Облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, ауыл тұрғындарының арасындағы жанжал учаскелік полиция инспекторының жедел әрекеті арқасында тоқтатылған. Оқиға былай болған, 21 шілде күні түнгі уақытта Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылында, яғни аталған ауылмен шектесіп жатқан Қосмезгіл елді мекенінде екі ауылдас азаматтың арасында түсінбеушілік болып, ерегістің соңы төбелеске ұласқан. Көп ұзамай жәбірленушінің үйіне бірнеше автокөлікпен белгісіз адамдар келіп, оның үйі мен көршілерінің ауласына қарай тас лақтырған. Салдарынан жәбірленушінің 3 туысы жарақат алып, ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетіледі. Осы кезде жағдайды ести сала оқиға орнына алғашқылардың бірі болып учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Құралбаев жеткен. Ол ауыл тұрғындары арасындағы түсінбеушілікті, тәртіпсіздікті тоқтатқан. Тұрғындардың қару қолдануына жол бермеген. Осылайша, учаскелік полиция инспекторының жедел әрекет етіп, дұрыс жұмыс жүргізгенінің арқасында дау-дамай, бұзақылық тоқтап, адам шығыны болмаған. Алайда өз қызметін атқару барысында полицей күдіктілер атқан тастан жарақат алып, ауруханаға жеткізілген және оған медициналық көмек көрсетілген. Оқиға болған жерге жағдайды анықтап, реттеу үшін облыс басшылығы мен басқа да құзырлы орындары жедел жетті. Сол кездері әлеуметтік желіде, әсіресе WhatsApp-тан әртүрлі ақпараттар таралып кетеді. Осыған орай, тиісті орындар жалған ақпаратқа сенбеуге және ұлтаралық кикілжіңге жол жоқ екенін айтып, даудың тұрмыстық жанжалдан туындағанын мәлімдеді. Шорнақтағы жағдай болған сәттен бастап басы-қасында жүрген облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов: «Тұрмыстық төбелестің соңы ғаламдық хайпқа ұласпасын! 20 шілде күні ішімдік ішкен азамат өз ауылдасына қоқан-лоққы көрсеткендіктен, екі тараптың арасында төбелес басталған. Төбелесті тоқтатпақ болған учаскелік полицияға да тас тиген. Бұзақылар ұсталып, оқиғаның мән-жайы анықталды. Екі жақтың азаматтары да уақытша қамау изоляторына қамалды. Кімнің кінәлі екенін енді сот шешеді. Арада екі күн өткен соң әлеуметтік желіде қатысушылардың бірі түсірген бейнетаспа жарияланып, әлеуметтік желі қолданушылары арасында ұлтаралық қақтығысқа үндеген жазбалар да көбейе бастады. Бүгін бесінші күн қатарынан Шорнақта жүрген адам ретінде айтарым, бұл елдімекенде жағдай қалыпты. Тыныш. Ұлтараздық алауыздықты туындату қылмыстық жауапкершілікке жататынын ескертемін» – деп әлеуметтік желіде жазды. «Арандатушылар әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздік жасауға шақырып, жалған ақпараттар таратқан. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Ауылдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері өз жұмысын күшейтті. Қазір жағдай тұрақты», – дейді полиция басшылығы. Бұл үшін заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертуде. Түркістан облыстық ПД бастығы генерал-майор Қайрат Дәлбеков: «Төбелестен төрт адам жапа шекті. Оның үшеуі ауыл тұрғыны болса, тағы бірі – полицей. Учаскелік инспектор тәртіп бұзғандарды тыныштандырмақ болған кезде бұзақылар оны таспен ұрған. Сонда да ол алған жарақатына қарамастан, төбелесті тоқтатты. Ал зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетілді. Бұл оқиғаға қатысы бар деген 4 азамат ұсталды. Оның екеуі соттың шешімімен қамауға алынды. Әлеуметтік желілерде осы жағдайға байланысты түрлі ақпарат тарап кеткенін айтқым келеді. Олар шындыққа жанаспайды», – деді. Осы жағдайға байланысты облыс тұрғындары да өздерінің алаңдағанын айтып, пікірлерін жеткізді. «Қазір бет тырнасып, жаға жыртып, төбелесетін кез емес. Керісінше жабыла жұрт болып, мына пандемия індетімен күресіп, амандығымызды сақтауды ойлайтын уақыт», – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Бекжігіт Сердәлі. Бекжігіт Кенжебекұлының айтуынша, қазіргі ғылым мен ақпараттың және әлеуметтік желілердің дамыған заманында кез келген жағдайды ушықтырмай ауыздықтау үшін дер кезінде бұқараны нақты мәліметтермен хабардар етіп, жіті қадағалап тұрмаса болмайды. Ал енді жік-жікке бөлініп, бір-бірімен жауықтыратын жікшілдік пен ұлтаралық қақтығыстарға бой алдыру деген, ол мемлекеттік тұрғыдан алғанда құрдымға кетумен бірдей. Әрине, ондай келеңсіздіктер болған жағдайда арнайы құзырлы органдар айналысады, қылмыс жасағанды жазалайтын заң бар. Сондықтан қалай болғанда да, ел ішіне іріткі болатындай келеңсіздіккке жол берілмеуі қажет. Қазір әлеуметтік желінің желдей есіп тұрған кезі. «Сәл нәрсені анық-қанығына бармай-ақ, қаулатып, отқа оранғандай етіп ушықтыратын кездер жиі кездесуде. Оның арты үлкен өкінішке дейін апарып жатады. Сондықтан бұл тұрғыда ресми орындар ақпараттар сан түрлі болып құбылып, өрттей қауламай тұрғанда дер кезінде мәлімет беріп үлгерсе дұрыс», – дейді Бекжігіт Сердәлі. Шорнаққа барып, жұртпен кездескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жағдайға байланысты барлық шара қолға алынғанын және жағдайдың тұрақталғанын жеткізді. Полиция департаментінің мәліметінше, қазір жанжалдың неден шыққаны, барлық мән-жай тексеріліп жатыр. Бұзақылық фактісі бойынша тергеу жумыстары жүргізілуде. Бүгінде жағдай тұрақталғанмен, тәртіп сақшылары ауылды қадағалап, бақылауда ұстап тұр.
Телман БЕЙСЕН Түркістан облысы