Nur Otan партиясы мүшесі игі іс жасады
Nur Otan партиясы мүшесі игі іс жасады
Алматыда «Шұғыла» қоғамдық қоры №7 қалалық аурухана мен модульдік жұқпалы аурулар госпиталіне 13 оттегі концентраторын тапсырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздегі медициналық мекемелерге қажетті дәрі-дәрмектер және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар жасалуда. Қазақстандық меценаттар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен қарапайым азаматтар отандастарымыздың өмірі мен денсаулығына  бейжай қарамай, қамқорлық танытып келеді. «Шұғыла» қоғамдық қоры ӨЖЖ (өкпені жасанды желдету) аппаратына қажетті оттегі концентраторын сатып алуға қаражат жинау мақсатында үндеу жариялаған болатын. Нәтижесінде 450 млн теңге көлемінде қаражат жиналып, 4 000 концентратор сатып алынбақ. Оның 400 данасы Алматы қаласына жеткізіледі. Бүгін бірінші кезеңде 13 концентратор екі медициналық мекемеге, атап айтқанда №7 қалалық клиникалық аурухана мен Модульдік жұқпалы аурулар госпиталіне жеткізілді. Бұл кезеңде Алматы қаласына жалпы саны 543 дана концентратор жеткізіліп, оның әзірге 83 данасы Алматының медициналық ұйымдарына табыс етілді.  width= Оттегі концентраторларын жеткізу барысында «Nur Otan» партиясының мүшесі, DacoMotorsKZ компаниясының директоры Нұрымбек Тау қазір ең бастысы барлығымыз бірігуіміз қажет екенін айтты.
«Біз медицина қызметкерлерін қолдайтын болсақ, олар біздің азаматтардың толыққанды сауығып кетуіне ықпал етеді. Біз біріккен жағдайда ғана бұл індетті жеңетін боламыз», – деді Нұрымбек Тау.
Оттегі концентраторлары емделушіге атмосфералық ауаға қарағанда жоғары концентрацияланған оттегіні беретіні баршаға мәлім. Бұл концентраторлар COVID-19, тыныс демікпесі және жүрек жеткіліксіздігі секілді ауруларды емдеуге қолданылады. №7 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Серікжан Сабыралиев бүгінде ауруханаларға осындай аппараттар аса қажет екенін атап өтті. «Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан медициналық мекемелер мен қызметкерлерді қолдау бойынша бірқатар шара жүзеге асырылып жатыр. Қарапайым азаматтарымыз да шетте қалмай қолұшын созып жатқаны қуантады. Қоғамдық қорлар мен қайырымдылық ұйымдар белсенді түрде көмектесуде. Бүгін бізге «Nur Otan» партиясының мүшесі, DacoMotorsKZ компаниясының директоры Нұрымбек Тау 8 оттегі концентраторын жеткізіп отыр. Олар оттегі жетіспеуінен ауырып жатқан емделушілерге аса қажет. Көрсетіліп жатқан көмекке алғысымыз шексіз», – деп қорытындылады С.Сабыралиев.