Бар сынаққа сынбаған...
Бар сынаққа сынбаған...
Елбасы Жарлығымен Шым­кент қаласы миллионды мега­полис болып, тарихы тереңде жатқанымен, атауы жаңа Түркіс­тан облысы пайда болды. Оның орталығы болып күллі түркі жұр­ты көз тіккен Түркістан қаласы бекітілді. Жаңа облыс орталығын дүние таңданатындай тамаша шаһарға айналдыру үшін жүйелі жоспарлар мен межелі мақсаттар түзілді. Қызу құрылыс, қайнаған тіршілік басталды. Алайда Түркістан қаласы ғана емес, тұтастай облыстың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеру бойынша қызу әрі жауапкершілігі жоғары жұ­мыс жүріп жатқан тұста Арыс қаласында ел дүрліккен апат орын алды. Жойқын жарылыс пен үрейленген халықтың жай-күйі, қираған қала тез арада тиісті шешім қабылдауды қажет ететін көріністер еді. Облыс бас­шысы Өмірзақ Шөкеев халықты бұл қырғыннан аман алып қалу­дың амалын тапты. Түгелдей қаланы эвакуациялап, қала ау­мағын 17 секторға бөліп, оған әр облыс, қалаларды жауапты ету жайлы шешімге келіп, Прези­дентке ұсыныс жасады. Тапқыр шешім Мемлекет басшысынан қолдау тауып, үрей үстіндегі үл­кен жұмыс басталып кетті. Күні-түні құрылыстың, апаттан зардап шеккен халықтың ортасында өзі жүрді. Жұмыс бір жүйеге түскен­ше Арыстың тұрғынына айнал­ды. Іскер, ізденімпаз әкімнің басшылығымен халықтың қор­қынышы сейіліп, қираған қала қарасаң көз тоймас шаһарға айналды. 2020 жыл облыс үшін ғана емес, әлем үшін әбігермен бас­талды. Дүниені дүрліктірген дерт Қазақстанды, біздің өңірді де айналып өтпеді. Облыста дертке шалдыққан тұрғындар табылып, басшылыққа олардың өмірін сақтау міндеті жүктелді. Тағы да Өмірзақ Естайұлының есті шешімдері қабылданып, жағдай көп ұзамай тұрақталды. Бұл ба­ғыттағы жұмыстар бір сәтке де облыс басшылығының назары­нан тыс қалған емес. Аурумен арпалысып жат­қанда Өзбекстандағы су қоймасы жарылып, зардабы тағы да біздің өңірге тиді. Мақтарарал ауданы­ның 5 ауылы су астында қалды. Тағы да тапқыр шешім қабылдан­баса сол кездегі жағдай аса ауыр еді. Тұрғындарды қауіпсіз аймақ­қа көшіру, ауылдарды ағын судан тазарту, апат салдарын жою, қи­раған үйлерді жаңалау жұмыс­тары бірден басталып кетті. Әри­не, бұл жұмыстардың да басында іскер әкім Өмірзақ Естайұлы жүр. Нәтижесінде Мырзакент маңынан жаңа ықшамаудан бой көтерді. Аз уақытта сап түзеген солдаттай көбейіп келе жатқан жаңа тұрғын үйлер жақында өз егелерін қуантып, есігін айқара ашпақ. Тіпті, шығынға шаш етектен батқан шаруалар да өз өнімдерінің ақысын алды. «Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегендей, облыс тағы да табиғи апатқа ұшырады. Бұл жолы бір емес, бірнеше аудан мөлшерден тыс жауған жауынның кесірінен әбігерге түсті. Қазығұрт, Бәйді­бек аудандарындағы апат жағ­дайы аса ауыр болмай, барлығы ретке келтірілді. Алайда топан судан төлебилік тұрғындар көп зардап шекті. Он ойланып, жүз толғанатын жағдай емес. Жұмыс киімін жинастырып қойып, тұрғындардың арасына етікпен барып, барлығына басу айтып, апат салдарын жоюға толықтай көмектесеміз деді Өмірзақ Шө­кеев. Әңгіме сол жердегі тұрғын­дардың көңілін жайландыру үшін ғана емес, шын мәніндегі жоспар, басқаларға берілген тапсырма еді. Шығын есептеліп, тұруға жарамсыз үйлердің құры­лысы басталып кетті. Қазір жағ­дай қалыпқа келді, тұрғын үй­лердің алғашқылары пайдалануға берілуге аз қалды. Ауру алқымнан алып, қос ау­данда төтенше жағдай жария­ланып жатқан тұста да облыс орталығының құрылысы бір сәт­ке де баяуламады. Бір тәулікте Түркістан, Мақтаарал, Төле­би­дегі жұмыстарды бақылап, басқа аудан, қала аумағындағы мәсе­лелерді шешіп жүрген Өмірзақ Шөкеев 24/7 режимінде қызу кес­темен жұмыс істеп жатыр. Осындай қарбалас үстіндегі тапқыр шешім, қатал талаптың арқасында Түркістан қаласында түсіңе де кірмейтін ғажайып ғимараттар салынып, алғаш­қы­лары ел игілігіне беріліп жатыр. Тіпті, Түркістанның іргесін­дегі Шорнақ ауылында болған бұзақылықтың соңы ұлтаралық мәселеге айналып кете жаздаған тұста да тікелей өзі басшылық жасып, оң шешімін шығарды. Тұрғындардың ортасына барып, ежелден келе жатқан қазақ-өзбек қатынасына сызат түсіргісі келгендердің әрекетінің теріс екенін, қойы қоралас қауымның ішінде мұндай дау болмау керегін де түсіндірді. Өмірзақ Естайұлы облыстың басына түскен осы қиындықтың барлығын атандай ауырсынбай бір өзі еңсеріп шықты. Респуб­ликаны дүрліктірмеді. Жүйелі жұмысымен ел сенімін ақтап келеді.  

Тельман ӘБДІБЕКҰЛЫ