«Nur Otan» партиясының Ақтөбедегі филиалдары дәрігерлерге қолдау білдіруде. Бүгін партиялықтар Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының жанынан ашылған провизорлық орталыққа медициналық киім-кешектер алып берді.
Орталықтың бас дәрігері, партияның қалалық филиалы саяси кеңесі мүшесі Ерлан Татимовтың айтуынша, штаттағы 707 адам қажетті киім-кешек, құрал жабдықтармен қамтылған. Ақ халаттылардың әрбірінде 4 медициналық киімнен бар. Алайда шын пейілмен көрсетілген қолдауға бәс дәрігер дән риза.
– Бізге нұротандықтар, жергілікті әкімшілік, меценаттар, мәслихат депутаттары және қарапайым қала тұрғындары жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Қазір орталықта 20 өкпені жасанды желдету аппараты, 180 Бобров аппараты, 60 оттегі концентраторы бар. Оттегі концентраторы екі адамды қамтитындықтан, аппараттар қазіргі ем алушылардың бәріне бірдей жетеді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде науқастардың саны екі есе азайды, – деді Ерлан Татимов.
500 орындық провизорлық орталық маусым айында ашылды. Қазір мұнда 308 науқас пневмониядан емделіп жатыр. Оларға барлық жағдай жасалған. Науқастарға 4 мезгіл тамақ беріледі. Дәрі-дәрмектің бір айлық қоры алдын ала алынып отыр.