Мұғалімнің мәртебесі, жалақысы, білім беру жүйесіндегі өзгерістер талқыланатын дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Нұр-Сұлтан қаласының Бейбітшілік сарайына еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам ұстаз жиналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен өткен іс-шарада жағымды жаңалық жетерлік.
Конференция мемлекеттік әнұранмен басталып, әрмен қарай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың модераторлығымен өтті. Ұстаздар мен ата-аналар Мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеп, ұсыныстарын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы берілетінін айта келе, ұстаздар мәртебесін көтерудің маңызына тоқталды. «Дәстүрге айналған Тамыз конференция-сы – ұстаздар қауымы бас қосатын ауқымды әрі маңызды жиын. Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет» деді Президент ұстаз деген ұлы тұлғалар алдына құрметі жоғары екенін жеткізіп.
Мемлекет басшысы білім саласындағы бірқатар мәселелерді атап өтті. Соның ішінде, білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралардың қабылдануы қажет екені белгілі. Яғни, ұстаздың білігі, оқулықтардың сапасы, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелерді шешу қажет. Жыл сайын аталған проблемаларды реттеудің түрлі жолдары қарастырылады. Әйтсе де, білім саласы әлі де сыннан көз ашпайтын салалардың бірі болып отыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру маңызды.
Қабылданатын реформаларда педагогтарға нақты не қажет екені есепке алынбайды. Әрі кәсіби тұрғыдан даму үшін бар болғаны сала министрлігінің салалық құрылымдары тарапынан ұйымдастырылатын курстармен және семинарлармен шектеліп отырғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы бұл шаралардың да қажет екенін айта келе, әлі де дамыта түсу керегін шегелеп жеткізді. Яғни, ұстаздарға арналған курстарда оларды толғандыратын өзекті мәселелер назардан тыс қалып жатыр. «Мысалы, 2018 жылы өткізілген сертификаттаудың қорытындысында педагогтардың 35 пайызы тиісті нәтиже көрсете алмаған. Тағы бір айта кететін жайт, педагогтар еңбегінің көрінісі бақылаушы құрылымдар үшін жасалатын есептің кесірінен нашарлап келеді. Оқытушыға да, оқушыға да бағалау жүйесі психологиялық қысым көрсетеді. Өйткені баға мектептің рейтингіне әсер етеді» деді Тоқаев. Президенттің бұл сөзі ұстаздарға майдай жақса керек. Өйткені мұндай мәселенің бары – шындық. Бағалау жүйесі қоғамның қай саласына болсын қажет-ақ. Сол арқылы жұмыстың қаншалықты нәтижелі істелгені көрінеді. Сондықтан жүйеге аздаған ғана өзгеріс енсе жеткілікті.
Жалақының жайы не болады?
Тамыз кеңесінің басты жаңалығы – мұғалімдер жалақысының екі есе көтерілуі. Бүгінде ұстаздардың айлығы сатылап өсіп келеді. Дегенмен еңбекақы базалық лауазымдық жалақы арқылы есептеледі. Сондықтан көпшілігі қаражатының көбейгенін аса сезіне қоймайды. Бұл мәселеге Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше тоқталып, мұғалімдердің қазіргі жалақысына көңілі толмайтынын ашық жеткізді. «Ұстаздардың еңбекақысы – еліміздегі ең төменгілердің бірі. Яғни, ел экономикасындағы орташа жалақысының 65 пайызын ғана құрап отыр. Осыны ескере отырып, Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тартып, мәртебесін көтеру үшін жалақы көлемін алдағы 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыруды тапсырамын» деді.
Жүйеде қандай өзгеріс бар?
Басқа-басқа, білім саласы өзгерістің түр-түрін бастан өткерді. Небір тәжірибелер көз алдымызда жасалып жатыр. Уақыт өзі екшеп, таразылап, жөн болғанын орнына қойып келеді. Әр министр ауысқан сайын орын алатын өзгерістер қызу талқыға түседі. Әбден сыналып, жан-жақты талқыланады. Заманға сай білім беру жүйесі де өзгереді. Бұл – заңдылық. Жаңа заманға өте тез бейімделу керек екенін Мемлекет басшысы да атап өтті. «Әлемнің алдыңғы қатардағы мектептері баланың креатив потенциалын дамытумен жан-жақты айналысып жатыр. Диджитал технология мен ғылымға көп көңіл бөледі. Педагогтар қазір білім беру әдістемесін ойын форматына ауыстырған. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Біз де Қазақстанды дамыту үшін сапалы, қолжетімді әрі заманауи білім беруіміз керек. Заманауи деген сөзге екпін түсіріп айтып отырмын. Аталған салаларға жаңа, қуатты шабыт қажет» дейді Президент.
Балапан кезден білім беру
Мектепке дейінгі білім беруге қатысты да талқы болды. Өйткені тәрбие процесінде сапаны арттыру қажет. «Жиналмайтын жер емес, ластамайтын жер таза болады. Экологиялық сана қалыптастыруды балалардың құлағына құя беру қажет. Тұрмыстық тазалық, гигиена, табиғатты қорғау мәселелерінде үлгі көрсетуіміз тиіс. Мысалы, Солтүстік Еуропада экологиялық мәдениет солай дамыған. Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында осы жөнінде айтылды. Енді педагогтар осы құндылықтарды әрмен қарай дамытуы қажет. Білім берілетін саланың барлығында осы нәрсе қолға алынсын» деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мектепке дейінгі білім берудің маңызы сол – ол құдды іргетас болады. Мемлекеттік емес балабақшаларда тәрбие және білім беру процесінің дамуы кенжелеу. Бұл да – мәселе. Оған тәрбиешілердің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа сай келмеуі себеп болып отыр. Айталық, соңғы кездері балаға қол көтерген фактілерді құлағымыз көп естіді. Бейнежазбадан да көрдік. Демек, балабақшадан бастап балаларға өнегелі тәрбие беруді назарға алуымыз қажет.
Мұғалім мәртебесінің маңызы
Елбасы педагог мәртебесін арттыру керегін жиі айтатын. Заң жобасында қолдаудың кешенді шаралары қарастырылған. Ұлттың ертеңі, бәсекеге қабілетті болуы үшін мәртебесін барынша биіктету қажет. Қазіргі таңда ұстаздардың мойнына артылған жүк ауыр. Қағазға көміліп, мардымсыз жалақыға жұмыс істейтін оларға түрлі ауыртпалықтар да артылады. Кей жерлерде шағымданып айтып қалғанымен, жабулы қазан күйінде қалып, көнбіс күй кешіп жүргендері рас. Мемлекет басшысы педагог мәртебесін асқақтатуға қатысты сөйлеген сөзінде «Сынып жетекшісі болып жүргені, дәптер тексергені үшін қосымша ақыны екі еселеу керек. Сонымен бірге, барлық мұғалімге еңбек демалысын 56 күнге дейін ұзартқан жөн. Әрі магистр және өзге де дәрежелер үшін де қосымша ақы төленуі тиіс» деген болатын.
Сондай-ақ мұғалімдер үшін бес күндік жұмыс аптасы енгізіледі. Естеріңізге сала кетсек, бүгінде мектептердің бір бөлігі бес күндік оқу аптасына ауысты. Бірақ сала министрі Аймағамбетовтың айтуынша, шешілмеген мәселе – шаш етектен. «Балалар аптасына бес күн оқығанымен, ұстаздар алты күн жұмыста жүреді. Барлық өңірде солай демейміз. Бірақ бәріне бірдей тәртіп болуы тиіс» деді ол. Министрдің айтуынша, заңнамада бес күндік режимге еш кедергі жоқ. «Сенбіні педагогтар қалауына қарай өткізуі қажет. Яғни, балалармен өткізгісі келе ме, сабаққа дайындала ма – өзі шешеді. Немесе осы күні педагогикалық кеңес өткізуге де болады. Тек айтарымыз – алтыншы күнді мұғалімдер жеке уақыты деп қабылдауы керек» дейді министр.
Білім бәріне бірдей қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан мұндағы теңсіздік жойылса құба-құп. Шыны керек, дамыған елдердің өзінде бұл мәселе өзекті. Теңдік орнауы әлеуметтік-экономикалық ахуалға тікелей байланысты. Президент қала мен ауылдың баласының білім алу деңгейінде айырмашылық болмауы керегін айтты.
«Мұғалім мәртебесі туралы» заң 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылданады. Бұл туралы Гүлшара Әбдіқалықова айтты. «Уақытты көп алмай, екі мәселеге тоқталғым келеді. Бірінші мәселе – ол Президент айтқан мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы заң. Осы заңды жақын уақытта, 1 қыркүйекке дейін Парламентке енгізуіміз керек. Сондықтан министрлікке 1-2 аптаның ішінде Парламентке енгізу туралы тапсырма беремін» деді ол. Оның айтуынша, «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жан-жақты талқыланған. «Сондықтан 1 қаңтарға дейін бұл заңды қабылдауға негізгі мүмкіндік бар деп ойлаймын. Екінші мәселе – ол барлық деңгейде білімнің дамуы мен ғылымның дамуы. Осыған байланысты біз 2025 жылға дейін білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауымыз керек. Бұл бағдарлама осы жылдың соңына дейін толық жоспары жасалып, қабылдануы тиіс» деді Гүлшара Әбдіқалықова.
6 жастан, 12 жыл оқу жүйесі
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім беруді одан ары дамыту стратегиясын айқындау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. «Әлем елдерінің 60 пайызында мектепте білім беру 6 жастан басталады. Яғни, мұндай жүйе баланың зияткерлік және әлеуметтік жағынан ертерек дамуына оң ықпал етеді. Үкіметке Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы аясында 12 жылдық білім беру моделіне біртіндеп, жоспарлы негізде көшуді қамтамасыз етуді тапсырамын» деп атап өтті Президент. Мемлекет басшысы «Жас маман» жобасының жүзеге асырылуын, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін дамыту жұмысын пысықтау, сондай-ақ үш ауысымды және шағын комплектілі мектептер мәселесін шешу қажет екеніне назар аударды. «Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын» деп Президент өз ұстанымын жеткізді.
Білім бәріне бірдей қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан мұндағы теңсіздік жойылса құба-құп. Шыны керек, дамыған елдердің өзінде бұл мәселе өзекті. Теңдік орнауы әлеуметтік-экономикалық ахуалға тікелей байланысты. Президент қала мен ауылдың баласының білім алу деңгейінде айырмашылық болмауы керегін айтты. «Білім беру стандарты да, бағдарлама да бір болуы керек. Қайда тұрса да, қандай әлеуметтік жағдайда өмір сүрсе де сапалы білім оған қолжетімді болсын. Сондықтан білім және ғылым министрлігіне тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балалардың академиялық артта қалған тұстарын реттеу үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Облыс әкімдері осы мәселеге аса мән берсін. Бұл – олардың тікелей міндеті. Мысалы, ауылдардағы шағынкомплектілі мектептерде бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ береді. Мұндайда сапа туралы не айтуға болады? Аймақ басшылары мықты менеджерлер мен облыстың үздік педагогтарын тартуға грант бөлсін. Облыстардың тұрақты дамуы үшін бұл қадам қажет-ақ. Білім – стратегиялық сала, экономиканың бөлігі. Бұған аса назар аударып, қаражат құю керек. Ата-ана онсыз да барын салады, мемлекет те көмектесуі тиіс. Қазіргі таңда жаһандық ЖІӨ өсімі интеллектуал қызметке тиесілі. Жасанды интеллекттің әлемді билейтін күні алыс емес» деп білім саласына басымдық берді Мемлекет басшысы.
Білім грантының саны артқаны сапаны
арттыра ма?
Білім берудің барлық сатысы сөз болған кеңесте жоғары білім жайы да тыс қалған жоқ. Сапаның сын көтере алатындай деңгейде болуы керегі белгілі. Өйткені оқушы алдында мәртебесі биік болып тұруы үшін алдыңғы кезекте ұстаз білікті болуы тиіс. Сапалы жоғары біліммен қамту жайына Қасым-Жомарт Тоқаев тоқталды. «Әр ата-ана баласының жоғары білім алғанын қалайды. Бұл – орынды тілек. Дегенмен бүгінгі одан да өзекті мәселе – болашақ түлектің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Бұл үшін жоғары оқу орындарын сапалы біліммен қамтамасыз ету қажет. Оқу үрдісінің сапасын арттырмай, білім гранттарының санын көбейту жақсылыққа емес, жаман нәтижеге алып келуі мүмкін. Сондықтан жоғары білімнің қолжетімдігін қамтамасыз етуді көздеп жүріп, оның девальвациясына жол бермеу керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Үкіметке мемлекеттік гранттардың құны мен оның қазіргі заманға сай-сай еместігін мұқият зерттеуді тапсырды.
Балалардың қылмысқа қатысы болмаса екен...
Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Аружан Саин балалар болашағына алаңдап, олардың құқығы үшін күресу керегін айтты. «Бүгінде ғылым мен білім саласына ерекше назар аударылады. Әйтсе де, әлі де шешілмеген мәселелер бар. Мысалы, балалар қылмысы, олардың құқықтарының қорғалмауы, өміріне қауіп төнуі сынды проблемаларды жиі айтамыз. Осыны шешуге жүйелі түрде кірісу қажет. Математика, физика қандай маңызды болса, қосымша білім де сондай. Егер балалар үйірмелерге қатысып, қызығушылықтарына байланысты іспен айналысатын болса, алдағы уақытта жағдайдың жақсы жаққа өзгеретіне сенемін. Өйткені дамыған елдерде азаматтық қоғам орнаған. Балаға өз-өзін дамытуға мүмкіндік берілсе, суицид те, кәмелетке толмағандардың қылмысы да азаяр еді. Сонымен бірге, балаларға көрсетілетін немесе балалар арасындағы зорлық-зомбылық мәселесін де айта кету керек. Мемлекет басшысының алдағы Жолдауында ұсыныстарымызға жауап аламыз деп сенеміз. Аудандар мен ауылдарда көбі таныс, ағайын болғасын көп нәрсе айтыла бермей, бүгілген күйінде қалады. Жергілікті деңгейде ғана қарастырылады. Құжаттар мен тергеу ісін тоқтату облыстық ІІД жетекшілері мен прокуратура санкцияларынан кейін ғана жүруі тиіс. Осы ретте екі жақтың ымыраға келу мүмкіндігін болдырмау керек. Қандай да бір келеңсіз жағдай бола қалса, отбасыларға қоқан-лоққы көрсетіп, сатып алуға тырысады. Осылайша, баланың құқығы қорғалмай қалады» деді ол.
Конференция соңында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар ұстазды марапаттады. Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен – Павлодар қаласының №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің мұғалімі Анатолий Билида, Алматы облысы Іле ауданы №13 орта мектебінің мұғалімі Гүлнар Казербаева, «Ерен еңбегі үшін» медалімен – Орал қаласы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлзихан Таскарина, Түркістан облысы Кентау қаласының А.Югнаки атындағы орта мектебінің мұғалімі Дәнегүл Қуатбек, «Шапағат» медалімен – Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі Екатерина Нипрук марапатталды.
P.S.
Биылғы Тамыз конференциясының бір ерекшелігі – қарапайым жиын түрінде өткені. Президент, Президент Әкімшілігінің басшысы, Үкімет басшысының орынбасары, министр және басқа да білім саласының қызметкерлері бір деңгейде отырды, биік мінбер болған жоқ. Президент, осылайша, ұстаздарға деген құрметін білдірді. Тағы бір байқағанымыз, Президент сөз сөйлеген кезде жиі қол шапалақтаулар болған жоқ. Мемлекет басшысы өз сөзінде білім саласындағы барлық түйткілді мәселелерден хабардар екенін байқатты. Үштілді білім беруге қоғамның дайын емесін, үш ауысымды мектептер мәселесі шешілмегенін, сондай-ақ жергілікті биліктің ұстаздарды орынсыз «жұмсап» отырғанын да білетін болып шықты. Сол үшін де осы олқылықтарды жою үшін Үкіметке 8 нақты тапсырма берді.
Мінбеде сөйлегендер де өз пікірлері мен ұсыныстарын ғана айтты. Мемлекет басшысын мақтамады, мадақтамады. Сондай-ақ залда ешқандай жалынды ұрандар мен жалпақ баннерлер де болмады. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлы сұхбаттарының бірінде баннерлер мен суреттерін ешқайда ілдірмейтінін айтқан болатын. Аймақтан келген мұғалімдер Президенттің қасына келіп, рұқсат сұрап, суретке түсіп жатты. Ешкімге қарсылық білдірмеді. Бұл да болса, Мемлекет басшысының қарапайымдылығынан хабар берсе керек. Президент, осылайша, үлгі көрсетті. Ендеше, біз де қарапайымдылыққа, еңбекқорлыққа қарай ұмтылуымыз қажет!