әрі бүкіл жөн-жоралғыны орнымен жасаған құдаларға да дән риза болып, екі ара­да көңілге кірбің түсіретіндей ар­тық-ауыс ешқандай сөз де ай­тылмайды, орынсыз қарекет те бол­майды. Дегенмен манағы Ел­бұзар деген бар емес пе? Сол өктем­сіген кеудемсоқ неме қарау ниет қарақшыларын күн ілгері жи­нап, қыз ұзатқан ауылдан біраз ұзаған күйеу жігіттің көш-керуе­ніне тұтқиылдан тарпа бас салады. Әуелкіде асып-сасып қалғанымен, күйеу жағы барынша тездетіп ес жиып, тасқанға тосқан болмаққа бел буып, жол торыған қарақшы­ларға қарсы майдан ашады. Алайда әп дегенде айтулы қарсылық та­нытқан күйеу жағының қатары бір­те-бірте сиреп, бұл шайқасқа ал­дын ала сақадай сай кірген, оның үстіне адам саны басым қа­рақ­шылар күш ала бастайды. Ақы­ры күйеу жігіт қоршауда қалып, жен­деттердің қолынан ажал құша­ды. Біз естіген аңызда Шалқардың денесі Сасай тауының баурайында қалған деседі. Шамасы, сол таудың етегіндегі үлкен көл сол себепті Шалқар атанса керек. Екі жасты, қос жақсыны қосып келе жатқан бас құда, яғни Шалқардың немере ағасы Ақеділ бұл күндері Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қоғалытүбек ауылының маңында, ал енді оның інісі Қарабас қазіргі Қарабас ауы­лының төңірегінде қара ниет қарау­лардың қолынан мерт болады (Қарабас елдімекені де Шағатай ауыл­дық округіне қарайды). Осы­лайша, қарау ой, харам ниеттері орындалып, Ай мен Күндей Жез­бұға сұлуды қолға түсірген Елбұзар бастаған қарақшылар Орал тау­ларын бетке алып, масайрап бара жатады.

Аяқ астынан бақытының күні бат­қан Жезбұға не істерін білмей, дал болады. Содан бір жерлерге кел­генде, айламен іс қылмаққа бе­кінген ол Елбұзарға:

– Менің маңдайыма жазылған ер-азамат сен болдың. Өз басым саған әуелден де «кет әрі» емес едім. Тіпті, өзіңнен бүгінгідей тө­тен ерлікті күткем-ді. Болары бо­лып, бояуы сіңген іске еш өкінішім жоқ, – деп жүзіқараның бетін бері қаратқандай болып, енді оның ұйықтар сәтін күтеді. Хор қызын­дай хас сұлудың жылы сөзі суыт жүріс пен ұйқыдан діңкелеген жендетке шараптай әсер етіп, көп ұзамай ол ұйқыға бас қояды. Қыз болып ұзатылмай жатып, келін боп түспей жатып, қара жамылған Жез­бұға қатып ұйықтап жатқан қандықол қарақшының жүрегіне өз қанжарын бойлата сұғады. Өзінің арам пи­ғыл, қара ниетіндей қап-қара түн­де тіл тартпай кеткен бас қарақ­шының ат айдаушысы да қалғып-мүлгіп келе жатса керек, күймеден ілби түскен қыздан бей­ха­­бар қала­ды. Көзге түртсе көргісіз түннің қою қараңғылығына лезде сіңген Жез­бұға бет ауған жаққа қарай жүгіре береді. Жаздың қам­шы­ның сабындай қысқа түні түріліп, таң сыз бере оның алдынан әлдебір ай­дын көл шығады. «Енді кім кө­рін­генге жем болғанша, осы суға ба­тып өлейін де, о дүниеде бол­са да, Шалқарыммен қауы­шайын» деген ойға бекінген қай­ран Жез­бұға сұлу шашын жайып жіберіп, су астына кеткен көрінеді. Бірер күннен кейін әлгі көлге Жайық­тан нөпір су құйылып, тол­қын қыз мүрдесін жағаға шығарып таста­ған­ға ұқсайды. Он екіде бір гүлі ашыл­май, о дүниелік болған қыз­­ды жер­­гілікті жұрт сол маңға ару­­лап жер­лейді. Кейін ол жерді ха­лық «Қыз моласы» деп атап ке­теді…

 

Арнайы энциклопедия керек-ау...

...Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы республикалар бір-бір тәуелсіз мемлекетке айнал­ған­ша, Жезбұға сөздің тура мағы­на­сында бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған, әрі арғы-бергі жағалауы бірдей табиғи жа­сыл желекпен жомарт көм­керілген керемет көл еді. Жез­бұға­ны жаға-лай өскен тал-теректің түр-түрін айтпағанда, мойыл мен бүлдірген­нің дәмі қандай, шіркін! Енді, міне, осындай миуалы көлдің жыл өткен сайын арнасының аң­қасы кеуіп, айналасының ажары қа­шып барады. Өйткені бастауын Ресей ау­мағындағы Орал тау­лары­нан ала­тын Жайық өзені бұрынғыдай өрек­пи тасып, өзінің «туған әп­ке­сі» Жезбұғаны сумен жарыл­қа­май­ды. Құдайдың қара суын да орман-орыстың ақшаға сатып, пұлдауды әдетке айналдырғалы бері ондай ақ­жарылқап күндер көзден бір­жола бұлбұл ұшқан түрі бар. Соның ай­ғағындай, Жез­бұға­ның Құт­сиық, Байхана ауылдары­ның тұ­сын­дағы және Жантөре хан жер­лен­ген қабақтың астындағы ар­на­сы сусыз қаңсып, бүгіндері шірі­ген қо­ғаның қопасы басып кет­кен. Мұ­ны азсынсаңыз, тап қа­зіргі кез­де Жезбұға көл болып бас­талатын тұ­сында-ақ үзік-үзік көл­шікке, дәлі­рек айтқанда, ой­дым-ойдым шал­шыққа айналған. Егер ең таяу жыл­дары тиісті шара­лар шұғыл қол­ға алынбаса, айна­ласының ауа­сы жұпар, кезінде ұш­қан құсына қоса, жүгірген аңы да жетіп артыл­ған, бір сөзбен айт­қанда, жан-жануарға бірдей жерұйық болған ке­ремет көлден бір­жола көз жаза­ры­мыз шүбәсіз.

«Судың да сұрауы бар» деген тәмсілді қай қазақ қай заманда һәм қандай жағдайда айтса да, сұңғыла екен. Бірақ тап осы дана­лық­ты біз әлі күнге дейін сана­мыз­ға сіңіріп үлгермеген сыңайлымыз. Олай дейтін бір себе-бім, осы ма­қа­ланы жазбаққа дайындық ба­ры­сында Жезбұғаның географиялық сипаттамасын іздеп, Батыс Қазақ­стан облысының 2002 жылы және 2010 жылы шыққан энцикло­пе­дия­ларына, оны азсынсаңыз, Ба­тыс Қазақстан облыстық аумақтық қор­шаған ортаны қорғау басқарма­сы­ның ұйытқы болуымен 2001 жылы шыққан «Жайық өңірі» атты ғылыми-көпшілік жинаққа үңіл­дім. Тым-тырыс, ләм-мим! Яки ұзын­дығы екі ауданның үш бірдей ауыл­дық округінің аумағын қамти­тын үшбу көлдің, ең болмаса, ұзын­­дығы мен ені, терең-тайыз­дығы, суының химиялық құрамы туралы бір түйір дерек жоқ! Сонда да «Үмітсіз шайтан ғана» дегенге сайып, Махамбет Өтемісұлы атын­дағы университетте география пә­нінен дәріс оқитын, сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығындағы география саласына қатысты ға­лымдардан іздеген жоғымды сұрап көрдім. Ешкімнен ешқандай дерек шықпады. Жезбұға көліне қатысты геодезиялық мәліметтерді сұрап, тікелей миссия-функциясы та­биғат қорғау болып табылатын та­ғы екі-үш мекемеге бар-мақшы бол­ғанмын. Алайда бүкіл саналы өмі­рін облыстың су шаруа­шы­лы­ғына қатысты салада өткізіп ке­ле жат­­қан, осы саланың отымен кі­ріп, күлімен шыға жүріп, шашы аға­­рып, көзі қарайған білікті ма­ман­дардың бірі «Босқа әуре бола­сыз, өзіңіз іздеген мәліметті біздің өңірден таппайсыз» деп кесіп айт­ты. Ал керек болса! Табиғи су қой­масы ретінде қалыптасқанына нешеме жыл, яки бірнеше ғасыр өткен Жезбұғаның ені мен ұзын­дығы, тайыз-тереңдігі, оның суы­ның құрамы мен ихтиологиялық әлемі, аталған көлдің айналасын­дағы флора-фауна әлі күнге дейін ғы­лыми тұрғыдан зерттеліп, қағаз­ға түсіріліп, хатталмаған! Осының өзі-ақ біздің су қорына, яғни таби­ғи су ресурсына әлі күнге дейін сал­дыр-салақ қарайтынымыздың бір айғағы емес пе екен?..

Меніңше, бұдан шығатын қо­рытынды – атыңнан айналайын Ақ Жайық атырабындағы өзен-көлдер мен Батыс Қазақстан об­лы­сының аумағындағы ир-рига­ция­лық жүйелерге қатысты ар­найы энциклопедия керек. Мұн­дай жинаққа әр өзен-көл мен ир­ри­гациялық нысан жөнінде то­лық­қанды геодезиялық мәлімет және осындай географиялық ны­сандарға тікелей қатысты флора-фауна, сонымен қатар әрбір өзен­көлдің сумен қоректену көзі секіл­ді өте маңызды мағлұматтар мін­дет­ті түрде енуі тиіс. Міне, қолы­мызда осындай факті-факторлар жиынтығы болғанда ғана біз Ақ Жайық атырабындағы табиғи су көздерін қорғау-құтқаруға білек сыбанып кірісіп, тиянақты жұмыс тындыра аламыз.

 


Экологиялық мәдениет тым төмен

Осыдан үш-төрт апта бұрын біз арнайы іссапармен Ақсоғым ауыл­дық округі аумағындағы Жез­бұға­ның бастау алар тұсынан бастап, жағалай Қамыстыкөлге дейін ба­рып қайттық. Сол сапар барысында «Жезбұғаның Жайықтан су шығар үш көзі бар. Мына қазір келіп тұр­ғанымыз – өзеннің көлге су тү­сер негізгі тұсы», – деп еді өзі Ақ­со­ғым аумағында туып-өскен, бүгіндері пайғамбар жасына келіп қалған атал­ған ауылдық округтің бас ма­ма­ны Аманкелді Ахметов ағамыз. Сөйте тұра, бірнеше жылдан бері үш көзден де Жезбұғаға бір тамшы су тамбапты. Оның ең басты себебі Жайық суының деңгейі КСРО ке­зін­дегідей көтерілмейді. Жайық­тан су құйылмай, онсыз да соры қай­наған Жезбұғаның жағалауын кейбір елдімекендердің тұрғын­дары күл-қоқысқа қоса, қыс бойы малдың астын шығаратын орынға айналдырып, «жығылған үстіне жұ­дырық» болуда... Демек, бұл мә­селе облыстық қоғамдық ден­сау­лық сақтау департаментінің на­зарына шұғыл ілінуі шарт!

Жезбұғаны құтқару 
не үшін маңызды?

Жезбұғаны құтқару арқылы біз эко­логиялық һәм әлеуметтік-эко­но­микалық біраз шаруаның басын қайырамыз.

БІРІНШІДЕН, аталған көлдің жа­ғасындағы бірнеше елдіме­кен­нің әсем табиғатына нұқсан кел­тір­мей, тұм­са күйінде сақтап қала­мыз. Яғни экологиялық тепе-тең­дік бұзыл­­майды. Соның нәти­же­сін­де, Жез­бұға көліне тыныс-тір­шілігі тіке­­­лей байланысты флора-фау­на­ның сан алуандығын жо­ғалт­пай­мыз. Түсін­ген кісіге осының өзі – орасан олжа! Бұған қоса, та­би­­ғи су қойма­сын тиісті деңгейде сақ­тай алсақ, сөздің тура мағы­на­сында су құстары мен Жезбұғаның балықтар әлемінің де «құдайы береді».

ЕКІНШІДЕН, Жезбұға көлі – балық шаруашылығын, дәлірек айт­қан-да, тоған шаруашылығын да­мытуға өте қолайлы табиғи су ай­дыны. Осы мақсатқа, әсіресе, сай-саласы мол Қызылжар ауы­лы­ның тұсы керім келеді. Тап осы шар­уаны қолға алған адамның «екі жеп, биге шығары» кәміл. Яғни, то­ған шаруашылығына ден қойған кісі алдымен өңірдегі өзен-көл­дер­де балық қорын молайтуға әрі елі­міздің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге тікелей үлес қо­са­ды. Бұған қоса, тың кәсіптің кө­­сегесін көгерту, көкжиегін кеңей­­­ту арқылы жаңадан тұрақты жә­не уақыт­ша жұмыс орындары­ның ашы­­луына ұйытқы болады. Бұл енді жергілікті жұрт, яки ауыл тұр­ғын­­дары үшін үлкен әлеуметтік игілік.

«Еліміздің азық-түлік қауіпсіз­дігі» демекші, Жезбұғаны жағалай қонған ауылдардың қай-қайсысы да – берісі облыстың, әрісі кең бай­тақ Қазақстанның ет экспор­ты­на лайықты үлес қосуға қабілетті ел­дімекендер. Осы бағыттағы жұ­мыс­ты өрістету үшін ауадай қажет жайылым мен шабындық факто­ры­ның тағдыры тағы барып Жез­бұға көліне тіреледі...

Орайы келіп тұрғанда Жез­бұға­ның айналасы бау-бақша шар-уашы­лығына өте қолайлы екенін атап өткен орынды. Кезінде Шаға­тай ауылдық округінің аумағында болған алма бағының даңқы алыс­қа кетіп еді-ау. Жергілікті бағбан Ис­сак Гильдің өсірген алмалары­ның дәмі тіл үйіріп, талай жанды там­сантып еді. Бүгінде соның өзі «бәлду-бәлду бәрі өтіріктің» кері. Де­генмен алмаға қоса, көлдің суы мол болған жылдары жергілікті бағ­бандардың қауын-қарбыз, қияр-қызанақ, картоп, сәбіз, тәтті бұрыш, баклажан секілді бақша дақылдарынан мол өнім алғанын өз көзімізбен талай көргенбіз.

ҮШІНШІДЕН, Жезбұға көлін жер бетінен біржола жойылып ке­туден құтқару арқылы біз жабайы урбанизацияны тежейміз. Әрине, ұлтымыздың өркениеттің игілігін көріп, барынша қалалық этносқа айналуына біз қарсы емеспіз. Алай­да аудан-ауылдардан облыс ор­талығы Оралға үдере көшіп жат­қан қарайған қазақты тұрақты жұ­мыспен қамтитындай бұрын­ғыдай бір өзінде бірнеше мың адам жұмыс істейтін ірі өндіріс ошақ­тары қазір жоқ. Мәселен, еліміз­дің кеме шығаратын жалғыз кәсі­по­рын «Зенит» зауытында бүгін­дері бар болғаны 800-ден астам адам ғана жұмыс істейді. Ал «Зе­нит­тің» бас директорының орын­басары Павел Букиннің мәліметіне қара­ғанда, кезінде бұл кәсіпорында 7,5 мың адам жұмыс істеген екен. Тап осындай жағдай Оралдағы бұрын­ғы айтулы кәсіпорындардың бәріне тән. Тіпті кезіндегі іргелі кә­­сіпорындардың қатарынан са­на­латын «Промстрой» құрылыс тре­сі, Клара Цеткин атындағы тігін фабрикасы секілді бірқатар өндіріс ошағы бертін келе біржола «марқұм» болып кетті. Отандық өнеркәсіп саласының жаңа тауар­лар сериясын шығаруға баяу бейім­­делуі, соның салдарынан тұ­тыну нарығының күрт кеңімеуі қа­лалық жерлерде жұмыссыз­дықты туындататын негізгі факторлар­дың бірі болып отыр. Оның үстіне, өн­дірістік үдеріс­тердің озық тех­но­логия мен жасанды интеллект атау­лыға иек артуы барған сайын адами жұмыс күшін қысқарта тү­сетінін бүгіндері мемлекет бас­шы­лығы ашық айта бастады. Бұдан шығатын қоры­тынды – нарықта тұрақты сұра­нысқа ие кемі бірді-екілі маман­дықты игеріп алмай, ауылдағы ағайынның жылы орнын суыт­пай тұра тұрғаны жөн-ау осы. Ол үшін үлкенді-кішілі билік буын­­­дарының ауыл тұрғындары­ның мал, бау-бақша және тоған шаруа­шылығы секілді қолдан ке­лер іспен айналысуына ұдайы мүд­д­елілік танытудан жаңылмаса дей­сің...

Қалай құтқарамыз?

– Ақсоғымның тұсындағы Жез­бұғаның арнасына Жайықтан су құйылуы үшін өзеннің деңгейі көк­темде ең кемі 6 метр көтерілуі ке­рек, – дейді кіндік қаны Ақсо­ғым ауылдық округінде тамған Аманкелді ағамыз.

– Ал Жезбұға Шағатай ауылдық округінің аумағында суға қарық болуы үшін Жайықтың деңгейі жазғытұрым жоқ дегенде 8 метрге кө­терілуі шарт. Алайда Жайықтың деңгейі 8,5 метр көтерілген жағ­дай­да қаланың төңірегіндегі сая­жай­ларды су басу қаупі төнеді. Өзіңіз білесіз, өзен қойнауындағы саяжайларда бұрынғыдай тек жаз мезгілінде ғана емес, ел-жұрт бү­гін­дері жыл-он екі ай бойы тұра­ды, – дейді Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің Су ресурс-тары ко­митетіне қарасты шаруашылық жүргізуге құқылы «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы­ның бас гидротехнигі Ш. Ермағам­бетов.

8 метр түгілі, биыл Жайықтың дең­гейінің 3 метр көтерілуінің өзі ар­ман болып қалды. Енді қандай амал бар?..

– Алдымен, әрине, барынша ыж­дағаттап, Жезбұғаның арнасын жә­не Жайықтан Жезбұғаға су құйы­лар сай-саланы тазартуға қа­зы­надан қаржы бөліп, әрі осы жұ­мысты сапалы атқарып, сосын ең таяу жылдары Ақсоғым, Шаға­тай және Қызылжар ауылдарының тұсына қалқымалы насос қойып, Жа-йықтың деңгейі көтерілгенде Жезбұғаға су толтырып алу қажет. Ол үшін бар болғаны 1,5-2,0 млн тек­ше метр су керек. Бұл – біздің облыс үшін анау айтқандай көп су емес. Ал қалқымалы насостарды өзі­міздің Оралдағы кеме жөндеу зауыты жасай алады. Орайы келіп, сәті түсіп тұрғанда айта кетейін, Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылдық округіне қарайтын Қа­мыстыкөл ауылының маңындағы жо­балық су сыйымдылығы 26,0 млн текше метр Ақжайық су қой­ма­сын қалпына келтіру де – Жайық­тың Бұқар бетін сумен жа­рыл­қаудың төте жолы, – дейді тә­жі­рибелі маман, облыстың бас гид­­ротехнигі Шынболат Ерма­ғам­бетов.

Мамандар тарапынан айтылған тағы бір мәлімет – көктем айла­рын­да Жайық арқылы біздің өңір­ге келетін судың 90 пайызы еріген қар­дың суы көрінеді. Осы фактор­д­ың өзі-ақ Елбасының өзі тікелей талап етіп отырған ирригациялық жүйелерді жаңғыртып-жаңалау­дың стратегиялық мән-маңызы зор екенін айқындай түседі...


Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы